Жергілікті мәдениет және өнер қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен «Өнер барысы» қалалық ашық турнирі өтті. Дүбірлі шараға қатысқан 35-ке жуық әнші мен асаба, кәсіби музыканттар мен әртістер бас жүлдені сарапқа салды. Балуандар 66 және 80 келіге дейін, 80 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде бақ сынасты.
Жарыс қазақ күресінен бекітілген ережелерге сәйкес өткізіліп, облыстағы жоғары дәрежелі төрешілер бағасын берді. Өнер иелері бұл додаға барынша дайындалып келгені көрінді. Білекті палуандар күресін тамашалауға жиналғандардың қарасы көп болды. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрі қазақ күресін дәріптеу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Кіл мықтыдан шын мықтыны анықтаған белдесу бәсекесінде Жалғансай ауылдық «Шалқыма» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әзілхан Құралбай 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күресіп, күміс жүлдеге ие болды.
– Өнерлі жастар арасында күш пен ептілік сыналатын ойындар өтсе, міндетті түрде бағымды сынап көрем деп ойлап жүруші едім. Күткенім күміске айналды. Ауданның намысын абыройымен қорғадым деп есептеймін. Жарыс алаңына келіп, қолдау білдірген, жеңісіммен құттықтаушы жандарға да алғыс білдіремін. Осы ретте күрестің қыр-сырын үйретіп, әдіс-айлаларымен бөліскен бапкеріміз Әділ Алданбаевқа рахмет айтамын. Жеңісті күндеріміз көп болсын,- дейді Ә.Құралбай.
Сонымен қатар аудан намысын қорғаған тағы бір жерлесіміз, «Атамұра» халық аспаптар оркестрінің мүшесі, 80 келіден жоғары салмақтағы Рахымжан Сабыров алғашқы белдесуінде жеңіске жеткенімен, келесі кезеңде жеңіліс тапты.
Қ.БАҒЫТ