Олимпиадаға қатысып, тегін оқу грантын иеленді

Олимпиадаға қатысып, тегін оқу грантын иеленді

Биыл жылғы білім ошақтарындағы қашықтықтан оқыту оқушылар мен ұстаздардың ғылыми ізденісі мен дамуына кедергісін келтірген жоқ, керісінше жетістіктер тақтасын жылдағыдай жаңартудамыз.

Жуырда ғана жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәні бойынша Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің 11-сынып оқушысы Арсений Питерский жүлделі І орынды жеңіп алған еді. Жетекшісі Меңсұлу Борановнамен бірге облыстық кезеңге тиянақты дайындалған талантты оқушымыз, наурыз айының басында өткізілген облыстық кезеңде де алған білімі мен бойындағы қабілетін дәлелдеп, тағы да І орынды қанжығаға байлады. Білім бәйгесінің марапаттау салтанатында Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры С.Идрисов:

- Арсений сынды ауылдан шыққан талапты да білімді балалар біздің ортамызға керек -, деп аталмыш оқу орнының тегін гранттық сертификатын өз қолымен табыстады.

Алда Арсенийді республикалық кезең күтіп тұр. Бір айта кетерлігі, биылғы қашықтықтан қаралған олимпиаданың ашықтығы басым болды. Себебі, қатысушылардың барлық тапсырмалары мен нәтижелері «Дарын» орталығының сайтында ашық түрде жарияланып, бағаланып отырды.

Алдағы шешуші кезеңде аудан, облыс намысын қорғағалы отырған, ұлты өзге болса да ұстанымы берік, ана тіліміздің абыройын асқақтатып жүрген оқушымызға мол сенім артамыз.

А.ҚОҢЫРШИЕВА,

Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірлестік жетекшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521