Қанды көйлек қаруластың ерлігі

Келешек ұрпақты патриотизмге баулу, ерлік үлгісін көрсеткен батыр ағамыздың өнегесін кеңінен таныту мақсатында туған жері Бейбарыс ауылында кездесу шарасы өтті.

Ауған соғысында ерлік көрсеткен азаматтардың есімдері биіктей берері сөзсіз.

«3 АЙЛЫҚ КУРС КӘДЕГЕ ЖАРАДЫ»

Биыл аяқталғанына 32 жыл болған Ауған соғысында ерлік көрсеткен азаматтардың есімдері биіктей берері сөзсіз. Ауған соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Николай Кременишпен бірге ерлік үлгісін көрсетіп, бірі взвод командирі, бірі орынбасары болған жерлесіміз, Бейбарыс ауылының түлегі Әлішер Кулов екенін көпшілік біле бермес.

Келешек ұрпақты патриотизмге баулу, ерлік үлгісін көрсеткен батыр ағамыздың өнегесін кеңінен таныту мақсатында туған жері Бейбарыс ауылында кездесу шарасы өтті. Ауғанстан даласындағы қанды қырғынды көзімен көріп, от кешкен батыр Әлішер Ізғалиұлы Бейбарыс ауылындағы «Жас дәурен» мәдениет үйінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра мектеп оқушыларымен, ауыл тұрғындарымен кездесті. «Ауғанның отты жалыны сыр шертеді» атты сыр-сұхбатта оқушылар өз көкейіндегі сұрақтарын қойса, ауыл ақсақалдары тілектерін арнады.

Әлішер Кулов 1967 жылы мамырда Мақат ауданы, Доссор кентінде дүниеге келген. 1985 жылы КСРО Қарулы Күштері қатарына Махамбет аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Алғашқыда Ашхабад қаласындағы бірінші қалашықта алты айлық дайындықтан өтіп, сапер мамандық игереді. 1986 жылдың сәуірінен 1987 жылдың қараша айына дейін Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери міндетін өтеді. Әскери қызметін Парван провинциясынан бастап, Баграмдағы 208- ші мотоатқыштар дивизиясының №83596 жеке инженерлік-саперлік батальонының минасыздандыру ротасында сержант, взвод командирінің орынбасары міндетін атқарды.

- Мектепті бітіргеннен кейін әкемнің айтуымен Гурьевтегі Петровский зауытында 3 айлық дәнекерлеуші курсын оқып, ауылға келіп, совхозда жұмыс жасадым. Ауғанстанға барған уақытта да жанымда «дәнекерлеушінің» құжаты болды. Дәнекерлеушілік жұмысым әскерде де пайдаға асты. Тоқпен, сыммен қалай жұмыс жасау керек, миналарды, фугастарды қалай залалсыздандыру керек, соның бәрін оңай үйрендік,-деп Әлішер Ізғалиұлы әңгімесін бастады.

23271d67-b76c-4bd7-ae46-c4f4bda18ca4

«БАРҒАН ЖОЛМЕН КЕРІ ҚАЙТАМЫН»

- «Келита» таулы оқу орталығына кіріп келе жатқанда ең бірінші таудағы «Горы покланись сильному» деген жазуға көзіміз түсті. Сол жерде таулы аймақтағы ұрысқа дайындады. 1986 жылдың сәуірінде таңға жақын Кабулға келдік. Екі күн өткеннен кейін 40-армияның жеке инженереліксаперлік батальонын БТР-ге отырғызып, Чарикарға жеткізді. Бұл жерде екі аптадай дайындықтан өткеннен кейін қасымда Николай Кремениш, Михаил Недаливка, тағы 2-3 жігіт бар, бәрімізді Баграмға алып кетті. Николай екеуміздің кереуеттеріміз де бір жерде болатын. Ал Михаил Недаливка – Томскның жігіті. Екеуміз Ашхабадта оқу-жаттығуда да, Баграмда да бірге болдық. Елге оралар күн жақындағанда ол: «Мен қысқы уақытта баруым керек. Мұз қатпады, паром жүрмейді. Қазір мен барсам, ұзақ жүріп қаламын. Қыста әйтеуір, мұз қатқаннан кейін, зуылдап барам ғой»,- деп айтқаны есімде. Қазіргі күні ол жігітпен байланыс жоқ,-дейді Әлішер аға.

Колоннаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көп жағдайда БМР бастап жүреді, соңынан саперлар із кесушілер ретінде ілеседі. Сапер қашанда алдыңғы шепке шығып, әр қадамын аңдап баса жүріп, жолды минадан тазартады. Қай соғыста болмасын саперларға артылар жүк ауыр болатын, сондықтан олардың ол жақтан аман келудің мүмкіндігі аз еді. Оның үстіне, арнайы мина тазалаушы батальон болса, әңгіме тіптен бөлек.

- Қонаққа болмаса аңшылыққа, басқа да жерлерге барсам да, сол келген ізбен кері қайтамын. Ауғанстанда жүрген уақытта да кишлакка ең бірінші болып біздер кіреміз. Жан-жағымызды бағамдап, есте сақтап алуға тырысамыз. Мұның бәрі маңызды. Сол әдетеміз қалмаған. Заставаның нөмірі есімде жоқ, әйтеуір сол жерге тамақ, қару-жарақ апару үшін соғысып кіріп, соғысып шығатынбыз. Бір уақытта тарс-тұрс атыс басталады, артымызда БТР тұрады. Дуалдың ар жағында жеміс-жидек өскен жерден («зеленка») дұшмандар шабуылдайды. «Урал» терезесіне бронжелет жауып, қатты жылдамдықпен кіреді, біздер автоматпен оқ жаудырып отырамыз.

2

Кеңес әскерлері Ауғанстандағы кишлактарда орнатылған шағын «тосын сыйларға» жиі тап болатын еді. Бір күні кишлакка кірдік. Взвод командирі Сокол, тағы 4-5 сарбаз бар. Бәріміз бөлініп, әр бөлменің есігін ақырын ашып, қарап жүрміз. Командиріміз кірген бөлмеден дүңк еткен дауыс шықты. Бөркі бір жаққа қисайған командир шықты да мылтығын лақтырды. Аяғымен жаяу әскерге қарсы минаны басып кеткен екен. Кейін орнына аға лейтенант Игорь Петров келіп, жанына Николай Кременишты алды. Мен бөлімше командирі болып тағайындалдым. 1987 жылдың жазында журналистер келді. Біздің әскери бөлімнің жауынгерлеріне «Кеңес Одағының Батыры» атағы қаза тапқаннан кейін ғана берілді. Содан командир Николай Кременишты лайықты деп таныды. Елге Николаймен бірге қайттық. Ол Ташкент-Целиноград-Павлодар пойызы арқылы, мен Ташкент-Гурьев бағытындағы ұшаққа отырып, 1987 жылы 7 қарашада аман-есен елге жеттім. Мені 1988 жылы қыстың бір айында Бейбарыс ауылындағы мәдениет үйіне шақырып, «Ерлігі үшін» медалін табыстады. Николаймен байланыс үзілмеді, қазір Алматы қаласында тұрады. 2001 жылы Атырауда Ауған соғысы ардагерлерінің кездесуі өтті. Сол жерге Николай да келген болатын,-деп еске алды Ауған соғысының ардагері.

Елге аман-есен оралғаннан кейін Әлішер Ізғалиұлы бір жылдай Редут ауылында дәнекерлеуші болып еңбек етті. Кейін Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1992 жылы тәмамдайды. 1993-97 жылдары Атырау қаласында кеден басқармасында, қаржы полициясында жұмыс істеді. 1997 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады. «Ерлігі үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Интернационалистжауынгерлерге Ауған халқы атынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15, 20 жыл» және басқа да медальдармен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT