Сайлау жақындаған сайын партиялардың белсенділігі арта түсті. «Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы «Атырау Жарық» Акционерлік қоғамының Махамбет аудандық электр жүйесі ұжымымен кездесті.
Кездесуде партияның облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов, облыстық кеңес мүшесі Әбілхан Төлеуішов, Махамбет аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Гүлмира Жұмағалиева мен оның сенімді өкілі Байбек Шотаев «Атырау-Жарық» мекемесі қызметкерлеріне партияның сайлауалды тұжырымдамасын таныстырды. Қоғамды түбегейлі өзгертуді көздеген партия өкілдері энергетиктерге 10 қаңтар күні сайлауға біркісідей қатысып, таңдау жасауға шақырды.
- Біздің партия 6 мәселені көтеріп тұр. Оның ішінде, «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, салиқалы сыртқы саясат. Бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгешелігі – депутаттардың партиялық тізіммен сайлануы. Парламент Мәжілісі депутаттығына 38 үміткер, облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына 39 үміткер партия атынан тізім бойынша ұсынылып отыр. Олардың барлығы да үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде,-деді «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Е.Юсупов.
Сондай-ақ, шарада «АтырауЭнергосату» ЖШС аудандық бөлімшесінің инженері Қуаныш Ағелеуов пен «Атырау-Жарық» АҚ аудандық электр жүйесінің бас инженері Мереке Құмаровтар сөз алып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
- Бағдарламаның негізгі бағыттары өзімнің көкейімде жүрген ойлармен дәлме-дәл келді. Жасыратыны жоқ, халық өзгерістерді күтеді. «Ақ жол» партиясының бас ұраны да «Түбегейлі өзгерістер қажет» деп аталады екен. «Ақ жол» партиясы алғашқы «Алаш» партиясының мұрагері ретінде өздерінің батыл бағдарламасымен түсіп отыр екен. Партияға бағдарламасын орындау жолында саяси жігерлілік, байсалдылық, баттылдық және алдағы сайлауда сәттілік тілеймін,- деді «АтырауЭнергосату» ЖШС аудандық бөлімшесінің инженері Қ.Ағелеуов.
Кездесуден соң ақжолдықтар «Есіктен есікке» акциясы аясында үй-үйді аралап, тұрғындарды партияның мақсаттарымен, бағдарламасымен таныстырып, жадынамалар таратты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ