Мереке қарсаңында баспаналы болды.
Ел тәуелсіздігінің 29 жылдық мерекесі қарсаңында Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы қос отбасыға пәтер кілттері табысталды. Жалдамалы баспананың бірі жергілікті көпбалалы отбасыға берілсе, екіншісі «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен оңтүстік өңірден қызметке келген жас отбасыға берілді. Пәтер кілттерін табыстау салтанатына аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш, аудандық аурухана директорының орынбасары Е.Қуанов, ауыл тұрғындары қатысты.
Арасын қабырға ғана бөліп тұрған үйлер заманға сай салынған. Газ, жарық, су бәрі түгел келіп тұр. Жалпы ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуы жақсы жолға қойылған. Жыл басынан бері 50-ге жуық көпбалалы отбасыға пәтер кілттері табысталды. Қызмет бабымен келгендерді де, осал топ және ата-ананың қарауынсыз қалғандарды да баспанамен қамту бойынша жүйелі жүргізіліп келеді.
- «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып, сатып алынып жатқан үйлердің бәрі де кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, осал топ санатындағыларға, мұқтаж жандарға берілуде. Өткен айда Сарайшық,Ақжайық ауылдарындағы көпбалалы отбасыларға берілсе, алдағы уақытта Талдыкөл, Махамбет, Бейбарыс ауылдарында да үй беру жоспарда. Бүгін жаңа қоныс иелерін құттықтай отырып, іші ырыс пен берекеге, шаттыққа толсын деп тілеймін,- деді аудан әкімінің орынбасары З.Жаңабайұлы.
Жаңа баспананың лентасын Бақсай ауылдық округінің әкімі К.Мажиев пен ауыл тұрғыны Ғұднан Нұрғалиев қиды. Осы жылдың қыркүйек айында ғана Шымкент қаласынан келіп, Таңдай ауылдық емханасында қызмет атқарып жатқан Жансая Мамыр үшін бүгін қуанышты күн.
- Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «жалпытәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша аяқтап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Таңдай ауылына келіп, қызмет етіп жатырмын. Жолдасым да вахталық әдіспен қызмет атқарады. Баспанамен қамтуда көмегін тигізген облыс, аудан, ауыл әкімдеріне ризамыз,- дейді жас маман.
Үйді салудан бөлек, сатып алу жұмыстары да жасалады. Айта кету керек, сатып алынған үйдің көлемі 60 шаршы метрден артық болуы қажеттігі де ескеріледі. Республикалық бюджет есебінен сатып алынған барлық пәтерлер тұрғындарға арендалық баспана беру ережесіне сәйкес, жекешелендіру құқығынсыз беріледі. Алдағы бес жылда аудан орталығынан 60 пәтерлік 4 тұрғын үй, 36 пәтерлік 3 тұрғын үй салынады деп жоспарлануда.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ