Мақат ауданында «Жас Отан» Жастар қанатының қолдауымен аймақтық спартакиада ұйымдастырылды.
Оған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты орталықтар қызметкерлері, жастар ұйымдары мен белсенді жастар қатысты.
Мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, аудан жастары арасына берік қарым-қатынас орнату. Волейбол, футбол және үстел теннисінен спорттық сайыстар өткізілді. Онда Махамбет ауданынан барған үміткерлер де бақ сынады. Шараның ашылу салтанатында Мақат ауданы әкімінің орынбасары Хайдар Мақсотұлы қатысушыларға алғыс білдіріп, командаларға сәттілік тіледі. Өте тартысты өткен бәсекеде кіші аяқ добынан мақаттықтар жеңіс тұғырынан көрінсе, махамбеттіктер мен құрманғазылықтар қалған жүлделерді қанағат тұтты. Мақат аудандық командасы волейболда да алғырлық танытып, алдыңғы орынға шықты. Сәйкесінше, Құрманғазы мен Махамбет аудандарының жастары екінші және үшінші тұғырдан көрінді. Үстел теннисінен Исатай бірінші, Мақат екінші, Махамбет ауданынан қатысушылар үшінші орындарға жайғасты.
Жарыс нәтижесінде, жалпы командалық есепте мақаттық жастар басымдыққа ие болды. Ал, құрманғазылықтар күміс, махамбеттіктер қола жүлде иеленді. Жеңімпаздар Кубокпен және алғыс хаттармен марапатталды. Үздіктер қатарынан көрінген махамбеттіктер арасында кіші аяқ доптан Бекжанұлы Әліби «Үздік қорғаушы», волейбол мен үстел теннисінен «Үздік ойыншы» номинациясы Маев Данияр және Сыдықов Ержандарға бұйырды. Осылайша, Атырау қаласынан бастау алған спартакиада келер жылы Құрманғазы ауданында өткізілмек.
Өз тілшіміз.