Аймекен – үздік термеші

ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Текті сөздің төресі – терме» облыстық жыршы-термешілер байқауы

Байқаудың бас жүлдесін Махамбет ауданының намысын қорғаған Аймекен Құрмашева жеңіп алды.

Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма «Зияткерлік күніне» орайластыра отырып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Текті сөздің төресі – терме» облыстық жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырды. Шараның мақсаты – мерейтойды ұлықтау, ұлттың рухын көтеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, дәстүрлі өнер-жыр, терме жанрын дамыту, тәуелсіздігімізді кеңінен насихаттау.

Н.Жантөрин атындағы филармонияның концерт залында өткен байқауға қала мен аудандардан, оқу орындарынан барлығы 11 жас қатысып, бақ сынады. Байқаудың бас жүлдесін Махамбет ауданының намысын қорғаған Аймекен Құрмашева жеңіп алды. Индер ауданы, Бөдене ауылының тумасы Аймекен қазіргі таңда З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінде дәстүрлі ән, термеден шәкірт даярлайды. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің «Домбырамен халық әндерін орындау» мамандығын тәмамдаған.

- Жалпы ән, терме орындаумен мектеп кезінен айналысамын. Индер аудандық балалар саз мектебінде ән, терме мамандығы бойынша 5 жыл білім алдым. Ең алғаш осы саланы, ән айтудың қыр сырын үйреткен ұстазым – Гүлбаршын Өрбісінқызы. Студент кезімде облыстық дельфий ойындары, «Қайқылардан қалған саз» аймақтық дәстүрлі ән орындаушылары байқауына, «Көшпенділер әуені» сияқты байқауларға қатынастым. Ең үлкен марапатым – осы «Текті сөздің төресі – терме» облыстық жыршы-термешілер байқауынан алған бас жүлде. Байқау өте жақсы деңгейде өтті. Қарсыластарымның бәрі – бірінен-бірі асып тұрған керемет термешілер мен жыршылар. Үздіксіз дайындықтың арқасында қанжығам майланды, - дейді А.Құрметқызы.

«Текті сөздің төресі – терме» байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы диплом мен қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Ал барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар ұсынылды. Шығарманың мағыналық тереңдігі, өзектілігі мен маңыздылығына аса мән берілетін бұл өнер додасында көмейінде бұлбұл ұялаған өнерпаздардың арасынан оза шапқан Аймекенге толайым табыс, шалқар шабыт тілейміз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521