Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев Ақтоғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Олардың көкейінде жүрген ұсыныс-пікірлерін тыңдап, елді-мекеннің проблемалық мәселелерін көтеріп, олардың шешілу жолдарын қарастырды.
«Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында ауылдық бюджет есебінен балалар ойыны алаңында жаңа ойын бұйымдарымен толықтырылды. Сондай-ақ Ақтоғай ауылында 150 орындық жаңа мешіт пайдалануға берілді. Мешіт «Бастау Констракшн» компаниясының демеушілігімен салынған. Сонымен қатар «CASPI-TRADE» жеке кәсіпкерінің М.Өтемісұлы көшесінің бойына 9 дана түнгі көше шамдары демеушілікпен орнатылды.
– Ауыл тұрғындары өткен жылы жобаға енбей қалған ауылішілік және кірме жол құрылысын, көшелерді жарықтандыру желілерінің құрылысын салуды сұраған болатын. Ақтоғай ауылының кірме жолының жұмыстары 2023 жылға жоспарланды. Ал ауылдағы қалған ауылішілік жолдарын салу үшін осы жылы аудандық бюджеттен жобалау сметалық құжаттама жасақтауға қаржы қаралып, аталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша тиісті бөлім арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, «ИгілікСтройПроект» ЖСШ жеңімпаз болып анықталған болатын. Алайда қазіргі таңда аудит қорытындысымен конкурстың күші жойылғандығы анықталып отыр,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Су тазарту қондырғысын уақытша сенімгерлікке алып отырған жеке кәсіпкер Н.Зейінов тұрғындарды тұрақты түрде қамтамасыз етуде. Таза су мен жазғы су желісі бірқалыпты жұмыс жасайды, қалған елді мекендерге автокөлікпен тасымалданады. Ауыл бойынша таза суға 148 үй, жазғы суға 89 үй және мекемелер қосылған. Су уақытымен беріліп отыр. Ал Бақсай су айдынын ашып, су келуін қамтамасыз етуді және бөгет ашылған жағдайда сумен келген балықты қайта Жайыққа жіберуді сұраған ауыл тұрғындарының ұсынысы қабылданбады.
– Аталған су айдыны Ақтоғай ауылдық округіне тиесілі емес. Қазіргі жер телімінің иесі азамат Е.Кульчиков 2021 жылы мамыр айында сатып алған. Сол жылы аталған су айдынында көп мөлшерде балық қырылу фактісі орын алған болатын. Осыған орай Е.Кульчиков орын алған жағдайды қайталамау және балық қырылуына жол бермеу мақсатында су айдынының аузын бітеген. Алайда белгісіз азаматтар жыраның аузын ашып, аталған су айдынына толық су құйылды. Су айдыны Жайық өзенінен үзілген уақытта су табаны астында қалып қойған балықтардың қырылуын болдырмау шаралары қолға алынып, қалған балықтарды Жайық өзеніне тірі күйінде жіберу жұмыстары жүргізілді,- деді аудан әкімі.
Ақтоғайлықтар азық-түлік, дәрі-дәрмек бағаларын комиссиямен тексеру қажеттігін айтқан еді. Осы орайда Махамбет ауданы әкімдігінің жанынан 2022 жылдың 7 ақпанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылып, жұмыс жасауда.
– Әр аптаның сәрсенбі күні бағаларға мониторинг жүргізіліп, нәтижесі облыстық кәсіпкерлік басқармасына жолдануда. Қазіргі таңда баға тұрақты. Жалпы өткен жылдың ІV тоқсанындағы нәтижемен салыстырғанда баға 10-15 пайызға төмен түсті. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында әр аптаның сенбі күні жәрмеңке ұйымдастырылуда. Жәрмеңкедегі азық-түлік тауарларының бағасы дүкендермен салыстырғанда 5-10 пайыз төмен. Одан бөлек, дүкен иелерімен «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес азық-түлік бағаларын 15 пайыздан өсірмеу бойынша түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасаған аудан әкімі алда шешімін күтіп тұрған мәселелерге де баса назар аудару керектігін айтты. Биыл жаңа мөлтек ауданға таза су мен жазғы су тарту мақсатында жаңа құбырлар тарту жұмыстарына, жаяу жүргіншілер жолын салуға ЖСҚ жасақталады. Сонымен қатар мектеп жанынан жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңы мен тренажер алаңын салу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша құрылыс жұмыстарын аяқталуы қажет. Ө.Атамбаев және Бала Ораз елді мекендері тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Ауыл тұрғындарының проблемалық мәселелері аудан әкімдігінің және ауылдық округ әкімінің жеке бақылауында болатындығын айтқан Қайрат Нұрлыбаев ауылдық әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бірлесе қызмет етуге шақырды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ