Б.ЖОЛДАСОВ: «Үкіметке қол жайған емеспін»

Мүмкіндігім шектеулі деп, төрт бұрышқа қамалмай, керісінше қоғамға пайдасын тигізуді ойлаған Бауыржан Жолдасовтай азаматтар мүмкіндігі шектеулі жандардың да мүмкіндігінің шексіз екендігін дәлелдеп жүр.

Арамызда мүмкіндігі шектеулі болғанымен,өмірден үміті көп жандар аз емес. Тағдырдың ауыр соқпағынан селт етпеген олар қандай қиындық болмасын, қасқайып қарап тұра білді. Солардың бірі – мемлекеттің көмегіне жүгінбей-ақ кәсіптің көзін тауып, халыққа қызмет көрсетіп отырған І топ көз мүгедегі, аудан тұрғыны Бауыржан Жолдасов.

Сонау 90-шы жылдары ала дорбасын арқалап, ел кезіп кеткендердің қатарында болған ол Астраханға апарып балық сатып, отбасын асырауға бел буады. Алғашқы кәсіпкерлік бетбұрыс та осылай басталған. Кейін 1996 жылы көршілес Аққыстауға көшіп, он жылдай тұрақтап қалады. Дәл осы өңірде жиһаз құрастыруды бастайды.

- 2006 жылы Махамбетке қайта келдік. Бұл жерде де кәсіпті жүргіздік. Бірақ үш жылдан кейін көзімнің көруі нашарлап кетті. Сонда да жұмысты тоқтатпадық. Кейін 2014 жылы жер алып, жеке кәсіпкерлік нысанды ашып, халыққа қызмет көрсетуді мақсат еттік. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасарына жоспарымды айтып, жер беруін сұрадым. Бірақ І топ мүгедегіне жер беру қарастырылмаған деп шығарып салды. Мен «берсеңіз, бірден іске кірісемін. Ал ештеңе шығара алмайтын болсам, қайтарып беремін» дедім. Оған да көнбеді. Бірақ аз уақыт өткеннен кейін хабарласып, жердің берілетіндігін айтты. Сөйтіп жанымда балам бар, екеуміз осы ғимаратты тұрғызып, лентасын ресми түрде қиып, халыққа қызмет етуге кірістік. Бұл жерде мемлекеттік бағдарламалардың ешқайсысын алмағанымызды, ешбір қолдаусыз ашқанымызды айта кеткім келеді. Үкіметке ешқашан қол жайған емеспін. Он жылдай білім беру саласында қызмет еткен жалғыз ұлым әрі жеке көмекшім Тілепбай кәсіпкерлікке бет бұрды. «Нұрайым» азық-түлік дүкенінде келінім мен қызымдай болып кеткен көршім қызмет етсе, көлік жөндеу орталығында өз балам жұмыс жасайды. Кәсіпті бастаудағы мақсат та сол. Халыққа көмегімізді тигізіп, жұмыспен қамтуды да ұйымдастыру ғой,- дейді жеке кәсіпкер.

bayrjan71220

Бауыржан Ғалымұлының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, санаторийға, сауықтыру орталығына жіберуде, қажетті құралдарын алуда ешқандай кедергі жоқ. Бұл тұрғыда көмек беріп отырғандарға, сондай-ақ осы жұмыстарды ұйымдастыруға септігін тигізіп отырған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандарына алғысы шексіз. Өзі де «қолыңнан келіп тұрғанда көмек бер» қағидасын ұстанатын адам.

Мүмкіндігім шектеулі деп, төрт бұрышқа қамалмай, керісінше қоғамға пайдасын тигізуді ойлаған Бауыржан Жолдасовтай азаматтар мүмкіндігі шектеулі жандардың да мүмкіндігінің шексіз екендігін дәлелдеп жүр.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT