Махамбеттік хоккейшілер жүлдегер атанды

Фото: zh-shugylasy.kz

Қылышын сүйретіп қыс келісімен қысқы спорт түрлері де жанданады. Ауданымызда арнайы орын бол­маса да, бос уақыттарында қолдан жасап алған немесе өзен бетіндегі мұз айдынында коньки немесе шаңғы теуіп, шайбалы хоккей ой­найтын әуесқой спортшыларымыз жетерлік. Ол аз десеңіз, жарыстарға барып, жүлдемен оралғандары бар.

Жуырда Аққыстау ауылындағы Қаратүбек хоккей алаңында Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шайбалы хоккейден «Алтын шайба» жүлдесіне арналған спорт ардагерлері арасында ашық турнир өткен болатын.

Салауатты өмір салтын насихаттау және хоккей спортын дамыту, аудандағы қысқы спорт түрлерін жандандыру, арда­герлер арасында спорттық байланыс ор­нату, достық қарым-қатынасты күшейту мақсатында өткен жарысқа «Құрманғазы 1 және 2», «Аққыстау 1 және 2» және «Ма­хамбет», барлығы 5 команда қатысып, өзара бақ сынады. Соның ішінде, ау­дан намысын қорғаған жерлестеріміз жүлделі ІІ орынды еншілеп, мерейімізді өсірді. Бұл жөнінде команда мүшесі Нұрым Мұратов айтып берді.

- Турнир ережесіне сәйкес, жарысқа 40 жастан жоғары спорт ардагерлерінің қатысуы әрі командалардың бір түсті спорттық жейдесі мен қорғаныш киімдерінің болуы талап етілді. Ойын біз күткеннен де жоғары дәрежеде өтті десем артық болмас. Арнайы талапқа сай жасалған хоккей алаңында, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында полиция, жедел жәрдем қызметтерімен, қаумалай қоршаған қалың жұртшылық алдында жарысымыз тамаша өтті. Ау­дан әкімі Нұрым Мусин де қатысып, ойын барысын тамашалап, соңында жеңімпаздарды марапаттады. Жүлделі 1 орынды «Құрманғазы-1» командасы, 2 орынды «Махамбет» командасы, ал ІІІ орынды «Аққыстау» командасы еншіледі. Сондай-ақ, командамыздың мүшесі Арал Өтепбергенов «Үздік қорғаушы» атағын алды. Жарысқа барып-келуімізге қолдау көрсеткен аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне алғысымызды білдіреміз, - дейді Нұрым Мұратов.

Осындай жетістіктерімен қатар, ол аудан жұртшылығы үшін жағымды жаңалықпен де бөлісті.

- Спорттың қай түрі болмасын денсаулығымыздың кепілі. Ал, қысқы спорт түрлерінің ішінде хоккейдің орны бөлек. Әсіресе қазіргідей, күні бойғы кеңседегі қозғалыссыз жұмыс жасайтындар үшін нағыз керек дүние дер едім. Балалардың да бос уақыты телефонға телмірумен өтіп жатқаны өкінішті. Байқасақ, қозғалыссыз өмір көп ауруға жол ашып жатыр. Сондықтан, хоккейдің денені шынықтырудағы рөлі зор. Осындай пайдасын көксеп, көпшіліктің қысқы спорт ойындарына деген қызығушылықтарын оятып, жағдай жасау ниетімен қолдан келгенше күш салып келеміз. Ауданымызға хок­кей алаңын салу жөнінде сан мәрте хат жазып, әкімдердің де табалдырығын тоздырдық. Жуырда ғана осыған қатысты жақсы жаңалықты естігеннен бастап жарғақ құлағымыз жастыққа ти­мей жүр. Осы ауылдың кәсіпкер аза­маты Ерлан Андашев туған өлкесіне үлкен мұз айдынын салу жөнінде ау­дан әкімімен меморандумға қол қойды. Қазіргі таңда жер іздестірілуде. Бұл көп жылғы арманымыз еді. Енді, өзіміздің қауіпсіз әрі талапқа сай жасалған хок­кей алаңында жаттығатын боламыз әрі жастарымыздың да қызығушылығы оянады деген ойдамын, - дейді спорт ардагері.

Спорт ардагерімен әңгімелесу бары­сында ұққанымыз, жастары қырықтың қырқасынан асса да, спорт десе ішкен асын жерге қоятын осындай жана­шыр азаматтарымыз барда бұдан да зор жетістіктерге жетеріміз анық.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT