Тәуелсіздік мерекесіне орай аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен шахматтан аудандық турнир өткен-ді.
Ақыл-ой спорты саналатын шахматты бұқараға насихаттау мақсатында өткізілген турнирге барлығы 8 шахматшы қатысып, олар белгілі гроссмейстер Д.Сәдуақасованың өз қолтаңбасын қалдырған шахмат тақтасында өзара сынға түсті. Тартысты өткен сайыс қорытындысымен жүлделі үшінші орынды махамбеттік Данияр Қуанов алса, екінші орынды жалғансайлық жас ұстаз Дархан Қабижан иеленді. Ал қарсыластарын шаң қаптырып, турнирдің жеңімпазы болып, жас мемлекеттік қызметкер Саян Меденов танылды. Барлық жүлдегерлер диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған ойыншылар да марапаттан құралақан қалмады. Оларға алғыс хаттар мен қазақ әдебиетінің туындылары табысталды. Алдағы уақытта сананы сергітіп, ойлау қабілетін шынықтыратын тамаша ойынның ауқымы кеңейсе екен деген тілек бар.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ,
Жастар ресурстық орталығының маманы.