Бейбарыс ауылының тұрғындарына құқықтық кеңес берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылуда. Халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамдағы ең өзекті мәселелермен танысу, олардың заң аясында шешімін табуына ықпал ететін шаралар легі Махамбет ауданында жиі өтіп тұрады.

Жуырда облыстық Әділет департаментінің ұйымдастыруымен Бейбарыс ауылының тұрғындарына құқықтық кеңес беру мақсатында сала мамандары бас қосты. Ашық диалогтық кездесуде жергілікті тұрғындардың көкейіндегі сауалына құқықтық кеңес берілді.

Аталған шараға  қатысқан Атырау облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы, процессингтік орталығы, адвокат, нотариус, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы, «Отбасы банк» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының өкілдерінен құрылған білікті мамандар құқықтық көмек көрсетті.

– Біздің департаменттің бастамасымен өтіп жатқан кездесу өткен жылдың соңында басталған болатын. Құқықтық кеңеске мұқтаж шалғай ауылдың тұрғындарына тегін кеңес беріліп келеді. Қордаланып қалған түйткілдер, төтеннен келген жағдайлар шұғыл шешім қабылдауға міндеттейді. Президенттің үнемі назар аударатыны осы – əр мемлекеттік қызметші ең алдымен, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оларды дереу шеше білуі тиіс. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады,- дейді облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Бейсен.

Азаматтарға тегін құқықтық қолдау танытқан тәжірибелі мамандардың кеңесіне қатысушылардың басым көпшілігі еңбек даулары, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, тұрғын үй мәселесі, мұрагерлік іс, шетел автокөліктерін тіркеу, пай жарнасы мәселелері бойынша жүгініп, толғандырған сұрақтарына толық жауап алды.

Мысалы, ауыл тұрғыны Аясофия Қалиеваға тиісті қызмет құрылымдарының өкілдері «Отбасы банктен» депозитті ашуды және облыс орталығынан тұрғын үйге қалай қол жеткізудің жолдарын түсіндіріп, одан кейін қандай мекемелерге жолығатынын анықтап көрсетті.

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT