«Жетістікке жетеміз, демеушілер табылса...»

Төрткүл әлем көз тіккен футбол ойынына өзге мемлекеттердегідей елімізде де көп көңіл бөлініп, оны дамыту жолдары жүзеге асырылуда.

Халықаралық футбол күні қарсаңында қазақ футболының қамы үшін қарекет етіп жүрген Махамбет балалар-жасөспірімдер мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, он жылдан астам уақыт футбол бөлімінің жаттықтырушысы ретінде еңбек етіп келе жатқан Асқар Алдешов Бақтығалиұлымен осы тақырыпта сұхбаттасқан едік.

- Қазіргі таңда жастардың теңбіл допты тебуге деген құштарлығы қандай?

- Жалпы ауданымызда футболға деген қызығушылық, құштарлық жоғары. Биылғы жылы мектебімізге жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, арнайы футбол алаңы салынды. Соның нәтижесінде футбол ойынына қызығушы балалар саны артты десем болады. Қазіргі таңда тек қана аудан орталығында ғана емес, ауылдық елді мекендерде де бұл спорт түрінің деңгейі жоғарылап келеді. Жаттықтырушы ретінде командамамыз жақсы нәтижеге жетуі үшін бар күш-жігерімізді салудамыз.

-Түрлі жарыстарда ауданымыздың намысын қорғайтын футбол командаларының құрылуы мен жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?

- Соңғы жылдары Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы үш жыл қатарынан ауданымызда өткен «Саяси қуғын –сүргін құрбандарын» еске алуға арналған Ө.Избулов атындағы облыстық ашық турнирді ұтып алдық және аудан әкімінің кубогінде жеңімпаз атандық. 2013 жылы бір шәкіртіміз «Атырау» жасөспірімдер командасы құрамында өнер көрсетіп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ал өткен жылы «Былғары доп - 2017», «Жеңіс кубогі» және облыстық жасөспірімдердің лига ойындарында үш рет қатарынан чемпион атандық. Онымен қоса облыстық «Федерация» кубогінде, «Фольксваген» турнирінде және «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 95 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық турнирлерінде ауданға жүлдемен оралдық. Екі рет облыс біріншіліктерімен облыстық турнирлерге финалға шығып, ІІ орындарды иелендік. Семей қаласында өткен «Былғары доп-2017» республикалық турнирінде күміс медальды олжаладық. Араға бес ай салып Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күніне жасөсіпірімдер арасында Ақтау қаласында өткен республикалық турнирде ІІ орыннан көріндік. Ауданымызда жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы және республикалық жарыстардың күміс жүлдегерлері дайындалды. Биылғы жылы кіші аяқ доптан облыстық іріктеу біріншілігінде чемпион атанса, «Былғары доп - 2018» облыстық турнирде ІІ орыннан көрінді. Айта кететін тағы бір жайт, ауданымызда қыздар футбол командасын жасақтауға мүмкіндіктер бар. 2010-2012 жылдары құрылған қыздар командасы облыстық спартакиада да тұңғыш рет чемпиондық атаққа қолжеткізген едік. Осындай жетістіктерге жетуге себепші болған ең бірінші ата-аналарымыз, мектеп басшылығы және жаттықтырушыларымыз.

-Талай додаларда жеңіс тұғырынан көрінген «Махамбет Сіtу» командасы жайлы айтып өтсеңіз? Команданың ыдырауына не себеп болды?

- Сөзіңіздің жаны бар. «Махамбет Сіtу» командасы талай додаларда топ жарған, ауданымыздың мақтанышына айналған команда десек те болады. Алайда команда не себепті тарап кеткеніне жауап бере алмаймын.

-Ауданымызда футболды дамытуда түйткілді мәселелер бар ма?

-Бұрынғы уақыттарда оқыту-ағарту жұмыстары қара топырақта жүргізілген кездер болды. Одан кейін шағын жасыл алаңда. Қыс мезгілдерінде бокс және дзюдо бөлімдері жаттығуларының аяқталуын күтетінбіз. Балалардың татамидің үстінде ойнаған кездері де болды. Соған қарамастан облыста жүлдегер де, чемпион да атандық. Биылғы жылы техникалық базамыз жақсарды. Арнайы алаңымыз, одан бөлек жаттығу залымыз бар. Футболшы бапкерлеріміз де осал емес, үнемі ізденісте жүреді. Ең үлкен кедергі деп айтар едім ол – қаржы және тасымалдайтын көлік мәселесі. Себебі, қаржы тапшылығынан көптеген жарыстарға қатынаса алмаймыз. Мектептің жеке көлігі болмағандықтан жолдастық кездесулерге және көрші облыстарда өтетін жарыстарға да бара алмай қалып жатамыз. Жалпы балалар футболын дамытуға арнайы бағдарлама мен ірі компаниялардың демеушілігі қажет дер едім.

-Бапкер ретінде еліміздегі үлгі аларлық қандай футбол командаларын атар едіңіз?

- Үлгі аларлық командалар деп еліміздегі белгілі командалардың бірі 9 мәрте Қазақстан кубогінің иегері атанған«Қайрат» командасын айтуға болады. Айтпақшы, футболшы Андрей Аршавин алматылық «Қайрат» клубы туралы кітап жазып жатыр дегенді естідік. Бұл еліміздің футбол саласындағы еңбектердің қатарын көбейтпек. Сондай-ақ, өзіміздің жерлес «Атырау» да жақсы командалардың бірі деп атар едім.

-Футболшыға қандай қасиеттер қажет?

- Ең бірінші адамда ынта болуы керек. Себебі, қайсыбір істе ынта, ниет болмаса алға басуы қиын. Одан кейін футболшы икемді, шапшаң және аталған қасиеттермен бірге қайсар мінезді болғаны жөн деп ойлаймын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT