Сарытоғай ауылындағы зауыт сәуірде іске қосылуы мүмкін

Атырау облысында «сақалды құрылыстар» аз емес. Бүгінгі әңгіме – соның бірі туралы. Осыдан екі жыл бұрын Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында ыссы және салқын су өлшеу құрылғыларын шығаратын зауыттың іргетасы қаланған болатын.

Махамбетте салынатын зауыттың алғашқы кірпіші қаланды

Оған Сарытоғай халқы «ауылға серпін береді» деп қуанған. Жалпы құны 939 млн. теңгені құрайтын нысанда келешекте айына 18 мыңнан астам өлшеу құрылғысы шығарылады деп күтілген. Жобаның иесі «Guryev» ЖШС еді. Инвестор бұл жобаны жеке қаражаты есебінен сала бастаған. Өңірде ғана емес, Қазақстандағы су жүйесіне арналған жүз пайыз отандық есептегіш құралдар шығарады деп күтілген алғашқы өнеркәсіпке қажетті шикізаттың барлығы ел ішінен әкелініп, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болатындығы айтылды. Зауыт облыс кәсіпорындары мен ұйымдарын қамтамасыз етіп қана қоймай, республиканың өзге өңірлерінің де сұраныстарын қанағаттандырады деп қуантты. Жобаның іргетасының қалану салтанатына сол кездегі облыс басшылары да қатысып, жобаға сәттілік тілеген болатын. Өндіріс орнында жұмыспен қамтылатын 80 адамның 60-тан астамы жергілікті азамат болатыны айтылған. Тіпті Теңіз кенішінде жұмыс істеп жүрген жерінен зауыт ашылатынын естіп, ауылға келген тұрғындар арнайы оқудан да өткен.

Зауыттың басшылары да бастапқыда мұнда механикалық есептегіш құралдар шығарылса, болашақта олардың электронды түрлері өндірілетіндігін айтқаны есімізде. Сол кезде мұны елімізде жүргізіліп жатқан ақпарат тасымалдау жүйелерін цифрландыру жұмысына да игілігі тиетін ерекше жоба деп те көпшіліктің атағандығы мәлім. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зауыттың аумағы бұрын алма бағы орналасқан жерге жақын орналасқан екен. Нысан паспортында көрсетілген нысанға жауапты өкілдің жеке ұялы телефон нөмірі мен кеңседегі қызметтік нөміріне бірнеше рет хабарласып көргенбіз, екеуі де «байланыс аясынан тыс жерде» болып шықты. Іргетастың ішіне төселген топырағы мен төрт қабырғасы құрастырылмалы темірден бой көтерген нысанның қасында МАЗ 500 кран көлігі ғана тұр. Пішінді қаңылтырмен қоршалған зауыт орнында жан жоқ. Қарауылшыққа арналған күркенің есігі құлыптаулы. Тұрғындар олардың ара-тұра бас-көз болып, қарап кететіні болмаса, тұрақтап отырмайтындығын айтады.

Сәуірде зауыт жанданады

Іргетасы қаланып, құрылысы тұралап қалған зауыттың бүгінгі жағдайы туралы Махамбет ауданы әкімдігінің өкілдерінен біліп көрдік. Мұндағылар зауыттың инвестордың жеке қаражатына салынып жатқандығын тағы да ескертіп өтті. Бұл бағытта ел бюджетінің есебінен несие алмай, жұмысын бастаған серіктестік құрылыс жұмыстарын қаражат тапшылығына байланысты уақытша тоқтатқан көрінеді. Әкімдік өкілінің сөзіне сүйенсек, серіктестік Сарытоғай ауылындағы сатып алынған басқа ғимаратқа құрылғыларды көшіріп, алдағы сәуір айында іске қосуға ниетті екендігін айтады. Ендеше, инвестордың еңбегі еш кетпей, ел игілігіне жарауына тілекшіміз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

«ATYRAÝ» газеті

Махамбетте өлшеу құрылғыларын шығару кәсіпорны құрылысы тоқтап тұр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521