Тәуелсіздікпен бірге нұрланған Махамбет

Ауданымызда жанды жадыратар, кісіні қуанышқа бөлер, тілге тиек, өзіңе медет етер жақсылықтар жеткілікті.

Азаттығым - айбыным!

Халқымыздың аңсаған арманы да, көксеген көкжиегі де, талай ғасырлар бойғы тілегі де тәуелсіздік болатын. Осы жолда 370-тей көтеріліс пен атыс-шабысты басынан өткеріп, соңғы 74 жыл бойы Кеңестер Одағы дейтін алып мемлекеттің қарамағындағы 15 республиканың бірі болып келген Қазақстан аталмыш Одақ ыдырағаннан кейін өз тәуелсіздігін жұмыр жерге жария етті. Сөйтіп, барша қазақстандықтар өз жеріне өзі қожа, байлығына да өзі ие егемен мемлекет ретінде жаңаша бір дәуірге қадам басты. Махамбет ауданының жұртшылығы да ел тәуелсіздігін қуана қабылдаған еді. Тәуелсіздікті алғаннан кейін жедел даму жолына түскен еліміз алдымен экономиканы көтеруге ерекше көңіл бөлді. Ірі өндіріс орындары салынып,еңбек өнімділігі артты, табыс көбейді. Тұрғын үй, жол құрылыстары, мектеп, балабақша салу жұмыстары жанданып,мемлекеттік бағдарламалар іске аса бастады.

allea151220

ЖАҢА ҚАДАМ –ЖАҢА ҚИЫНДЫҚТАР

Әрбір жаңа қадамның өз қиындығы болатындығы белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоғамның барлық саласында серпіліс, санада сілкініс қажеттілігі туындады. 1991 жылы ауданда «Ақжайық», «Бірінші мамыр»,«Жалғансай», Қазақ КСР-нің 60 жылдығы атындағы, ХХІ партсъезд атындағы, «Заурал», «Гурьев», «Бақсай», «Орал» кеңшарлары мен Гурьев ауылшаруашылық тәжірибе стансасы, «Агротехника» өндірістік кооперативі, №904 жылжымалы механикаландырылған колонна бар болатын. Бірақ шаруашылықтарды жоспарлаудың кеңестік жүйесі жаңа талаптарға сай келмейтінін өмір дәлелдеді. Елде жекешелендіру науқаны жаппай жүргізіліп, «нарықтық экономика» деген атау өмірімізге дендеп ене бастады. Дүкен сөрелерінің қаңырап қалуы, қолма-қол ақша көздерінің азаюы, жержерде жұмыссыздықтың көбеюі, жалақының айдан-айға кешіктірліп берілуі белең алды. Алайда небір қиындықты басынан кешірген, егемендіктің ертеңінің нұрлы боларына сенген халықтың болашаққа деген үміті зор болатын. Ауданда түрлі кәсіппен айналысатын шағын кәсіпорындар құрыла бастады. Нарық жүгін көтере алмаған «Гурьев» кеңшары алғашқылардың бірі болып таратылып, кәсіпкер Марат Рахатов мұнда «Раушан» шаруа қожалығын ұйымдастырды. Ал «Бірінші мамыр» кеңшары ілкіде акционерлік қоғам болып құрылымын өзгертті. Білікті басшы Аманжол Есқариев мал тұқымын асылдандыруды жолға қойып, тығырықтан шыға білді. Кәсіпкерлікке бет бұрып, қиындығына қарамастан еркін меңгергендер қатарында Б.Арыстанғалиев, Б.Габдуллин, М.Ізболов, Е.Қадыровтар болды. Сол уақыттан бастап кәсіпкерлік, шағын және орта кәсіпкерлік ұғымдары құлаққа сіңісті бола бастады.

aki151220

Жалпы ауданда әлеуметтік мекемелер, мектептер мен денсаулық сақтау, мәдениет салалары өз жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Қиын дегеннің өзінде 1993 жылдың басында Сарытоғай ауылында 624 орындық мектеп пайдалануға берілді. Нысанның құрылысын жүргізген «Ембімұнай» бірлестігі мектепке сый ретінде түрлі түсті теледидар да тарту етті. Нарық қыспағына ұшыраған алмағайып заманда жаңа ғимарат салудың өзі ерлікпен парапар еді. «Орал» совхозының директоры Дулат Ербатыров пен «Ембімұнай» бірлестігінің құрылыс-монтаж бастығы Жолдас Арыстанов мектеп директоры Серік Қапашевқа мектептің рәміздік кілтін тапсырды. Махамбет ауданының орталығында облыстағы тұңғыш «Бизнес мектеп» 1997 жылы ашылып, алғашқы сабағына облыс әкімі Р.Шырдабаев қатысқан болатын. Ал 1999 жылы құрылысы мамыр айында басталған «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені қыркүйек айында Н.Ә.Назарбаевтың қатынасуымен ашылды. Ашылу салтанатына Н.Балғымбаев, Ф.Оңғарсынова, Қ.Мырза-Әли, Қ.Қайсенов, А.Әшімов сынды танымал тұлғалар да қатынасты.

МЕРЕЙТОЙМЕН ҚАТАР КЕЛГЕН ИГІЛІКТЕР

ХХІ ғасырдың алғашқы парағы махамбеттіктер үшін ерекше жағдайда ашылды. Отын жарып, көмір тасып, пеш жағып келген олар енді көгілдір отынды пайдалана бастады. Махамбет ауданындағы газ желісінің алғашқы алауын сол кездегі облыс әкімі И.Тасмағамбетов жақты. 2000 жылы білім күні қарсаңында 624 орындық Таңдай орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, Махамбетте су тазарту стансасы іске қосылды. Таңдайдағы білім ордасының лентасын Иманғали Нұрғалиұлы мен Халық әртісі, дүлдүл күйші Қаршыға Ахмедияров қиды. Қос нысан да алғашқыда қаржы тапшылығына байланысты қаңқиып, «сақалды құрылыс» атанған болатын. Жұмыстардың уақытында аяқталуына өңірдің өркендеуіне үлесі бір төбе И.Тасмағамбетов пен сол кездегі аудан әкімі Ұ.Елеубаевтардың еңбегін атап өткен абзал.

my151220

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2002 жылы 4 сәуірде Махамбет ауданында болды. 2003 жылы туғанына 200 жыл толған азаттық жолында ақ найзасымен, асқақ жырымен қасық қаны қалғанша күрескен Махамбет Өтемісұлы атындағы ауданға келген Тұңғыш Президент алдымен аудан орталығындағы су тазарту орталығымен танысты. Соғыс және еңбек ардагері Мағзом Құлбасовқа арнайы сәлем бере барып, хал-жағдайымен танысып, оған жеңіл автокөлік мінгізді. Кейін аудандық аурухананың жаңа ғимаратын аралап көріп, денсаулық сақтау ордасының жайымен танысып, әмбебап жабдықталған жедел жәрдем көлігін тарту етті. Өз кезегінде аудан тұрғындары атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа ақбоз арғымақтың тізгіні ұстатылды. Ал қазан айы көргеннің көзін қуантар, естігеннің еңсесін көтерер елеулі оқиғаларға толы болды. Дәлірек айтсақ, Сарайшық ауылына табиғи көгілдір отын салтанатты түрде пайдалануға берілді. Аудан әкімі Ұзаққали Биалайұлы ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Қадір Қарашиннің үйінде газ плитасының ошағына көгілдір отынды тұтатты. Сондай-ақ Сарытоғай, Ақтоғай, Береке, Таңдай, Жалғансай, Бейбарыс, Алмалы, Талдыкөл ауылдарына да табиғи газ желісі тартылды. Мұның бәрі де тәуелсіздік әкелген өмір игілігі еді. Егер 2000 жылы аудан орталығында 14 үй ғана көгілдір отынды пайдаланса, қазіргі таңда табиғи газсыз отырған үйді кездестірмейсіз. 2002 жылдың соңында Махамбет ауылындағы кіреберістегі бес бірдей үй пайдалануға беріліп, бес бірдей отбасы жаңа жылдың алдында қуанышқа кенелді. Соңғы жобамен салынған жинақы да ақшаңқан, көздің жауын алар үйлерді «Танаис-К» құрылыс мекемесі салған еді. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай жаңа алаң жасақталуына байланысты үйлері бұзылуға жататын қос отбасыға және еңбек ардагерлеріне жаңа үйлердің кілттері табыс етілді.

ma151220

Батыр баба, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сол жылы 12 қыркүйекте Атырау қаласында басталған той думаны 14 қыркүйек күні ақберен батыр, ақиық ақын атындағы ауданда да сәтті де сәнді жалғасын тауып, арнайы бағдарлама жасақталып, бірқатар әлеуметтік маңызы зор нысандардың ашылу салтанаты өтті. Үлкен істердің бірі Атырау-Орал автокөлік жолының төселіп, пайдалануға берілуі болды. Сондай-ақ мұнарасы алыстан менмұндалаған «ИсатайМахамбет» мешіті мен мұражай, жабық базар, дене шынықтыру және спорт кешені жаңадан бой түзеді. Мәдениет үйі, байланыс торабы адам танымастай болып өзгерді. Бұл нысандардың баршасы Махамбет рухына бойлай да тағзым ететін, өлең-жырларын жатқа білетін аудан халқының игілігі үшін қызмет етуде. Осы тойға арнайы келген Елбасын махамбеттіктер тағатсыздана күткен болатын. Ауданға келген бойда «Исатай-Махамбет» мешітіне табан тіреген Нұрсұлтан Әбішұлы имандылық үйі мен мұражайдың лентасын қиған-ды. Осы тойда Елбасының: «Біз халықтың арман-мұратын, ұлттық мүддесін, елдің болашағын, жердің келешегін ойлағанда рухы асқар Алатаудай ақынның атына қайта-қайта орала береміз» деген сөзінде үлкен мағына жатыр. Махамбет сынды біртуар тұлғаның мерейтойының ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілуі – бұл тәуелсіздігімізге бедел қосар ел өміріндегі айтулы оқиға. Сондай-ақ 2003 жылдың соңында Сарайшық ауылында жанұялық дәрігерлік емхана ашылды. Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген емхана физиотерапевтік, диагностикалық кабинеттер УВЧ, ЭКГ, УВТ секілді жаңа медициналық жабдықтармен жабдықталған. Емхана құрылысына 34 млн. теңге қаржы бөлінсе, 4 млн. теңге қаржыға қажетті медициналық жабдықтар алынған.

ЖҮЗЕГЕ АСҚАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2007 жылы Махамбет ауылында ипотекалық несиемен тұрғын үй салу қолға алынды. 80 үй бір мөлтек ауданда шоғырланып, аудан орталығының әсем көркіне өзіндік сәулет қоса түсті. Ал 2010 жылы наурызда Мақат ауданының кейбір елді мекендері тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсарту қажеттілігіне орай облыс әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихат сессиясының шешіміне сәйкес Мақат ауданының Қошқар, Комсомол және Бекбике елді мекендері таратылып, аталған елді кеткен ағайындардың махамбеттіктерге қыз беріп, келін түсіріп, құдандалы болып отырған жайлары бар.

2010 жылы Талдыкөл ауылында 250 орындық мектептің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылының қарсаңында есігін айқара ашып, білім нәрімен сусындайтын шәкірттерге көлкөсір қуаныш сыйлады. Мектептің мектепалды даярлық, шағын орталық бөлмелері, асхана, спорт және акт залдары талапқа сай заманауи технологиялармен жабдықталған. Осы жылы Таңдай ауылында жаңадан салынған пошта үйі пайдалануға берілді. Өткен ғасырдың 30- шы жылдарының басында алғаш пайда болған пошта-байланыс нүктелерінің тұңғыштарының бірі де осы Таңдайда орын тепкен-ді. Содан бергі уақытта әр мекеменің бірер бөлмесін ғана иеленіп келген байланысшылар жаңа ғимаратқа ие болды. Тәуелсіздігіміздің арқасында сәнді де қолайлы, түгелдей заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «Қазпошта» бөлімшесі халық игілігі үшін абыройлы қызмет етіп келеді.

Жол салу жұмыстары да 2010 жылы қарқын алды. Аудан орталығындағы Ахметжанов, Харкин, Нысанбаев, Жабаев, Амангелді, «Жайық шұғыласының 50 жылдығы атындағы» және «Жеңістің 30 жылдығы атындағы» көшелерге асфальт жол төселді. «АтырауИнжДорСтрой» ЖШС ауылішілік жолдарды салу, жөндеу жұмыстарына жол құрылысшылары бригадасы ыждағатталықпен жұмылдырылды. Сонымен қатар Ө.Есмағамбетов көшесінің ескі ауруханадан бастап жаңа ауруханаға дейінгі жолы күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі күнге дейін сыр бермей тұрған сымдай тартылған жолдың төселіп, ауылға көрік сыйлағанына да он жыл болды. Ал жыл соңында Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес Махамбет ауданының орталығында 250 адам қабылдайтын емхана мен Сарытоғай ауылында 100 төсектік ауданаралық өкпе аурулары ауруханасы салтанатты жағдайда ашылды. Сарытоғайдағы мыңдаған адамның жазылуына себепші болған өкпе аурулар шипажайы кеңестік дәуірде ыдырап, тек тәуелсіздік алғаннан кейін бұл қиындықтар ұмытыла бастады. Алайда кейін іске аспай, біраз жыл қараусыз қалған өкпе аурулары ауруханасы биылғы жылы елді есеңгіреткен пандемия уақытында қалтқысыз қызмет еткеніне ел куә. Аудандық емхана да көп уақыт өтпей жөндеуді талап етіп, көңілге кірбің ұялатқан еді. Қазіргі күні ем-шара қабылдап, заманауи жабдықтармен толығып, халық денсаулығы үшін қызмет етіп келеді.

bere151220

ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ЖАҚСЫЛЫҚТАР

Қазақстандық жолдың жаңа кезеңі – экономиканы нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы жаңа міндеттерді оңтайлы шешу мақсатында 2012 жылы аудан орталығында Қазақстан Халық банкі аудандық бөлімшесінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Ғимарат әлемдік банк жүйесі талаптарына сай жабдықталып, қалыпты жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалса, қауіпсіздік шарасын қамтамасыз ету үшін бейнебақылау қойылған. Қазіргі уақытта орнатылған банкоматтарының саны көбейіп,қызметкерлер де халыққа қалтқысыз қызмет етіп отыр.

2014 жылы көктемнің көрікті мерекесі Наурыз тойы қарсаңында Алға ауылында жаңа емхана есігін ашты. Сан жылдардан бері дәрігерлік амбулатория өндірістік кооперативтің кеңсесін жалға алып, әрлі-берлі көшіп-қонып жүретін ауылдық дәрігерлер де, ауыл тұрғындары да көл-көсір қуанышқа кенелді. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы да сарабдал саясатымен «Саламатты Қазақстан-2020», «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламалары кезеңкезеңімен жүзеге аса бастады. Алға ауылында ашылған нысан заманауи қондырғылармен, емдеу құралдарымен қамтылған. Ал ауылда қызмет ететін қос маманға тұрғын үйдің кілті табысталды. Осы жылы мамырда Таңдай ауылында да типтік жобадағы дәрігерлік емхана пайдалануға берілді. Талапқа сай заманауи дәрігерлік құралдармен жабдықталған залалсыздандыру, дәрі беру, дәрігерге дейінгі байқау, әйелдерді қарау, күндізгі аурухана, бала дәрігері, ем-шара бөлмелері дертіне дауа іздеп келген сырқат жандарға есігін айқара ашты. Сондай-ақ Ақжайық ауылында да жаңа емхана ашылып, салтанатты шараға сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, су жаңа УАЗ автокөлігінің кілтін ұсынды. Тәуелсіздік алғаннан кейін аудан көлемінде жаңадан салынған алғашқы мәдениет үйі де осы Ақжайықта бой көтерді. «Бақжайық» мәдениет үйінің ашылу салтанатына да облыс әкімі қатысып, лентасын қиған еді.

aqqy151220-8

Махамбет ауданында қос бірдей қуанышты рәсім 2014 жылы қазан айында жүзеге асты. Оның бірі Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы аясында аудан орталығынан 280 орындық жаңа бөбекжай балабақшасының ашылуы болса, екіншісі «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына орай жаңадан салынған 10 тұрғын үйдің әлеуметтік сала қызметкерлеріне берілуі болды. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы ауданға арнайы келіп, «Алтын-Ай»-дың лентасын қиып, мамандарға жаңа пәтердің кілтін табыс етті. «Балапан» бағдарламасы бастау алған 2010 жылдан бері мектепке дейінгі оқыту және тәрбие мекемелері, жаңа балабақша құрылысын салу мен жөндеуден өткізу жұмыстары жүзеге асырылып, еліміздің барлық өңірінде балабақшалар ашыла бастады. Елбасы 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуын 100 пайызға жеткізу қажеттігін айтып, тапсырма берді. Ал баспана кілттері денсаулық және білім беру саласы қызметкерлеріне табысталып, бір күнде 10 отбасы қоныс тойын тойлады.

Өркениеттің өлшеміндей, өзеннің бір бөлшегіндей көпір 2018 жылы пайдалануға берілді. Жайықтың бұқар бетін жайлаған Ақжайық, Есбол, Алға ауылдарының халқы талай жыл аудан орталығына жету үшін көбіне ескі паром өткелі арқылы, кейде қаланы айналып келіп жүрді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында құрылысы бірнеше жылға созылған Жайық үстіндегі аспалы көпір салтанатты жағдайда ашылып, бұқар бет халқының «көздері ашылды». Бұл көпірдің арғы беттегі Атырау-Индер тасжолына дейінгі жалпы ұзындығы – 68 шақырым, ал көпірдің ұзындығы – 660 метр, ені – 8 метр.

Уақыт керуенінің үлкен көшіне ілескен Махамбет ауданының осыдан жиырма тоғыз жыл бұрынғы жай-күйі мен қазіргі өмір тынысын әсте салыстыруға келмейді. Жеткен жетістіктер мен жасалған жұмыстарды жіпке тізгендей қылып, айта беруге болатындай-ақ. Ауданымызда жанды жадыратар, кісіні қуанышқа бөлер, тілге тиек, өзіңе медет етер жақсылықтар жеткілікті. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Бақыттың бастау көзі болған тыныштық пен татулыққа не жетсін! Бүгінде ауданымызда жері пана, елі ана болған 19 түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Оларға Тәуелсіздіктің арқасында өз ана тілін, әдебиеті мен мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салтсанасын жаңғырта сақтауға, дінін ұстауға жағдай жасалып, мүмкіндік берілді. Осының бәрі – егемендігіміздің, ел басшыларының жүргізген сындарлы саясатының жемісі.

Алдымызда биік белестер тұр. Көпұлтты Отанымыздың өркендеп, көркейіп-гүлденуіне үлес қосу – баршамыздың борышымыз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT