Мәдениет үйі, балабақша, спорт кешені. Алға ауылдық округінің халқы әлеуметтік маңызы бар осы аталған нысандардың салынуын сұрайды. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына біраз уақыт өтсе де өз нәтижесін берер емес.
Алға ауылына жаңа мәдениет үйі мен спорт кешені қажет
«Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Президенттің Жарлығына сәйкес өткен аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың алғалықтармен кездесуінде аталған проблемалар тағы да көтерілді.
-Жетпіс жыл бұрын салынған мәдениет үйі екі рет күрделі жөндеуден өткен. Алайда бүгінгі күні қабырғалары жарылып тұр. Жаңадан мәдениет үйі құрылысы жоспарланып, бас жоспар бойынша белгіленген жердің құжаттары аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы жасақталуда. Биылға 200 орындық мәдениет үйі құрылысына жобалау сметалық құжаттама жасақтау үшін 4 млн қаржы бөлініп, аудандық экономика және қаржы бөлімі арқылы конкурсқа салынды. Ал балабақша салу үшін 2019 жылы аудандық әкімдікпен ЖСҚ (жобаның құны 696 860,0 мың теңге) жасақталған болатын. Алайда бюджеттен 3 жыл мерзім ішінде қаржыландырмауына байланысты жобаның мерзімі өтіп кетті. 2021 жылдан бастап білім беру нысандарына облыстық білім беру басқармасының бағыныстылығына өтуіне байланысты жобалар басқармаға ұсынылды. Қазіргі уақытта білім беру басқармасына аталған жобаны қайта түзету енгізу туралы ұсыныстар енгізілді,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Ауылдық округтегі өзекті мәселелердің бірі – спорт кешенің жоқтығы. Ауылда спорттық ойындарға қатысушылар мен спортқа қызығушылық танытатын жастар саны көп болғандықтан спорт кешенінің қажеттілігі жоғары. Қалаға барып жаттығып жүрген ауыл жастары облыс құрамасында өнер көрсетіп, аудан, облыс намысын қорғап жүр. Бұл жергілікті тұрғындарды да толғандырып жүрген мәселе болғандықтан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне ақаулық тізім жасақтауға қаржы бөлуге ықпал етуді сұрап, хат жолданды.
Сұрақ-жауап форматында өткізілген жиында ауыл тұрғындары тарапынан мал шаруашылығы, жайылым, ойын алаңын салу, жолаушы тасымалы сынды мәселелер көтерілді. Аудан әкімі тұрғындар тілегін, ұсыныс-пікірлерін тыңдай келіп, көтерілген мәселелердің назарға алынатынын, кейбір мәселелер уақытты қажет етсе, кейбірі зерделеуді талап ететінін айтты. Сонымен қатар кездесу соңында азаматтармен жеке қабылдау өткізіліп, қойылған сұрақтарға заң аясында тиісті жауаптар берілді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ