Махамбеттік Руслан Орынбасаров Бразилияда ел намысын қорғады

Жалт-жұлт етіп, бір бөлмелі үйдің сәнін келтіріп, қабырғада ілулі тұрған медальдар Русланның көп жылғы еңбегі мен табандылығымен келді.

1994 жылдың 22 шілдесі күні өмірге келген тұңғышы әрі жалғызының сөйлеп кететіне де, құлағы толыққанды естіп кететіне де анасы бала жетіге толғанша сенді. Үмітін үзбеді. Алайда дәрігерлер қуанышты хабар айтпады. Содан баласын 2002 Ақтөбедегі есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға жіберді.

«СӨЙЛЕП КЕТЕТІНІНЕ СЕНІП ЖҮРЕ БЕРІППІН»

– Егіздің сыңарымын. Менен кейін өмірге келген Ғасырбек тез өсіп, жетілді де, мен 5 жасқа дейін аяққа нықтап жүрмедім. Соның әсерінен болса керек, «балаң сөйлемейді» дегендерге сенбей, күтіп жүре беріппін. Руслан кішкентай күнінде мектеп-гимназияға кетіп қалып, сынып партасына отырып алатын. Оқуға деген талпынысы жақсы болды. Ол кезде Атырауда ерекше балалар мектебі болмаған секілді. Содан Ақтөбедегі есту және көру қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға апардым,-дейді анасы Г.Сәпиқызы.

Русланның есту аппараты арқылы айналада болып жатқан дүниелерді естуге қабілеті бар. Бірақ Үкіметтен берілетін құрылғының сапасыздығы болса керек, ұзаққа шыдамайтын көрінеді. Жақындары ымдау тілі, дене, қол қимылдары арқылы, хат алмасу арқылы сөйлеседі.

– Ота жасатуға болады. Құлақтың тұсына батарея орнатады. Кейін құлақтың тұсына су тигізуге, ауыр зат көтеруге, шапшаң қимылдауға болмайды, жалпы спортпен айналысуға тыйым салынады. Ал он жылға жуық жүгіру спортымен шұғылданып келе жатқан Русланым үшін бұл ауыр соққы болар еді. Бір жағынан ол өте қауіпті. Бір досы ота жасатып, ол кері әсер еткенін айтқан балам үзілді-кесілді қарсы болды,- дейді Гүлхан апа.

Гүлхан апаның жолдасы ұзақ уақытқа созылған дерттен 2010 жылы қайтыс болды. «Жалғыз баласы бардың шығар- шықпас жаны бар» деп қазақ бекер айтпайды. Русланның бар жағдайын жасамақ мақсатта барын аузына тосып, қалағанын орындап келеді. Баласы да ананың сенімін ақтауға тырысып-ақ келеді.

09b33f53-6d1c-494a-8c43-840e08bc1e6b

АҚТӨБЕЛІКТЕРДІҢ ҚОЛДАУЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ

Ұзақ қашықтыққа жүгіруден еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасы құрамасының мүшесі Руслан Орынбасаров бесінші сыныпта оқып жүрген уақытта спортқа деген қызығушылығы оянып, 2013 жылдан бастап түрлі жарыстарға қатыса бастады. 2014 жылы дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубына қабылданды. Тыңғылықты дайындығының нәтижесінде түрлі жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көріне білген Русланға екі жыл өткеннен кейін жеңіл атлетикадан «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» атағы берілді. Жақында ғана «Спорт шебері» атағын қорғады.

2014 жылы мектеп-интернатты бітірген соң екі жылдан кейін Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға қабылданды. Алайда ағайын-туыстың, жақынының жаныңда жоқтығы, туған ауылдан қашықтығына байланысты көп ұзамай ол жердегі оқуынан шығып, Ақтөбеге қайта келеді. Құжаттарының кеш келуі себепті бұл жердегі жоғары оқу орнына түсе алмаған Руслан сол қаладағы колледждердің біріне қабылданып, өткен жылы ғана аяқтап, қолына спорт саласының маманы деген дипломын алады. Бүгінгі күні Ақтөбедегі дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы арқылы жарыстарға, оқу- жаттығу жиындарына барып жүр. Жеңіл атлетикадан спорт шебері ретінде Ақтөбедегі өзі жаттығып жүрген спорт клубтан стипендия төленеді. Қазіргі таңда бұл спорт клубта спорттың 23 түрінен 1304 спортшы дайындалады.

– Дайындықты осы біздің клубта жүргізеді. Жаттықтырушысы Али Құстановтың бұл тұрғыда еңбегін атап кеткен жөн болар. Ауылына анда-санда барып тұрады. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы ретінде 120 мың теңгеге жуық шәкіртақысы бар. Оны біздің клуб арқылы Ақтөбе облыстық спорт басқармасы төлеп отыр. Оқу- жаттығу шығындарының бәрін клуб өз мойнына алады. Спортшылардың оқу-жаттығуына және жарыстарға қатысуына қол ұшын беріп, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырмыз. Жігері жасымаған қайсар жандардың алдағы уақытта да тамаша табыстарға жететініне біздің сеніміміз зор. Сондықтан өз тарапымыздан қолдан келген жағдайдың бәрін жасап, олардың шеберліктерін шыңдай беруді жалғастыра бермекпіз,- дейді Ақтөбе облыстық дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының әдіскері Айболат Бекболатұлы.

«Кедергісіз келешекке» жасалған қадам деген осы шығар, сірә?! Бір қызығы, өткен жылы осы спорт клубтан Русланды анасы шығарып, Атыраудағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубқа беруді ойлайды. Алайда Гүлхан апа бұл шешім арқылы тығырыққа тіреліп қалғанын айтады.

– Ақтөбедегі спорт клубтан шығарып алып, Атыраудағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубтан жаттығуды жалғастыруын қаладым. Мен ол жерде стипендияның төленбейтінін қайдан білейін. Сол кезде баламның маған өкпелеп қалғаны бар. Үш айдан кейін Ақтөбеге барып, спорт клубқа қайта қабылданып, оның да, менің де көңілім жай тапты. Спорт клубтан алатын стипендиясы бар, мүгедектіктен алатын төлемі бар, өз басына жетеді. Өзім де көмектесіп тұрамын,- дейді анасы.

d6284e77-64f9-4589-ba6c-1fdcf29a41cf

«БІЗДЕР ҚАРАЖАТ ТӨЛЕМЕЙМІЗ»

Түрлі жағдайлармен өмір сынағына ұшырап, тағдыры мүгедектікпен байланысқан жандардың спортпен айналысуына толыққанда жағдай жасап отырған Атыраудағы бірден-бір орын – мүгедектер спорт клубының басшылығымен де байланысқа шықтық. Клуб директоры Аманбай Қыздарбаевтың айтуынша, спортшыларға қаржылай қолдау көрсету спорт басқармасы арқылы жүргізіледі.

– Өзге аймақтың клубында жаттығып жүріп, Атырауға келгісі келсе, ол жерден толығымен, біржолата шығып келуі қажет. Арызын жазып, құжаттарын жинақтап келуі керек болады. Бұрынғы дайындалып жүрген жерінен шықпай өзге клубта дайындалу жарысқа барар кезде өзіне қиын болады. Паралимпиада, Азия, Әлем чемпионаттарынан орын алғаннан кейін спортшының қатысқан жарысы бойынша комиссиядан өткізіліп, нормасы тексеріліп барып, облыстық спорт басқармасы қаржылай қолдау білдіреді. Екі-үш спортшы қатысқан жарыста қаражат төленбеуі де мүмкін. Клуб тарапынан нәтиже көрсеткен спортшыға жалақы төлеу бойынша спорт басқармасына ұсыныс береміз. Яғни бұл жерде бәрі басқарманың қолында болып тұр. Біздер қаражат төлемейміз. Спортшылардың оқу-жаттығу шығындарын ғана көтеріп аламыз. Біздің клубта жаттығатындар – көпжағдайда тірек-қимыл жүйесінде ақаулығы бар спортшылар. Жаттықтырушылар соларға баса мән бергенмен де, сөйлеу және есту қабілеті төмен спортшыларды қатар жаттықтыруға қабілеттері жетеді,- дейді клуб директоры.

Атырау мүгедектер спорттық клубы мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасап, қажетті жабдықтарымен қамтамасыз етіп отыр. Клубта қазіргі таңда спорттың 17 түрі қызмет көрсетіп, оларда барлығы 360-қа жуық спортшы тұрақты жаттығуларын өткізеді. Жүзу спортымен айналысатын Ержан Сәлімгереев, Дмитрий Ли, парадзюдошы Ануар Сариев – осы спорт клубтың спортшылары. Отырып ойнау волейболы, шахмат, дойбы, пауэрлифтинг, үстел теннисі, дзюдо, жеңіл атлетика және өзге спорт түрлері жақсы қолға алынған.

bd675482-b3fa-4e7a-96ec-d237d4b5840e

СУРДЛИМПИАДАДА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАДЫ

ХХIV жазғы Сурдлимпиада ойындарына жолдама алған Руслан Кашиас- ду-Сул қаласына ел намысын қорғауға Ақтөбеден аттанған 4 спортшының қатарынан табылды. Бұл ойындарға әлемнің 100 елінен 4500-ге жуық спортшы қатысқан. Спорттың 20 түрі бойынша 200-ге жуық медаль жиынтығы ойнатылыпты. Ал Қазақстан намысын қорғаған 65 спортшы таэквондо, еркін күрес, грек-рим күресі, каратэ, үстел теннисі, бадминтон, дзюдо, жеңіл атлетика және жүзу секілді барлығы 9 спорт түрінен бақ сынады.

Есту қабілеті төмен спортшылар арасында өткен төрт жылдықтың басты бәсекесіне жолдама алу жерлесімізге оңайға түспегені анық. Еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық құрамалар жасақталды. Мәселен, жеңіл атлетика шеберлері елордада бас қосқан. Қазақстан біріншілігіне барлық аймақтан 120-ға жуық қатысушы келіп, 14 бағыт бойынша өзара мықтыны анықтапты. Бразилия мемлекетінің Кашиас-ду-Сул қаласында өткен дүбірлі додаға қатысып келген жерлесіміз Русланмен Whatsapp желісі арқылы аз-кем тілдескенбіз.

– Наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен жеңіл атлетикадан есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 1500 метр мен 3000 метр қашықтыққа жүгіруден, 4х400 эстафетадан жүлделі бірінші орынды алдым. Кейін сәуірде ауылда дайындалып жүрген жерімнен Ақтөбе спорт басқармасы шақырып, Бразилияға баратындығым туралы хабарлады. Осы кездегі анам екеуміздің қуанышымызда шек болмады. Жаттығу жасауға бар жағдайды жасап жүрген спорт клубтың басшылығына, жаттықтырушыма және анам мен жақындарыма ризашылығымды білдіремін,- дейді Руслан.  


02128c6a-0b0d-4360-8af6-1b1a0de35fb6

Сурдлимпиадаға жеңіл атлетика спортынан Қазақстан атынан 10 спортшы қатысқан. Руслан 3000 метрге, 5000 метрге, 10 км, 42 км қашықтыққа жүгіріп, әлемнің мықтыларымен сынға түсіпті. Сондай-ақ, 4х400 метр эстафетаға қатысты. Африка мемлекеттерінің жүйріктерімен жарысқан Руслан жүлдеге іліге алмаса да төрт жылда бір келетін жарысқа қатысудың өзін үлкен жетістік санайды. Айтуынша, климат ауыстыру, жарыс алдындағы қобалжулар да әсер еткен.

«ҮЙІМІЗ АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙДА ТҰР»

Қазіргі уақытта анасы екеуі Махамбет ауданының орталығындағы ескі аурухана ғимаратын 18 жылдан бері паналап келеді. Қыста жылуы бар демесеңіз, жаңбыр жауса төбеден суы кетіп, жағдайы мүшкіл халге түседі. Қанша жамап-жасқап, жөндеу жасағанмен ескінің аты – ескі, ұзаққа шыдамайды. Аядай ғана бөлмеде еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, жарысқанда шашасына шаң жуытпас желаяқ Руслан Орынбасаров есімді азаматтың тұратынынан жергілікті атқарушы орган өкілдері хабардар ма екен? Ай, қайдам?... Анасы Гүлхан қанша көмек сұрап барғанмен де, үйдің кезексіз берілмейтіндігін ғана естуден-ақ шаршап, тауы қайтып қалған.

– Үйіміздің жайын өзіңіз көріп тұрсыз. Жағдайы өте нашар. Қазіргі күні ескі аурухана ғимаратында 14 отбасы тұрамыз. Руслан мүмкіндігі шектеулі жан ретінде үй кезегінде 33- ші болып тұрса, апаттық үй санаты бойынша 29-шы болып тұрмын. Жақын арада көппәтерлі үйлер салынып жатса, бұйырар деген сеніммен күн кешіп отырған жайымыз бар. Өзім екі жерде жұмыс жасап, нәпақамды тауып отырған жайым бар. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, әр жарысына қолдау білдіріп отырамын, кейде жақын жерде болса, бірге барамын. Ұлым мақтауға да, мақтануға да тұрарлық,- дейді Гүлхан Салихова.

Жанына спортты серік еткен мүгедек жандардың мәселесін түбегейлі шешуге жергілікті билік өкілдері енжар қарап тұрғандай. Жылына бірнеше мәрте, республиканы айтпағанда, халықаралық жарыстарға қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрінетін мүгедек спортшыларды жұрттың бәрі жақсы біле бермейді. Тіпті, көк Туымызды желбіретіп, өзге елде Әнұранымызды асқақтатқан мұндай жандардың бар-жоғы белгісіз сияқты. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар жарысқа бармай қалып жатқан жоқ. Керісінше, облыстың, еліміздің намысын қорғап, жарыстарға белсенді түрде қатысып жүр.

7b15084d-0559-4efd-985f-5ac1953f10b3

ТҮЙІН

Иә, ауылымызда осындай қарапайым Руслан есімді жігіттің тұратынын біле жүріңіз. Талпынысы жоғары талантты жігіттің тасада қалмауын, өңір спортының дамуына үлес қосуын қаласақ, бүгіннен бастап қолдау білдірейік. Ақтөбе облысы да жат болмағанмен, өз туған жерінің намысын қорғауды мақсат еткен жігітке ең болмағанда сапалы есту аппаратын алуға, мүмкіндігі шектеулі жан ретінде спортпен емін-еркін айналысып, қолдау білдіруді, анасы мен баласына жайлы баспана беруді қолға алу қажет болып тұр. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, мүддесі биік ел спортшысы Руслан Құсайынұлының алдағы спорт бәсекелерінде жеңіс тілейміз. Бір жеңісі жігерін жандырып, алдағы жеңістерге желіктіріп отырары сөзсіз.

 

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT