Махамбет ауданында бокс үйірмелерінің саны артып келеді

Ауданда Әлфарит Жұмалиев алғаш бокс үйірмесін ашқаннан кейін облыстық, республикалық жарыстарда Махамбет ауылының ғана өрендері өнер көрсететін.

Күні кешегі дейін де сондай жағдай орын алып келген-ді. Кейін Бейбарыс, Ақжайық ауылдарында секциялар ашылып, жұмыс бастады. Биыл Ортақшыл және Таңдай ауылдарында үйірмелер ашылып, балғын бокшылар арасындағы бәсеке қыза түсті.

Таяуда өткен 2009-2010 және 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында аудандық біріншілікте 100-ден аса спортшы бақ сынады. Бес команда қатысқан бокс бәсекесі аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Аталған турнирге екі ай бұрын ғана Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің жанынан ашылған бокс үйірмесінің тәрбиеленушілері де қатысты. Бокстан жаттықтырушы Ерасылан Естаевтың айтуынша, жас былғары қолғап шеберлері үшін барлық жағдай жасалған.

boks2

– Балалардың боксқа қызығушылығы жоғары. Қыркүйек айында жұмысын бастаған үйірмеде 40-тан астам оқушы дайындалады. Бұл спорт түріне енді қадам басып, шыңдалып келе жатқан жас спортшылар үшін осындай жарыс өзін көрсетуге, қабілетін байқауға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі жарыста қос боксшымыз жеңіске жетіп, өзге де спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мемлекет басшысы халықты салауатты өмір салтын сақтауға, спортпен шұғылдануға шақырып, осы бағытта Үкіметке бар жағдайды жасауды тапсырды. Президенттің қолдауын сезінген біздер алға қарай жемісті еңбек етеміз деп сеніммен айта аламын,-дейді жаттықтырушы.

Таңдайдың тарландарының арасында топ бастаған қос өрен – Рахым Дүсіп 38 келі салмақта 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында, 40 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Нұрберген Жұбанышұлы 2009-2010 жылғылар арасындағы сайыста жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің дипломдарымен марапатталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT