«Ер жүректілер» күтеді

2018 жылдың 1 қарашасында ауданымызда «Ер жүректілер» қоғамдық қорының қолдауымен «Ер жүректілер» спорт клубы ашылған болатын.

Спорт шеберлігіне үміткер Мұхадия Қуангереев пен оның жары Гүлден Утебалиева аудан әкімінің қабылдауына келіп, мүгедек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, спорт клубын ашу ойлары барын айтқан-ды. Аудан әкімі де аула клубтарының ауданымызда аздығын, әсіресе, мүгедек жандардың спортпен айналысуына жағдай жасау керектігін айтып, қашанда қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізген болатын. Аудан басшысы аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне, басқа да мекемелерге қолдау көрсетуге шақырған-ды. Көп ұзамай «Ер жүректілер» клубының ашылып, тұрақты жұмыс істей бастағанын көрдік.

Ерлі-зайыпты Мұхадия мен Гүлден алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау-бизнес» жобасы бойынша білім алды. Кейін «Теңізшевройл» компаниясының «Жарқыра» бағдарламасымен ұсынған жобалары үздік деп танылып, 1 млн. 360 мың теңге көлемінде қаржылай грантқа ие болды. Облыстық мүгедектер спорт клубының жанынан құрылған ау- дандық тоғызқұмалақ ойынынан әдіскер Мұхадия Қуангереевтің 30 шәкірті бар екен. 2015 жылы Павлодарда өткен үстел теннисінен жүлделі 3 орын алып, спорт шеберлігіне кандидат атағын жеңіп алған Мұхадия мен Гүлден отбасында үш бала тәрбиелеп отырған жандар.

Бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ашылған «Ер жүректілер» спорт клубы бүгінде Махамбетке кіре беріс көшедегі «Аруна» сауда орталығында орналасқанын айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Мұнда спорттың үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ бойынша қызмет түрі көрсетіледі екен.

– Мекенжайымыз өзгергелі келушілер саны күрт азайып кетті. Кейбіреулер «спорт клубы қай жерде?» деп қоңырау шалып, сұрап жатады. Сондықтан спортты жанындай сүйетін мүмкіндігі шектеулі жандар болсын, спортпен айналысқысы келетін жастар болсын біздің клубқа күнде келіп, жаттығуына мүмкіндік бар. Мұнда сіздер үшін бар жағдай қарастырылған. Бізде спорттық құрал-жабдықтар жеткілікті. Үстел теннисіне арналған робот бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін, ал ересектерге ақылы түрде қызмет көрсетеміз. Қай түрімен шұғылданамын десеңіз де өз еркіңізде. Қашанда уақыт шектемей, сүйікті ісіңізбен айналысуыңызға біз көмектесеміз. Сіздерді асыға күтеміз, келіңіздер!-деді Г.Утебалиева.

Соңғы кездері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы аса көп емес, тек саусақпен санарлықтай ғана. Мұнда келіп, жаттығып жатқандар қарасы көп екен.

Қоғам үшін игілікті іс атқарып келе жатқан Мұхадия мен Гүлденге біз де кәсіптің нәсібін көру жазсын, ел-жұрт үшін жасап жатқан істеріңіз оң болсын дейміз.

А.ТЕКЕБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT