Махамбет ауданы Ақжайық ауылдық округінде осы ауылдың ардақты азаматы, ұлағатты ұстаз Қазихан Тұрғаринді еске алу мақсатында белгілі кəсіпкерлер, «Дастан» шаруа қожалығының басшылары ағайынды Қоныс және Ақтұрлан Ермановтар шағын футболдан аудандық турнир ұйымдастырды.
Оған Алға, Ортақшыл, Махамбет, Жалғансай, Ақжайық ауылдық округтері және Махамбет аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Дастан» құрамасы барлығы 8 команда қатысты. Турнирді ауылдық округ əкімі Сайлаубай Жұмағалиев ашты. Қазихан ағайды бір сәт еске алып, естеліктерімен бөлісе отырып, турнирдің дәстүрлі түрде өтіп жүргенін, осымен бесінші мәрте ұйымдастырылғалы отырғанын айта келіп, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін арнады.
Жүлде қоры 200 мың теңгені құраған тартысты жарыста Махамбет ауылы құрамасы ІІІ орынды иеленсе, Алға ауылы құрамасы жүлделі ІІ орынды қанжығаларына байлады. Турнир жеңімпазы, Кубок иегері "Дастан" құрамасы болып танылды.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ,
«Жас Отан» ЖҚ-ның белсенді мүшесі.