Құс тұмауы қаншалықты қауіпті,жұғу жолдары,сақтану шаралары.
Махамбет ауданы бойынша құс өсірумен айналысатын 1 нысан, яғни «Алмалы құс» ЖШС құс фермасы тіркелген. Құс фермасында қазанның біріне дейін 115 550 дана тауық және 56 000 дана балапан есепке алынған. Фермадағы құстарды құс тұмауынан алдын алу бағытында алдын ала ветеринариялық эксперттік зерттеліп, қатаң карантин енгізілген.
Ветеринария саласы мамандарының мәліметіне сүйенсек, ауданда құс тұмауының алдын алу үшін 5200 вакцина беріліп, күні бүгінге оның 98 пайызы аудан тұрғындарының иелігіндегі 4600 тауық, 200 үйрек, 400 қаз екпемен қамтылып отыр.
Құс тұмауы вирусының таралуы жабайы құстардың көктемге және күзге ұшу бағытына байланысты. Тұмау адамдардың ауру құстармен қатынасы кезінде көздің шырышты қабығына, тыныс алу жолдарына шаң-тозаңның түсуі, құс етін бөлшектеу, мамығы мен жүнін түту, етін өңдеу кезінде жұғуы мүмкін.
Адамдағы белгілері:
- маусымдық тұмауға ұқсас болып келеді, бірақ әлдеқайда ауыр түрде өтеді;
- дене қызуының жоғарылауы;
- жөтел, тамақ ауырсынуы, көзден, мұрыннан су ағу, тыныс алу жолдарының қиындауы, адам өміріне қауіпті асқынуларға жүрек, бүйрек, өкпенің қабынуы.
Әрбір адам құс тұмануынан сақтану шараларын білуі қажет:
- құстардың арасында ауру белгілері байқалған жағдайда жедел түрде жергілікті ветеринар қызметкерлеріне, медицина, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына хабарлап, ауырған кұсты дереу оқшаулау;
- ауырған құстарды, өлекселерді жедел түрде өртеп немесе терең көміп, тұрған орындарын тазалап, залалсыздандыру шараларын жүргізу;
- тірі құстарды, олардың өнімдерін тасымалдауда, сақтауда, сатуда ветеринариялық-санитариялық ережелерді қатаң сақтау;
- құс етінен, жұмыртқадан тағам даярлағанда толық пісіріп жеу (еттің ішкі температурасы +70 градустан кем болмауы керек)
- құс тұмауының белгілері біліне бастаса дереу дәрігерге қаралу. Шет елдерден және құс тұмауы тіркелген аудандардан құс өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған.
Құс еті мен құс өнімдерін, шыққан жері белгісіз көше саудагерлері мен ветеринариялық құжаты жоқ жерлерден алуға мүлде болмайды.
С.ҚАБАЗОВА,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау
басқармасы бас маманы
Сурет:дереккөз