8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай Жылыой ауданында жасөспірім қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті.
Оған Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 2009-2010 жылғы тәрбиеленушілері қатысып 1 орынды иеленді.
-Бұл турнирге облыс бойынша 9 команда қатысты. Қыздарым барынша тартысты ойын көрсетті. Әсіресе «Жылыой», «Қаратон», «Майкөмген» командалары лайықты қарсылас болды. Бірақ бағы мен бабы қатар шапқан шәкірттерім намысты қолдан бермеді. Соңғы жылдары облыс көлемінде волейбол спортына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Волейболдың жасөспірім ұлдар мен қыздардың денсаулығына тигізер пайдасы орасан. Сонымен қатар балалар ұйымшылдыққа, топпен жұмыс жасауға дағдыланады. Уақытты үнемді пайдалануды, алдына жоспар құруды үйренеді,-дейді жаттықтырушы Дәурен Әменов.
Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол секциясында 100 тәрбиеленуші бар. Оның 70-і қыз балалар, 30-ы ұл балалар.