Қазақ боксшылары америкалық бапкерге шапан сыйлады

Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшылар Мейірім Нұрсұлтанов (13-0, 8КО) пен Мадияр Әшкеев (13-0, 6КО) аты аңызға айналған бапкер Фредди Роучке сыйлық жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спортшылар белгілі тәлімгерге қазақтың шапанын сыйға тартты.

«Фреддиді туған күнімен құттықтап келдік», - деп жазды М.Нұрсұлтанов Instagram-парақшасында.

Еске салайық, қазақстандық боксшылар Фредди Роучтың залында келесі жекпе-жектеріне ұзақ уақыттан бері дайындалып келеді.

Фредерик Стивен Роуч – америкалық кәсіпқой боксшы, бапкер. Әлемдік бокс тарихындағы ең мықты жаттықтырушылардың бірі. Бокс туралы жазатын Журналистер қауымдастығының нұсқасы бойынша 7 рет «Жылдың үздік бапкері» атанған. Роуч көптеген белгілі спортшылармен жұмыс істеген. Үлкен жетістікке ол филиппиндік Мэнни Пакьяомен жетті.

Мейірім Нұрсұлтанов соңғы айқасын АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 2019 жылдың қарашасында өткізді. WBC (USNBC) нұсқасы бойынша орта салмақтағы АҚШ чемпионы атағы үшін жекпе-жектегі оның қарсыласы мексикалық Кристиан Оливас (16-6, 13 КО) болды. Төрешілер бірауызды шешіммен жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Кештің басты айқасы ресейлік Сергей Ковалев пен (34-4-1, 29 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альварестің (53-1-2, 36 КО) арасында өтті.

Мадияр Әшкеев болса, өткен жылдың қарашасында Американың Гавайан Гарденс қаласында 37 жастағы аргентиналық Родольфо Эзикель Мартинесті (43-8-3, 16 КО) жеңіп, алғашқы титулы – WBC (UNSBC) тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта бос тұрған АҚШ чемпионы атағына ие болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT