Махамбет ауданы Ортақшыл ауылының тумасы Ақбота Ізтелеуова қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Олимпиада резервін дайындайтын облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде білім алуда.
Қосарал орта мектебін үздік тәмамдаған ол мектеп жасынан волейбол ойынымен шұғыланады. Бойындағы ерекше дарындылығы мен волейбол спортына деген ерекше сүйіспеншілігінің нәтижесінде талай жетістіктерге жетіп жүр.
Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысының "Грация-kz" командасында өнер көрсететін жерлесіміз жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикаасының чемпионатында күміс жүлде иеленді.
Әрине, бұл жерде Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол бөлімінің жаттықтырушысы Даурен Аменовтың де еңбегін айтпай кетуге болмас. Оқушы кезінен талантын байқап, талай додаға қосқан ұстаздың еңбегінің еш кетпегендігінің дәлелі бұл. Қосарал орта мектебінің барша ұстаздары қаршадайынан облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындардан көрінген оқушыларына әлі талай биік белестерді бағындыруын тілейді.
Қ.БАҒЫТ