Өмірге құштар жандар спорт сайысында бақ сынады

Е.Ағелеуов атындағы орта мектеп спорт залында «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамының» ұйымдастыруымен және аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен облыстық деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттың дойбы, тоғызқұмалақ және үстел теннисі түрлерінен «Бізге спорт та бағынышты» атты сайыс өтті.

Намысыңды қайрап, жігеріңді жанитын еліміздің әнұраны орындалғаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Светлана Аманшиева барша сайысқа қатысушыларды спорт мерекесімен құттықтап, Елбасының саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұстанымдарын алға тартып, байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі кезекте сөз алған облыстық мүгедектер клубының аға жаттықтырушысы Гүлнар Сұпығалиева тағдыр тауқыметін тартып отырған мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығы зор екендігін, олардың арасында спорттық республикалық, халықаралық спорт сайыстарында талай топ жарып, ел намысын қорғаған саңлақтар барын айтып өтті.

Сонымен жарыс шарты түсіндірілгеннен кейін Индер, Жылой, Махамбет аудандары мен Атырау қаласынан келген командалар арасындағы спорт сайыстары басталып та кетті. Жалпы бұл сайысқа тірек қозғалысы жүйесі бұзылған отызға жуық спортшы қатысып, бақ сынады. Араларында арбаға таңылғандары да бар. Соған қарамастан қимылдары ширақ, жеңіске деген жігерлері ерекше сезіліп тұрды. Спорт сайысына төрелік еткен қазылар алқасының ортақ ұйғарымдарымен халқымыздың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан Ғинаятова Аружан жеңімпаз атанса, Жайсаңбаева Айна мен Чечин Александар екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Дойбыдан бәсекелескендер арасында Жиенғалиев Айгүлдің бағы жанса, қалған жүлделі орындар Ақжол Кенжеғали мен Шағирова Гаухар, Ғабдуллина Әсемгүлдерге бұйырды. Ал, Шауменова Жания мен Жаскеленова Жанар ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды. Жасыратыны жоқ, үстел теннисі кез-келгеннің оң жамбасына келе бермейді. Сонда да ширақ қимылдап, шарларды қақпақылдай қаққан Қуангереев Мұқадия жеке және жұптасқан ойын қорытындысымен жеңіс тұғырынан көрінсе, Құлманова Әйгерім ынталандыру сыйлығына ие болды. Спорт мерекесінің жабылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыстады.

Н.Тельман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT