"Өнерпаз" мәдениет үйінде Қазақстан және Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер Илья Жақановтың "Ақжайықтың алтын күзі" атты шығармашылық кеші өтті.
Бүгінгі кеште Илья Жақановтың жаңадан өмірге келген "Сарытоғай" әнін мәдениет үйінің сахнасында Н.Жантөрин атындағы филармония әншісі Медет Қарамырза орындап, жиналғандарды әсерлі даусымен баурап алды.
Сондай-ақ, шығармашылық кеште сазгердің "Еділ-Жайық", "Сол бір ән", "Теміртау әні" , "Жайлаукөл кештері", "Ағады Жайық" секілді әндері орындалды.
Сарытоғай ауылының ардагері Сәуле Мұхтарова мен кәсіпкер Әділ Жұбанов та ізгі тілектерін арнады. Әділ Орынбасарұлы "Сарытоғай" әнін дүниеге әкелген композитор мен аталған әнді орындаған Медет Қарамырзаға ақшалай сый-сияпатын ұсынды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Ертілеуқызы өзінің және барша махамбеттіктердің атынан Илья ағаға алғыс хат пен Ұлы Абай бейнесі бейнеленген кілемшені тарту етсе, жұбайы Тиыш апаның иығына комзол жауып, бір шоқ гүлді табыстады.
- Толқыны жағаға ұрар Жайықтың жағасына, осы Сарытоғай ауылына келген 86-87-ші жылдардағы бау-бақша, табиғат әлі күнге дейін көз алдымда. Пандемия кезінде сыртқаттанып қалып, ауруханада жатқанымда осы көрініс көз алдыма келіп, саялы Сарытоғай туралы ән туды. Халыққа рухани байлық сыйлауға ұмтылып, бүгінгі шараны ұйымдастырған ауданның белсенді азаматтарына, көрермендер мен әншілерге ризамын. Осы әнді дүниеге әкелуіме бірден-бір септігін тигізген, қоғам үшін барын сала жұмыс атқарып жүрген Әділ Жұбановтай азаматтардың еңбектеріне жеміс тілеймін" ,- деді И.Жақанов.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ