«Нұршуақ» бөбекжайының тәрбиеленушілері сапалы білім алумен қатар, салауатты өмір салтына да ерекше көңіл бөледі.
Соның бір дәлелі таза ауада өткізілген «Қыс қызығы» атты спорттық сайыс болып табылады.
Сайыстың мақсаты балалардың қыс туралы түсініктерін кеңейтіп, қысқы ойындар мазмұнын меңгерту. Бала денесін ойын арқылы қозғалысқа келтіріп, таза ауада шынықтыру. Іс-әрекетке деген қызығушылығын ойын арқылы қалыптастыру. Ата-анамен байланысты нығайту. ІІ кіші топтар бойынша «Жұлдыз» және «Радуга» тобының бүлдіршіндері ата-аналарымен бірге сайысқа түсті. Сайыс кезеңдері шанамен жарысу, үйшік жасау, қояндар ойыны, аққала құрастыру сияқты шарттардан тұрды. Балалар барлық шартты қызығушылықпен орындады. Ата-аналар тәрбиеші апайлары Анаргүл Қармысқызы және Айгүл Аққалиқызына алғыстарын білдірді.
Ортаңғы «Теремок» және «Гүлдер» тобының бүлдіршіндері де бұл шарадан қалыс қалған жоқ. Балаларымыз өздерінің әке-аналарымен бірге сайысқа белсенді қатысты. Тәрбиешілер Серикова Гүлмира мен Зейнова Гүлжамал, қатысушыларға жол көрсетіп отырды. Балалар шанаменен жарысып, аққала құрастырып, «кім жылдам?», «жолды қардан тазарту» сияқты тапсырмаларды орындады. Бөбекжай меңгерушісі Нұрбану Болатқызы құттықтау сөз сөйлеп, балалар мен ата-аналарға арнайы диплом және сыйлықтарды табыс етті. Сонымен қатар бала тәрбиесіне атсалысып, қысқы сайыста ерекше көзге түскен Заленов Биржан, Сейтов Сатбек, Маратов Артур, Тулешов Ардақ, Бағдалов Елдос атты әкелерге өз ризашылығын білдірді.
Мұндай сайыстар балалардың жылдамдық, ептілік, дәлдік қасиеттерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бауырмалдық, қамқорлық, ауызбіршілік қасиеттерін дамытып, ортақ мақсатқа бірге жетуге үйретеді. Балаларды ерте жастан спортқа баулуға өз үлесімізді қоса бермекпіз.
Наргиза БЕРДЕКЕЕВА,
«Нұршуақ» бөбекжайының дене шынықтыру нұсқаушысы.