Жақында Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептің оқушылары республикалық «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты форумның «Кеше, бүгін, ертең...» номинациясы бойынша жүлделі І орынды иеленді.
Олар: 7 «а» сынып оқушылары Ақмарал Айтуар, Толқын Амангелдіқызы, Айнара Батырбекова. Оқушыларды дайындаған жетекшісі, мектеп тәлімгері – Бақытгүл Жолдығалиева.
Сонымен қатар бейнеблог түсіруден Д.Төленов мектеп-гимназиясының оқушысы Арайлым Жолдыбаева ІІ орынды жеңіп алды.
- Осыдан екі ай бұрын дайындаған бейнекөрінісімізді облыстық кезеңге жібергенбіз. Көп кешікпей «республикалық кезеңге өттіңіздер» дегенді естіп, қатты қуанып, осы вайнды YouTube желісіне жариялаған болатынбыз.
Содан 3 апта өткен соң республикалық кезеңнің қорытындысын Zoom платформасы арқылы қашықтан хабарлады. Әрине, бізде қобалжу болды. Барлық команда Zoom-да отырдық. Өз мектебімнің атын атағанда аң-таң болып, өз құлағыма өзім сенбедім. Қуанышты сәтті сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Мектептің, ауданның абыроймен қорғай білдік. Осыдан кейін біраз адам біздің вайнды әлеуметтік желілерге жариялауымызды өтінді. Мен республикалық кезеңнен жүлделі орын алған барлық оқушыларды шын жүректен құттықтаймын. Жеңісті күндеріміз көп болсын! - дейді мектеп тәлімгері Б.Жолдығалиева.
К.САПАР