Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде «Халық» қайырымдылық қоры азаматтық белсенділік танытып, «Ел тірегі – Елбасы» акциясын қолға алды.
Қор «COVID-19» пандемиясының және карантиндік шаралардың салдарынан қиын жағдайға тап болған аз қамтылған, көп балалы, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар үшін азық-түлік жиынтығын сатып алды. Аталған акция аясында Махамбет ауданы бойынша 90 отбасыға азық-түлік топтамасы таратылды.
Шараны ұйымдастыруға аудандық ішкі саясат бөлімі, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, барлық ауылдық округ әкімдіктері мен ауданның ерікті жастары атсалысты. Жалпы «Халық» қайырымдылық қоры 15 000-нан астам азық-түлік себетін ұйымдастырды. Әр себетте күріш, қарақұмық, ұн, макарон, өсімдік майы, бұқтырылған ет, қант, шай және кәмпит сияқты ең қажетті деген заттар жинақталған. Әрбірінің салмағы 50 келіден асады. Қазіргі уақытта азық-түлік себеттері өңірлік әкімдіктер ұсынған тізімдерге сәйкес еліміздің барлық өңірінде отбасыларға таратылып жатыр.
- Пандемияның алғашқы күнінен бастап, бұл ел басына түскен сынақ екені белгілі. Осындай қиын-қыстау шақта ынтымақ пен бірліктің озық үлгісін көрсетіп, бір-бірімізге жанашыр болуымыз керек. Игілікті шараға атсалысқан барлық жандарға ризашылығымызды білдіреміз,-дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Қабдолова.
Қиын шақта ел қамқорлығын сезінген отбасылар волонтерлар мен қор белсенділеріне ризашылықтарын білдірді. «Халық» қайырымдылық қоры бұл акцияны бірнеше рет өткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай бизнес өкілдерін күш біріктіруге және «Ел тірегі-Елбасы» акциясына қосылуға шақырады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ