Бұрындары ауыл адамының ұғымындағы футбол сөзі «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозарға» саятын. Қазір бұл түсінік өзгерді. Қазақ көрермені Роналду, Месси, Бензема, Мбаппе, Неймарлардың ойынына тәнті болып, Еуропа мен Әлем біріншілігін, Чемпиондар Лигасын жібермейтін күйге жетті. Жолдың үстіне тас не сөмке қойып, қақпа жасап, көшенің шаңын көтеріп, доп теуіп жүрген балалар бүгінде футбол жұлдыздарына айналып-ақ үлгерді. Сол «жұлдыздарға» қарап, армандап жүрген ауыл баласының доп қууына Махамбет ауданында да бар жағдай жасалып келеді.
Жыл сайын жаңадан ашық футбол алаңдары салынып, жастардың емін-еркін ойнауына мүмкіндік жасалуда. Спорт мектебіне барып, шыңдаламын десе де өз еркі. Жуырда ғана жерлестеріміз Жамбыл облысынан жеңімпаз болып оралды. Мұның бәрі әрине, ата-аналарының қолдауы, сондай-ақ шәкірт тәрбиелеуді басты мақсатымыз деп білген аудандық балалар және жасөсіпірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Асқар Әлдешов, Әділет Идрисов пен Шыңғыс Мұханғалиевтің еңбегі. Тек балалар футболын ғана емес, әуесқойлар арасында да әлемдегі №1 ойынның деңгейін көтеруді көздеген олар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің қолдауымен «Премьер-Лига» ойындарын өткізді.
«Аудан әкімінің Кубогі» үшін өткен Премьер-Лига ойындарына 11 команда қатысты. Барлық команда айналым әдісінде кездесулер өткізіп, ұпай басымдылығына ие құрама чемпион атанды. 20 мамыр мен 24 маусым аралығында жасыл алаңда доп тепкендердің ойынын қызықтауға келушілердің қатары қалың болды. Сонымен қатар Instagram әлеуметтік желісіндегі @makhambet_pl парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетілді. Жарыс қорытындысымен «Али-92» командасы биылғы Премьер-Лига ойындарының чемпионы атанды. Күміс жүлде «БЖСМ-84» командасына бұйырса, «Medina Food» командасы қола жүлдеге ие болды.
Премьер-Лига ойынында жоғары дәрежедегі ойын өрнегімен танылған ойыншыларға түрлі аталымдар табысталды. «Али-92» командасының ойыншылары – Нұрсат Оңайшиев «Үздік қақпашы» атанса, Иса Қуангереев «Үздік шабуылшы» аталымымен марапатталды. «Medina Food» командасының ойыншысы Данияр Мырзағалиев «Үздік ойыншы», «Бейбарыс» командасының ойыншысы Мұрат Исказиев «Үздік қорғаушы», ал қарсыластар қақпасын 22 мәрте дәл көздеген «БЖСМ-84» командасының шабуылшысы Данияр Сәлімжанов «Сұрмерген» атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубокпен қоса бағалы сыйлықтар берілді. Көрермендер де ұйымдастырушыларға ізгі тілегін арнап, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын шаралардың көп болуын тіледі.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ