Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі - Ауған соғысы.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай аудандық орталық кітапханада «Ауғанстан-жан жарамыз» атты кездесу кеші өтті. Оған Ауған соғысының ардагері Бауыржан Сағындықов қатысты. Пандемия кезінде ұйымдастырылған шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өткізілді.
Кездесуді кітапханашы Ару Аманғалиева жүргізіп, Ауған соғысы жөнінде деректер слайд арқылы көрсетіліп, одан әрі жиналғандар ауыр соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқастарға қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз қаншама. Солардың бірі, Ауған соғысының ардагері Бауыржан Жолдасұлы сөз алып, 1985 жылы көктемде әскер қатарына шақырылып, Атыраудан Ашхабадқа кетіп, онда алты айдай оқу-жаттығудан өткендерін, содан соң Ауғанстан жеріне аттанғандарын айтты.
- Шиндант қаласында реактивтік бөлімшеде қызмет еттім. Бұл бөлім танк, ракеталарды қашықтықтан көздеп атады. Біз соларды оқ-дәрі, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуші едік. Мен ол жақта басқа сарбаздармен бірге 1,5 жыл болдым. Талай ұрыс қимылдарына қатысқаным есімде. Ол жақ Иран, Пакистанмен шекаралас болғандықтан, сол шекараларда болған операцияларға қатыстық. Әсіресе, Кандагар-отты нүкте. Талай жандар өмірін қиды сол жақта. Дұшмандар тауда жасырынып, кенеттен оқ жаудырып, шабуылды бастап кетеді. Көбі Ауған соғысы түсініксіз соғыс деп жүр. Біз бар болғаны Отан алдындағы борышымызды атқардық. Жалпы Атыраудан 28 жігіт бардық. Бірақ әр жаққа бөлініп кетті. Бізбен бірге болғандар ішінде Ресей, Өзбекстаннан да болды. Бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз. Елге оралған соң түрлі салада еңбек еттік. Бүгінде «Атырау-Жарық» АҚ Махамбет электр жүйесі мекемесінде еңбек етіп келемін, -деді ол.
Кездесу кешін аудандық орталық кітапхананың балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Зада Енбаева қорытындылап, кеш мейманына ризашылығын білдіріп, сый-сияпатын ұсынды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА