Ескерткіш ашу жоспарда

Ескерткіш ашу жоспарда

Интернационалист жауынгерлер үшін бұл соғыстың жарасы әлі жазыла қойған жоқ.

Ауған соғысына Махамбет ауданынан 43 адам қатысқан, оның 3-еуі сол жақта қаза тауып, 12-сі елге келгеннен кейін әр түрлі себептермен қайтыс болған. Жер басып, тірі жүрген 22 махамбеттік Ауған соғысы ардагерлерінің басы қосылатын жер – «Махамбет аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігі. 2019 жылдың маусым айында құрылғаннан кейін сол жылдың тамыз айында аудан орталығында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мұражай демеушілердің көмегімен ашылды.

av160221

Атап айтқанда, Альмира Нигметова, Райса Қолданаева, Махамбет Избулов, Әділ Жұбанов, Бағыт Габдуллин, Болат Рахмет және марқұм Қуанышкерей Гумаровтар өз қолдауларын білдірген болатын.

av160221-3

- Қоғамдық бірлестік тарапынан ауған ардагерлеріне әзірге көмек жоқ. Себебі өзіміз жаңадан құрылған бірлестік болғандықтан біздерге еш жерден қаржы бөлінбейді. Ал ауған ардагерлеріне жыл сайын санаторияларға баруға облыстан жолдама беріліп отырады. Былтыр екі ауған соғысының ардагері баспаналы болды. Ардагерлерге біржолғы материалдық көмек жылына бір рет, ақпан айында 100 мың теңге көлемінде беріледі. Аудандық мәслихаттың шешімімен ай сайын коммуналдық төлемдерге 15 мың, ал заңнамаға сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ай сайын 18 мың теңге көлемінде төленеді,- дейді «Махамбет аудандық ауған соғысы ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оңайғали Искаков.

aygan150221-15-1-15

Жыл сайын ардагерлер оқушылармен, жастармен кездесіп отырады. Махамбет ауылында Ауған даласында қаза тапқан Алаш Тұржанов пен Мұхтар Рахметовтың атында көше бар. Ал Алмалы ауылында марқұм Имат Мұсағалиевке ескерткіш ашылды. 2002 жылдан бері жат жерде қыршын кеткен боздақтарды еске алып, «Дастан» шаруа қожалығының демеушілігімен футболдан жарыс өткізіледі.

av-160221-

- Биыл жастар саябағынан Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашпақ ойымыз болған, жер де бөлінді. Бұл жөнінде Иманғали Тасмағамбетовпен Мәскеуде кездескен уақытта ақылдасқанбыз. Елдегі карантиндік шектеулерге байланысты әзірге сұрақ күйінде қалып отыр. Енді демеушілер табылып жатса, үстіміздегі жылы Ауған жерінде қаза тапқан жерлестеріміздің атына берілген көшелерді безендірмек ойымыз бар. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай тілерім – тыныштық пен бейбітшілік. Өсіп келе жатқан ұрпақ енді соғыстың зардабын тартпаса екен. Бүгінгі таңда Ауған соғысы ардагерлерінің алдындағы басты міндет жас ұрпақты отансүйгіштік қасиетке тәрбиелеу болып табылады. Себебі өз еліңді, жеріңді қорғау әрбір азаматтың абыройлы борышы деп білемін, -дейді О.Ерғараұлы.

av160221-2

Шындығына келгенде, бұл соғыс біздің халық үшін еш пайдасыз соғыс болды. «Ауғанстанды жаулап алып, өз идеологиямызды жүргіземіз» деген ой болған емес. Бұл кезде Ауғанстан елі Америка мен КСРО-ның күш сынасар алаңына айналған. Екі алпауыттың арпалысынан 15 мыңнан аса Кеңес жауынгері шейіт болса, 2,5 миллион ауған халқы қырылды. Қатардағы сарбаздардың еш кінәсі жоқ еді. Олар тек Кеңес Үкіметінің сұрқия саясатының қолшоқпары болды, әскери бұйрықты орындады. Оларға тіпті кері шегінуге мүмкіндік берілмеді. Еліміз жыл сайын он жылға жуық созылған соғыста қаза болған ардагерлердің рухына тағзым етіп, еске алады. Интернационалист жауынгерлер үшін бұл соғыстың жарасы әлі жазыла қойған жоқ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT