Әсемгүл АЛЕКСАНДРҚЫЗЫ: «Салт-дәстүрді берік ұстанамыз»

Әсемгүл АЛЕКСАНДРҚЫЗЫ: «Салт-дәстүрді берік ұстанамыз»

Салт-дәстүрдің сырын анамнан үйрендім.

Туып-өскен жерім – қасиетті Қызылқоға топырағы. Білім алған мектебім – ҰОС-ның батыры Шүкір Еркінов атындағы орта білім ошағы. Қазақ тілінде білім нәрімен сусындап, қазақ елінің тілі арқылы тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрі мен дінін меңгердім. Әкем Беларусь жерінде дүние есігін ашып, Кеңес Үкіметі кезеңінде білім алып, қазақ жеріне маман болып жұмыс атқаруға келген. Сол сапары мәңгілік Қазақстан азаматы болып қалуына үлкен негіз болған – менің анаммен отау құруы. Қазір де әкемнің қазақ жерінде тұрғанына 60 жылдай болды. Шаңырақта көп балалымыз. Әкемнің 7 ұл-қызынан 16 немере-жиені бар.

Салт-дәстүрдің сырын анамнан үйрендім. Қазақтың салтын сақтай отыра отбасылық өмірімізде қолданамыз және үйде қазақша сөйлейміз. Әкемнің тілін түсінген жанға ол бір тылсым әлем. Жастайынан совхоздың қызметін атқара жүріп, өзі жүргізіп жүрген техникасының жанына жантая жата салып, том-том кітаптарды оқыған әкемнің өмір жолы тамаша. Білуге, білім алуға деген қызығушылығының арқасында балаларына ойыншықтармен қатар, «жақсы сыйлық – кітап» деп,сыйлап отырады. Сол арқылы бала кезден біздер де кітапқа құмар болып өстік. Алғашқы оқыған кітаптарым Кеңес Үкіметі заманындағы балаларға арналған орысша кітаптар болды. Суреті көп, ұйқасты өлең жолдарымен. Баланың танымын қалыптастыруға таптырмас кітаптар еді сол кезгі. Артынша тек қазақша кітаптарды оқыдым. Ең алғаш ертегі кітаптарды, сосын Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» деген кітабын 3 сыныпта анам қолыма ұстатып оқытқан. Сол кітапты көп оқыдым. Содан соң Батырлар жырын оқуға, жаттауға қызығушылығым арта түсті. Кейде анамның ісмерлігіне қызығып, 8 жасымнан бастап қолыма ине-жіп алып, түрлі бұйымдар тоқуды қолға ала бастадым.

asemgul30321

Бала айтқанды емес, ата-анасынан көргенді жасайды емес пе?! Сол кездегі қым-қуыт ауыл тіршілігімен отбасының ұйытқысы бола жүрген әйел үшін шам жарығымен тоқуыш тоқу, түрлі кітаптар оқу, газеттердің құлаш-құлаш бетін үңіле отырып оқу – қазіргінің келмеске кеткен көрінісі іспетті. Ал сол картинаны соңғы көрген менің құрдастарым шығар мүмкін. Сол арқылы иісі өткір газеттердің ұсақ жазуын әкем мен анам көрмей отырған шығар деп, таңдайым кеуіп қарлыққанша оқитыным әлі есімде. Әсіресе, үйімізге келген қонаққа жерден жеті қоян тапқандай тақылдай оқып, сарната түсетініміз тағы бар. Қызық. Сөйтіп, балалықпен үлкендердің назарын өзімізге аудартамыз деп газеттің әр санын қалт жібермейтініміз есімде. Мен үшін анам арнайы «Айгөлек» балаларға арналған республикалық журналы мен «Балдырған» балалар журналының бір жылдық санына жазылатын. Сол кезде мен «Айгөлек» журналына салған түрлі суреттерімді жіберген болатынмын. Алайда бір ғана суретім жарыққа шықты. Осының бәрі – менің алғашқы балалық қуаныштарым, менің жақсы адам болып қалыптасуыма бірте-бірте жол ашты деп ойлаймын. Әдебиет әлеміне сапарым туған жерімнің төл тұлғасы Ғабдол Слановтың «Дөң басқан» шығармасымен және Х.Досмұхамбетұлының еңбектерімен танысу арқылы жалғасын тапты. Мұқағали Мақатаевтың махаббатқа толы жырларын сыныптастармен жарыса оқып, жаттағанымыз есімде. Ұлтын оятып, жиырма жасында ұрандаған Міржақып Дулатовтың мына бір жырларымен поэзияға біртабан жақындадым:

Алыстан алаш десе, аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.

Болғанда атам қазақ, шешем қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын,- деген рухты жырды оқу арқылы қазақ тіліне, тарихына деген сүйіспеншілігімді намысты түрде қалыптастырдым деп ойлаймын осы күндері.

a

Түрлі мемлекеттік тіл мәртебесін шын көтеру мақсатында бірнеше шараларда төбе көрсеттім. Мектеп табалдырығында жүрген кезден бастап алғашқы ұстазымның жетекшілігімен көркемсөз, мәнерлеп оқу, ән айту, эссе жазу сынды сайыстар мен байқаулардың жүлдегері атандым. Бертін келе студенттік жылдары жалғасын тауып, облыстың атынан республикалық байқаулардың жүлдегері атанып, туған жерімнің мәртебесін көтеруге тырыстым. Ең айтулы жетістіктерім – Абай оқуларының аудандық, облыстық, республикалық Гран-При иегері болуыммен қатар «Достық аруы – 2016»-да Гран-При, алтын тәж және «Наурыз аруы – 2018»-де 2 орын, күміс тәж иегері атануым. Түрлі ақын жазушылардың мерейтой жылдарында арнау шығарып, жырларын мәнерлеп оқып, облыстық бірнеше шаралардың өтуіне өзіндік үлес қостым. Мұндағы менің мақсатым – түрлі шараларға қатысып, жүлделі орын алу емес, ең басты мақсат –тілді насихаттап, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге деген кішкентай да болса үлес қосу.

Қазіргі уақытта Талдыкөл орта мектебінің қолөнер үйірмесінде қызмет атқарудамын. Үйірменің маңызын жіті түсіндіре отырып айқын мақсатпен жұмыс жасаймыз. Баламен жұмыс жасау үшін ең алдымен өзім де сол баланың ойлау қабілетімен, танымдық талғамына сай іс-әрекеттермен кез келген тақырыпты жеңіл әрі тез қабылдап алуға арнап жұмыс жасаймын. Сондықтан мен баламен жұмыс жасауда аса бір қиындықтар бар деп есептемеймін. Алайда мамандығыма жауапкершілікпен қарау арқылы оқушыларға талап пен міндетті қатаң ұстанамын.

Алғаш жұмыс барысында көрген оқушы маған орысша амандасатын еді. Танысу сабағы өткен күні «Неге есіміңізді қазақша қойған, сіз орыс емессіз бе?» деп сұрап та, айтып жатқан оқушылар болды. Мен ол сұрақтарға сәл езу тартып қоятынмын. Қазір оқушылар маған үйренді, мен оқушыларға үйрендім. Сондықтан түріме қарап,тосырқап, тілі күрмелетін жағдайлар туындамайды. Еркін ойын қазақша, тіпті қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын да көне атауы бойынша атап, көрсетіп жатқанда кейбір оқушылардың өзі таңғалып, «Ол қандай сөз апай, ол не сонда, қалай қолданамыз?» деген сұрақтарды жиі қойып та жатады. Сондай білуге құштар, талапты оқушыға айтып отыра көрсетемін, көрсете отырып қолдан жасау техникасын үйретемін. Сонда оқушылардың қызығушылығы біріншіден сол бұйымды жасауға бұрылса, екіншіден «сіз орыс ұлтының өкілі бола тұра осындай сөздерді қайдан білесіз?» деп, таңданысын жеткізіп те жатады.

Ерке көктемнің алғашқы күнінен бастап көңілге шырай беріп, жақыныңа мейірім, қуаныш сыйлайтын бұл мерекенің біздің мемлекетімізде арнайы датасы Алғыс айту күні болып жарияланғаны үшін мен асқан ризашылығымды осылай білдіргім келеді.

Әсемгүл АЛЕКСАНДРҚЫЗЫ,

педагог, беларус ұлтының өкілі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT