- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 21
Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, «Жаңа қоғамдық этика: мәдениет, әдеп, әдет» атты республикалық форумға қатысты. Бұл – Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында конституциялық органның өңірлерде өткізген алғашқы іс-шарасы. Диалог алаңында мыңнан астам қоғам өкілі, белсенді аналар мен сарапшылар бас қосты.
Алдымен Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді. Президент республикалық форумының ашылуымен құттықтап, Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан алқалы жиын ұлттық тәрбие мен қоғамдық мәдениеттің сабақтастығын дәріптейтін маңызды іс-шара екенін атап өтті.
«Конституция – еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашатын қастерлі құжат әрі халқымыздың жаңа дәуірдегі болмыс-бітімін айқындайтын темірқазық. Сондықтан бәріміздің алдымызда тұрған аса маңызды мақсат – Конституциямыздың басты құндылықтары мен маңызын халық арасында, әсіресе, жастарға жан-жақты түсіндіріп, кең ауқымда дәріптеу. Өйткені, қазіргідей құбылмалы, тұрақсыз және күрделі уақытта мемлекеттігіміздің мыңдаған жылдық тарихы мен дәстүрін жадымызда сақтай отырып, жұртымыздың бойына озық ойлы ұлтқа тән игі құндылықтарды сіңіру аса өзекті міндет саналады» – делінген құттықтауда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өркениетті ел болу қастерлі Отанымыздың мүддесі үшін тұтас қоғам болып табанды еңбек етуден басталатынына ерекше мән берген. Себебі, еңбекті қадірлейтін қоғамның азаматтары әр іске зор жауапкершілікпен, жанашыр жүрекпен және адал ниетпен қарайтыны сөзсіз.
«Біз тұтас қоғам болып «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолға алдық. Бүкіл ел бойынша тазалық іс-шараларын жүргізіп, осы қасиетті ұғымның терең мағынасын жұртымыздың, әсіресе, жастарымыздың санасына сіңіре бастадық. Осылайша, тазалық ұлт болмысының ажырамас бөлігіне, халқымыздың мызғымас құндылығына айналуда. Біз заң мен тәртіп үстемдік құратын, білім мен ғылымға, инновацияға баса мән беретін, бірлігі бекем, Әділетті, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы маңызды миссияны жүзеге асыруға мемлекеттік мекемелермен қатар, тұтас қоғам, яғни әр отбасы, әр азамат, сондай-ақ қоғам белсенділері, ұстаздар қауымы және еріктілер күш біріктіріп, белсене атсалысуы керек. Бүгінгі басқосуда айтылатын ұтымды ұсыныстар мен тың идеялар осы мақсат-міндеттерді іске асыруға ықпал етеді деп сенемін», – делінген Президент құттықтауында.
Ерлан Қошанов өз сөзінде Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндеттерді іске асыруда Халық Кеңесінің белсене атсалысатынын атап өтті. Конституциялық консультативтік органның басты миссиясы – жұртшылықты Президент реформалары мен бастамалары төңірегінде топтастыру.
«Бүгінгі әңгіме – Отан мен отбасы туралы әңгіме, болашақ туралы әңгіме. Әдеп пен әдет, қоғамдық этика арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру туралы кеңес. Конституциямен бірге қоғамның сана-сезімі мен дүниетанымында да терең әрі маңызды өзгерістер орын алып жатыр. Президент әрбір қазақстандықтың туған тілін құрметтейтін, салт-дәстүрін сақтайтын, үлкенді сыйлап, білімге ұмтылатын, сонымен қатар әлемге ашық азамат болғанын қалайды. Осы қасиеттер отбасындағы тәрбиеден басталып, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттары арқылы қалыптасуы тиіс», – деді Е. Қошанов.
Халық Кеңесінің Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары жеті жыл ішінде ел өміріне елеулі өзгерістер әкелгенін айтты. Жаңа экономикалық саясат экономиканы әртараптандыруға, әлеуметтік әділдікті нығайтуға мүмкіндік берді. Кейінгі жеті жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181,7 млрд доллардан 306 млрд долларға дейін өсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9,8 мың доллардан 15 мың долларға жетті. 25 мың шақырым жол салынды. 1 300 жаңа мектеп бой көтерді, «Келешек мектептері» жобасы аясында 217 мектеп салынды.

Президент бастамасымен тәуелсіздік жылдарында бұрын-соңды болмаған ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бүгінде Қазақстан экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік, мәдени-рухани тұрғыда да дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда.
«Осы жаңғыру үдерістерінің шарықтау шегі – жаңа Халық Конституциясы. Онымен бірге бүгінде адамдардың жүрегі мен санасында терең әрі маңызды өзгерістер орын алуда. Реформалар елімізді бүгін өзгертсе, құндылықтар оның елу жылдан кейін қандай болатынын айқындайды. Сондықтан Президент күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс қоғамдық құндылықтар мен бағдарларды жүйелі түрде қалыптастырып келеді», – деді Ерлан Қошанов.
Отырыс барысында форум қатысушылары тәрбие мәселесі, қоғамдағы адамгершілік құндылықтардың рөлі, білім беру және кітап оқу мәдениетін дамыту сияқты бірқатар маңызды мәселені ортаға салды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева әскери бөлімдердегі моральды-тұрмыстық жағдайларды жақсарту мәселесін көтерді.
Бұл бағыт Халық Кеңесінің жұмысы аясында одан әрі жалғасын табады. Әскери бөлімдердегі жағдайды зерделеп, әскери қызмет өткеруді кезең-кезеңімен жақсарту шараларын айқындау жоспарланып отыр.
Тағы бір маңызды мәселе – жастарды жұмыспен қамту. «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арман Түлкібаев сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасуға көмектесетін «JOLTAP» жобасын іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Осы тәжірибені кеңінен қолдану перспективаларына, соның ішінде ауыл жастарының кәсіби білім алып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге мән берілді.
Кездесу барысында Халық Кеңесінің мүшесі, Республикалық Аналар алқасының төрайымы Назипа Шанаи және Құрылтай депутаты Снежанна Имашева мен облыс басшылығы да сөз сөйледі.
Сонымен қатар «Наири» ҚР армян мәдени орталықтарының қауымдастығы» ЗТБ Аналар алқасының төрағасы Татьяна Мурадян қоғамдық этика туралы сөз қозғаса, «Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақбаян Жакипова әйелдер құқығын қорғау мәселесін көтерді. Ал қоғам қайраткері, ауған этномәдени бірлестігінің мүшесі Анна Мохаммад адал азамат туралы өз пайымымен бөлісіп, Амангелді ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлсім Искалиева кітап оқитын ұлт мәселесін қозғады.

Форум мемлекет пен қоғам арасында ашық пікір алмасу алаңына айналды. Алқалы жиын қоғамдық құндылықтарды нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамдық әдепті қалыптастыруға бағытталған ел дамуының стратегиялық бағыттары мен нақты бастамаларды ұштастырды.
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 14
Адам үшін туған жердің орны бөлек. Оның әр көшесі, әрбір тал-терегі мен таныс соқпағы жүрекке жақын. Сондықтан туған өлкені таза ұстау – жай ғана қоғамдық жұмыс емес, елге деген құрметтің, азаматтық ұстанымның белгісі.
«Таза Қазақстан» бастамасы осы құндылықтарды жаңғыртып, жұртшылықты игі іске жұмылдырып келеді. Махамбет ауданында ұйымдастырылатын тазалық және абаттандыру шаралары да елді мекендердің көркін жақсартуға, тұрғындардың ортақ іске деген ықыласын арттыруға бағытталған. Мұндай жұмыстарға әртүрлі буын өкілдерінің қатысуы қоршаған ортаға жанашырлық танытудың ортақ міндет екенін аңғартады.
Дегенмен туған жерге қамқорлық белгілі бір күнмен немесе арнайы ұйымдастырылған шарамен шектелмеуі керек. Өз ауласын таза ұстаған, көшеге қоқыс тастамаған, көшет отырғызып, оның күтіміне көңіл бөлген адам да ел игілігіне үлес қосады. Осындай шағын істердің өзі ауыл өміріне оң өзгеріс әкеледі.
Тазалыққа деген көзқарас – адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігінің бір көрінісі. Айналамызды күтіп ұстау арқылы біз бүгінгі өмір сүріп отырған ортамызды ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да болашағын ойлаймыз. Туған жерге жанашырлық сөзбен емес, нақты іспен дәлелденеді.
Г.СӘДУАҚАСОВА
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 19
Ағымдағы жылдың 13 қазан күні Мақат кентіндегі Мәдениет үйінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ: Саналы ұрпақ – қауіпсіз қоғам» атты форум өткізілді.
Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері, аудандық аурухананың нарколог-психолог дәрігері, “Naiza 85” лигасының жеңіл салмақтағы чемпионы Саясатов Еламан, №76 Л.Шахатов атындағы орта мектеп директоры, Ы.Алтынсарин атындағы құрметті төсбелгі иегері, педагог- шебер, педагогика ғылымдарының магистрі, LS Академиясының негізін қалаушы Л.Гумарова, тиісті мекеме өкілдері және аудан жастары қатысты.

Форум аясында арнайы мақсаттағы Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері мен полицияның қызметтік-іздестіру робот-иті де таныстырылды. Мамандар заманауи қызметтік мүмкіндіктерді көрсетіп, жастардың қызығушылығын арттырды.
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 18
Атырау облысы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жас қызметкерлермен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік тәртіпті сақтау мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Кездесу барысында заң талаптарын сақтау, қызметтік міндеттерді адал орындау, әдеп нормаларын ұстану және қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, жас қызметкерлер Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне барып, мекеменің жұмысымен танысты. Сапар барысында қызметтік міндеттерді орындау тәртібі, тәртіп талаптарын бұзу және заңсыз әрекеттердің салдары түсіндірілді.
Іс-шара қызметтік тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 22
Атырауда жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында абаттандыру қағидаларын бұзудың 5 110 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 286 дерегі тіркелді.
Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 94 тұлға бір жыл ішінде осыған ұқсас әрекетті қайталап жасаған. Барлық дерек бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Мәселен, 11 қазан күні сағат 16:21 шамасында Атырау қаласындағы Азаттық көшесінде 1974 жылы туған ер адам қоқыс қалдықтарын шығарып, абаттандыру қағидаларын бұзған.

Сонымен қатар, 28 қыркүйек күні Құрманғазы ауданының Қыдыр ата көшесіндегі үйлердің артында орналасқан қоқыс контейнерлерінің уақытылы тазаланбағаны анықталды. Аумақты күтіп ұстауға жауапты мекемелердің бірі өз міндеттерін тиісінше орындамағандықтан, контейнерлер шамадан тыс толып, тұрмыстық қалдықтар айналаға шашылған.
Тексеру нәтижесінде аталған мекеменің абаттандыру қағидаларын бұзуды бір жыл ішінде қайталап жасағаны анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 20
Президентіміздің «Таза Қазақстан» акциясы экология саласындағы ауқымды жалпыұлттық қоғамдық қозғалысқа айналды. Мемлекет басшысы тазалықты қоғамдағы мінез-құлық нормасына айналдырып, экологиялық білімге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Халқымыздың «Тазалық – саулық негізі» деген даналық сөзі қоршаған ортаны қорғаудың маңызын айқындайды. Тазалық тек жеке бас гигиенасымен шектелмей, күнделікті тұрмысымыз бен табиғатқа деген жауапкершілігімізді де қамтиды.
«Таза Қазақстан» – тек ағаш отырғызу мен аумақтарды тазарту емес, азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Ол қала мен ауыл тұрғындарын, еріктілерді, жастарды және түрлі ұйымдарды ортақ мақсатқа біріктірді.
Акция аясында еріктілер де белсенділік танытып, Құрманғазы ауданындағы тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосып келеді. Әрбір азаматтың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы – таза әрі көрікті ел қалыптастырудың негізі.
Табиғатты қорғау, су мен электр қуатын үнемдеу, қоқысты сұрыптау және қоғамдық орындарды таза ұстау күнделікті әдетке айналуы тиіс. Өйткені экологиялық мәдениет әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.
Айнагүл Күнұзаққызы



