Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасы аясында ауыл мектебі оқушыларының арасында талантты әрі қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы өткен-ді.
«Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткен білім додасына ауыл мектептерінің 5-6 сыныбында оқитын 300 мыңнан астам оқушы қатысты. Білімділер сайысына махамбеттік балғындар да бағын сынаған болатын.
Олимпиаданың бірінші, яғни сырттай кезеңінде 2019-2020 оқу жылының І және ІІ тоқсанындағы математика, жаратылыстану, информатика, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері үлгерімінің нәтижесі бойынша іріктелді. Ұпайлары ең жоғары болған Махамбет ауданының 21 оқушысы ІІ кезеңге жолдама алған болатын.
«Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай, сондай-ақ бейнебақылаумен жабдықталған жағдайға Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде өтті. Қорытындысында 14 күн өткен соң www.fpp.kz интернет-ресурсында жарияланған нәтижеге сәйкес Махамбет ауданының 10, оның ішінде 5-сыныптың алты және 6-сыныптың төрт оқушысы жеңімпаз атанған 1000 баланың қатарынан табылды. «Мың бала»-ның жеңімпаздарын марапаттау салтанаты аудан әкімдігінде өтті. Жеңімпаздарды арнайы құттықтаған аудан басшысы жастардан болашақта зор үміт күтетіндігін айта келіп, «Нұрсұлтан Назарбаев» қорының атынан диплом мен ноутбук құрылғысын табыстады.
- Жалпы біздің ауданның ұстаздары да, олардың шәкірттері де қай сайыста болмасын жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар алып келеді. Олимпиададан орын алып, ауданымыздың мақтанышына айналып отырған сіздерден болашақта зор үміт күтеміз. Еліміздің даңқын асқататар тұлға болып қалыптасуларыңызға тілекшімін. Баршаңызды құттықтаймын. Алдағы уақытта да биік жетістіктерге жетеді деген сенімдемін,- деді аудан әкімі Ж.Ахметов.
Айта кету керек, елімізде ауыл мектептерінің оқушыларын қолдау бағытында білім сайыстарын жүйелі түрде өткізу қолға алынғандығына «IQanat», «Ел Үміті» олимпиадалары дәлел бола алады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ