Тамыздың үшінші жексенбісі «Спорт күні», яғни спортшылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай, аудан спортшылары да жылдағы дәстүр бойынша өздерінің төл мерекелерін атап өтті.
«Демалыс» саябағында ұйымдастырылған салтанатты да сазды шара спортшылардың мерейіне мерей қосты.
Салтанатты шараның алғашқы құттықтау сөзі спорт саласының ардагері Жылқайдар Сұлтановқа ұсынылды.
-Біздің буын аудандағы алғашқы спорт мектебінің негізін қалаған ардагер спортшылар болып саналады. Спортқа қай уақытта да айрықша көңіл бөлініп отырады. Өйткені, саламатты да дені сау ұрпақты қалыптастырудың маңызы өте зор. Қазіргі кезеңде жастардың спортпен алаңсыз шұғылдануына үлкен жағдайлар жасалуда. Облысымызда, оның ішінде ауданымызда көптеген спорт комплекстерінің салынып жатқаны сөзіме дәлел бола алады. Дегенмен, мектептердегі спортзалдардың шағындығы, дене шынықтыру пәндерінің өз деңгейінде өткізілмей жататыны да жасырын емес. Болашақ жастардың дені сау, шымыр болып өсуі үшін спорттың маңызы өте зор. Сондықтан барша жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын. Мереке құтты болсын! – деді Ж.Сұлтанов. Ардагер спортшыдан соң сөз алған аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов аудан спортшылары мен барша спортсүйер қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту керектігіне ерекше назар аударып, әрдайым бұл саланы мемлекеттік маңызы бар басым бағыттардың қатарына қосып келеді. Осы бағытта ауданымызда да көптеген шаралар атқарылуда. Спортты жаны сүйетін жастарға біз әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Аудан орталығындағы спорт комплексі күрделі жөндеуден өткізіліп, жақын арада пайдалануға берілетін болады. Бұдан бөлек, Ақжайық ауылынан да жаңа спорт комплексі салынуда. Сіздерге ауданның намысын облыс, республика шеңберінде ғана емес, әлемдік деңгейде қорғап, көк туымызды көкке көтере берулеріңізге тілектестік білдіремін, – деп жылы лебізін арнаған аудан басшысы одан әрі аудан спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ спортшыларды алғыс хатпен марапаттады.
Атап айтар болсақ, ауданымызға танымал спортшы, қол күресінен Азия чемпионы Р.Молдашева, белсенді мемлекеттік қызметші, волейбол, баскетбол құрама командасының мүшесі С.Жұбанова, тоғызқұмалақтан бірнеше рет аудан, облыс жарыстарының жеңімпазы, «Ұлы дала рухы» ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивалінің чемпионы А.Есенжан, қыздар арасындағы бокстан Алматы қаласында өткен республикалық турнирдің қола медалінің иегері А.Қамарова тобы ие болды. Ал, футболдан аудан құрама командасының мүшесі, бірнеше дүркін облыс жеңімпазы Н.Аманғалиев пен Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, футбол және баскетболдан жеңімпаз шәкірттер тәрбиелеп жүрген ардагер спортшы Қ.Ідірісов Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Алғыс хатын» иемденді.
Келесі кезекте аудан спортының алға басуы жолында аянбай еңбек еткен спорт ардагерлері ұлықталды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Марат Мырзашев ардагер спортшылардың еңбек жолдарынан сыр шертіп Ж.Сұлтановқа, Т.Үмбеталиевке, М.Ибрашевке, С.Шотпақовқа аудандық мәслихаттың Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлықтарын табыс етті.
Аудандық балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры Эльбрус Сағындықов дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Ә.Сиджанованы, Д.Аменовті, Ш.Мұқағалиевты, Ө.Көшетеровті аудандық білім бөлімінің атынан марапаттады. Спортшылардың төл мерекесіне орай түрлі спорттық сайыстар өткізу де ұйымдастырушылардың назарынан тыс қалмапты. Кір тасын көтеруден өткен сайыста Е.Аханов (60 рет), І орынға, И.Жұмағазиев (45 рет) ІІ орынға , А.Тасжан (32 рет) ІІІ орынға ие болды. Білек күшін сынасудан сынға түскен спортшылардың арасынан суырылып алға шыққан С.Дидар І орынды, Ә.Жандарбек ІІ орынды, Ж.Батырхан ІІІ орынды иеленді. Арқан тартыс ойынына қатысқан төрт команданың ішінен Махамбет 84 командасы І орынды, Өрт сөндіру бөлімі ІІ орынды, Ішкі істер бөлімі ІІІ орынды қанжығаға байлады. Жарыстың төрешесі С.Тәжбентай жеңімпаз командаларға ақшалай жүлделер табыс етті. Спортшылар күніне арналған салтанатты шараны аудан өнерпаздары әсем әнмен әрледі.
Баян СҮЙЕУОВА.