Әлемді жайлаған індет адам өміріне ғана емес, кәсіпкерлік саланың да дамуына кері әсерін тигізгені анық.
Бірі бұрынғы кәсібін тастап, жаңа бағытқа бет бұрса, бірі қаймықпай, мемлекеттің қолдауы арқылы кәсібін жалғастырды. Тіпті «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алғандар өз кәсібін бастап та үлгерген. Махамбет ауданы бойынша қайтарымсыз несие алып, сұлулық салоны, оқу орталығы, массаж кабинеті секілді халыққа қажетті кәсіп бастағандар қатары көбейді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша 100 адамды кәсіпкерлік негізінде оқыту жоспарланып,жоспар толығымен орындалған.
Еліміздегі маңызды мәселелердің бірі – тұрғындардың жұмыспен қамтылуы және еңбекке орналастыруды қамтамасыз ету. Бұл мемлекеттің ерекше бақылауына алынған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауыл-елді мекендерде шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сынды міндеттерді қамтиды.
Бағдарламаның 1-ші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға оқытумен қамтылса, 2-ші бағыт бойынша шағын несие, грантқа ие болып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Несие қаражаттары ІІ деңгейлі банктер арасында бөлініп, несиелендіру жұмыстары басталған. Ал 3-бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағдарламасы. Жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмысшылармен қамтуға, өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру қарастырылған.
Кәсібін жаңа бастағандардың әрі «Еңбек» бағдарламасының игілігін көргендердің бірі – көпбалалы ана Айкөркем Төлеғалиева. Бүгінгі таңда шаш әрлеу, шаш қию секілді қызметтерді көрсетіп отырған ол өткен жылы қолдауға ие болып, мемлекеттік грантты жеңіп алады. Сөйтіп, өзіне қажетті заманауи құрал-жабдықтарды алып, кәсібін жалғастырады. Жалпы өткен жылы Айкөркем секілді жаңа бизнес идеяларын іске асырғысы келген 30 адам грантқа ие болып, 16 млн 668 мың теңге қаражат бөлінген. Қаражатты дәнекерлеу цехын ашуға, автокөлік жөндеу шеберханасына диагностикалау аппаратын алуға, той бизнесі, дәмханаға ас үй құрал-жабдықтарын алуға, сұлулық салонын ашуға, тігін, ағаш өңдеу шеберханасы ашуға алған. Қайтарымсыз грантқа аудан бойынша 8 көпбалалы отбасы, 12 жас, 1 аз қамтылған отбасылар ілігіп, оларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат берілген.
- Әлеуметтік желіден грант жөнінде естіп, жұмыспен қамту орталығына барып, сол жерден кеңес алдым. Көпбалалы ана ретінде өзімнің бизнес-жоспарымды қорғап, мемлекеттік грант иегері болдым. Бұл кәсіпті 2020 жылы бастадым. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп келемін. Жас кәсіпкерлерге айтарым, Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті тиімді пайдаланса болады,-дейді жас кәсіпкер А.Төлеғалиева.
Сондай-ақ аудан бойынша бағдарламаға қатысушы 31 адамға өз ісін ашуға 142,5 миллион теңге, 11 адамға қайтарылған қаражат есебінен 48,6 миллион теңге несие берілген. Несие алушылардың басым бөлігі мал шаруашылығы, жүк тасымалы, жолаушылар тасымалы, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алуға өтінім білдірді. Көпбалалы ана ретінде төмен пайыздағы несие алуға ие болғандардың бірі – Гүлбаршын Бахитова. Жолдасы екеуі 2006 жылдан бері автобөлшектер сатып, халыққа қызмет етіп келеді. Өткен жылы 4 пайызбен несие алу мүмкіндігіне ие болған.
- 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы төмен пайызбен несие алуға болатынын естіп, жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш білдірдік. Көпбалалы ана ретінде 4 пайызбен несие алуға үміткер болдым. Қазіргі уақытта несие алып, шаруашылығымызды айналдырып, халыққа қызмет көрсетіп отырмыз,-дейді Гүлбаршын Бахитова.
Жұмыспен қамту орталығы мамандарының сөзінше, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грантқа бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған Бағдарлама қатысушылары ие болған. Оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер бар. 2021 жылға аталған бағдарламаға қатысушы 30 адамға қаражат қаралған. «Бүгінгі таңда мемлекеттік грант алудың заңдылығына өзгерістер енгізілді» дейді орталық директоры.
- Бұл өзгерістің ішінде аз қамтылған отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға «Бизнес Бастау» жобасын оқығандығы немесе «Еңбек» бағдарламасының 1-ші бағыты шеңберінде кәсіптік оқу оқығандығы жөніндегі сертификат талап етілмейді. Бұл Үкімет тарапынан аз қамтылған отбасыларға жасалып жатқан үлкен жеңілдіктер. Біздің осы мемлекеттік грантты беруіміз жоспарға сай сәуір, мамыр айларында тұр,-дейді орталық директоры А.Төлеген.
- «Еңбек » бағдарламасы бойынша қайтарымсыз несие алған адам кейін мақсатын өзгертуге бола ма? Мәселен, сұлулық салонын ашып, кейін оның жұмысын тоқтатып тастап, біраз уақыттан соң оны дүкенге айналдыра ала ма?»,-деген сауалға аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысы: «Жоқ, бағдарлама бойынша несие алған адам мақсатын өзгертуге болмайды. Ол фотосалон, сұлулық салоны қылып ашты ма, сол күйінде қалуы тиіс. Тек өз қаражатына салған нысандар ғана өз мақсатын өзгерте алады. Мәселен, «АсылАида», «Алтын тамыр», «АйТемір» секілді сауда үйлері»,- деп жауап берді.
80 адам оқыту жоспарланған «Бизнес-бастау» жобасында 100 адам оқып шыққан. Оның ішінде 30 адам грант алған көрінеді. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасымен» 809 адам жұмыс істесе, тұрақты жұмысқа 1180 адам орналасқан. Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілген. Жалпы «Еңбек» бағдарламасы басталған 2011 жылдан бері Махамбет ауданы бойынша 422 адамға 1 472,2 миллион теңге несие берілген.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА