Үш дүркін әлем чемпионын жерлестері күтіп алды

27 қараша мен 5 желтоқсан күндері аралығында Румыния астанасы Бухарест қаласында 68 елдің өілдері бақ сынаған қол күресінен әлем чемпионаты өтті.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында атыраулық ардагерлер спортшылар қатысып, 2 алтын және 2 күміс жүлдеге ие болды. Махамбет ауданының спортшысы, жерлесіміз Рахия Молдашева сол бәсекеде өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, әлемнің үш дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. Қол күресі бәсекесінде оң және сол қолдан да қарсылас шақ келтірмей, үш дүркін чемпион атанған жерлесімізді күтіп алу шарасына аудан әкімі Р.Жанқылыш, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Аруев, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері және белсенді жастар қатысты. Аудан басшысы өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, бұл жеңісі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тамаша тарту болғанын айта келіп, гүл шоғын ұсынды. Қашанда қарапайым қалпынан таймайтын Рахия Әділгерейқызы да қарсылап алушылар мен қолдау білдіргендерге алғысын білдірді.

878bb06a-123c-44b1-9e59-864f499806d6

– Демеушілік көрсеткен Махамбет ауданының әкімі Ринат Бауыржанұлына, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына, ауданның спорт саласының мамандарына рахметімді айтамын. Қол күресі федерациясының директоры Сергей Передистый мырзаға да ризашылығымды жеткізгім келеді. Румыния елінен осымен үшінші мәрте әлем чемпионы атанып келіп отырмын. Қарсылап алып, ілтипат көрсетіп жатқандарыңыз үшін қуаныштымын,- деді Р.Молдашева.

Айта кету керек, 2019 жылы Румынияның Констанца қаласында өткен әлем чемпионатында Рахия Молдашева оң қолдан жеңімпаз атанса, осы жолы қос қолдан да чемпион атанып, аудан, облыстың ғана емес, бүкіл республиканың намысын қолдан бермеді. Ардагерлер арасында 80 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан жерлесімізге «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері» атағы табысталды.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT