"Аудандар" құрамасы жүлделі екінші орынға ие болды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Атырау-Ақпарат» ЖШС қызметкерлері арасында облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған мекемеішілік спартакиада өтті.

Серіктестік қызметкерлері арасындағы достық пен бірлікті нығайтуды мақсат тұтқан спартакиадаға «Әкімшілік» бөлімі, «Atyraý» газеті, «Прикаспийская коммуна» газеті, «Электронды БАҚ және контент» бөлімі, «Баспахана» бөлімі, «Аудандық газеттер» командасынан 70-тен астам ойыншы қатысып, футбол, волейбол, үстел теннисі, дойбы, шахмат ойындарынан бақ сынады.

Соның ішінде «Аудандар» құрамасы өздерінің жоғары дайындықпен келгендіктерін көрсетіп, белсенділіктерін танытты.

Волейболға тас түйін әзірленгендігін дәлелдеген аудандықтар өз тобындағы командаларды жеңіп, финалдық ойындарда да «Прикаспийская коммуна» және «Баспахана» топтарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Бұл ойында «Жайық шұғыласы» газетінен Баян Сүйеуова, Қазбек Айтқалиев, «Мақат тынысынан» Мөлдір Ізтұрғанова, Барша-Мұрат Амантаев, «Қызылқоға» газетінен Нұрсәуле Жауынбаева, Кәмшат Әбіш, «Дендерден» Арал Байжігітов және «Нарын таңынан» Аяпберген Салихов, Сағыныш Қайыр ойынға тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатты.

Футзалдан «Аудандар» құрамасы өз тобында «Atyraý» және «Әкімшілік» командаларымен кездесті. Екі команданы да айқын басымдықпен жеңген аудандықтар жартылай финалда «Прикаспийская коммуна» командасымен жолығып, 2:1 есебімен жеңіске жетті. «Баспахана» командасымен өткен финалдық ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Матч соңындағы пенальтиде «Баспахана» командасының мерейі үстем болды. Нәтижесінде ІІІ орынға «Прикаспийская коммуна», ІІ орынға «Аудандар», І орынға «Баспахана» топтары жайғасты. Алаңда «Жайық шұғыласы» газетінен Қазбек Айтқалиев, «Мақат тынысынан» Асылбек Есжан және Барша-Мұрат Амантаев, «Дендер» газетінен Жанай Амантурлин, «Қызылқоға» газетінен Дулат Ғұбайдуллин өз шеберліктерін таныта білді.

Ал үстел теннисінен ерлер арасында «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин, «Қызылқоға» газетінің тілшісі Кәмшат Әбіш ІІІ орынға ие болды. Ұшқыр ойды қажет ететін шахмат ойынында ерлер арасында «Қызылқоға» газетінің тілшісі Бауыржан Бердіғалиев қарсылас шақ келтірмеді.

Спартакиаданың командалық қорытындысында «Баспахана» командасы кезекті рет жеңімпаз атанса, «Аудандар» құрамасы ІІ орынды қанжығаларына байлады. Ал, үшінші орынға ие болған «Әкімшілік командасы» 100 жылдық мерейтойын тойлап жатқан «Atyraý» газеті командасына ІІІ орынды сыйға тартты. Сондай-ақ, белсенділігімен көзге түсіп, үздік өнер көрсеткен ойыншыларға алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы табысталды.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT