Турнир қарымды қаламгер, облысқа танымал журналист Қырықбай Бекбаевты еске алуға арналды. Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеті мен аудан әкімдігінің мұрындық болуымен өткен жарысқа 8 команда қатысып, өзара тартысты ойын көрсетті.
Қырықбай Бекбаев – Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Махамбет ауданының «Құрметті азаматы». Заманында облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің меншікті тілшісі, аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан аудан Қайрат Нұрлыбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Тулеуова жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Көзін көрген жандар Қырықбай Бекбаев жөнінде естеліктерімен де бөлісті.
- Жас кезімізде тілші болып жүргенде өлеңдерімізді газет бетіне жариялаған уақытта Қырықбай ағамыз бірнеше ақыл кеңесін айтатын. Ол осы аудандағы журналистердің дамуына, өсуіне үлес қосты. Осындай азаматтарды ұлықтаған турнирлер көбейе берсін,- деді мәдениет саласының ардагері Амангелді Есенғалиев.
Турнирге Атырау облысының ғана емес, көршілес Батыс Қазақстан облысының да командасы арнайы шақыртумен келді. Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Гүлзара Төреғалиева мұндай шаралардың маңызы зор дейді.
– Бұл жарысқа бізді арнайы шақырды. Батыс Қазақстан облысында да мұндай жарыстар өтіп тұрады. Оның үстіне аудандар құрамасы болып жиналып тұрамыз. Мұндай жарыстардың өтуі маңызды. Біріншіден, журналистер бір-бірімен танысады. Екіншіден тәжірибе алмасады. Бұл өте жақсы деп ойлаймын,- дейді Г.Төреғалиева.
Жарыс қорытындысында І орынды «Caspian News телеарнасы» командасы жеңіп алды. ІІ орын «Баспасөз» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Атырау телеарнасы» командасы қанжығаға байлады. Жарыста үздік ойын көрсеткен ойыншылар бірқатар аталыммен марапатталды. «Үздік қорғаушы» Нұркен Оразаев, «Үздік байланыстырушы» Мирас Нұрмұханов, «Үздік шабуылшы» Қуаныш Бекбергенұлы, «Үздік ойыншы» Даулет Нығметов атанды.
– Осы шараны бастаған «Жайық шұғыласы» газеті ұжымына, аудан әкімдігіне отбасымыздың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Біз осындай азаматтан, Тұрсындай анадан дүниеге келгенімізге мақтанамыз. Әкеміздің еңбегі зор. Ол кісінің берген тәрбиесін әрі қарай жалғастырып, атақтарына кір келтірмей, салып берген сара жолдарын жалғастырамыз,- дейді Гүлнар Бекбаева.
БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнирде ешкім жүлдесіз қалған жоқ. Чемпион команда 200 мың теңгеге ие болса, 2-орын иегері 150 мың теңгені еншілеп, үздік үштікті түйіндеген ұжым 120 мың теңгемен марапатталды. Сондай-ақ, үздік номинация бойынша жекелеген ойыншылар 15 мың теңгеден иеленді.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ
Облыстық "Атырау" телеарнасының меншікті тілшісі