Каратэнің кәсіби ортада танымал, бірақ көпшілік үшін беймәлім бір тармағы бар және ол «киокушинкай каратэ» деп аталады. Елімізде бұл спорт түрімен шұғылданушылар қатары көп. Солардың қатарында Халықаралық дәрежедегіі спорт шебері Айгерім Айшуақова жаттықтыратын махамбеттіктер де бар.
Киокушинкай негізінен ұпай жинау бойынша ерекшеленеді. Мұнда қорғана жүріп жеңіп кетуге болмайды. Соққының тиімділігіне көп мән беріледі, жай ғана соққыға ұпай берілмейді. Ал шинкиокушинкай – күштілігімен, қарапайымдылығымен және тиімділігімен сипатталатын каратэнің ең күшті түрі. Атлетикалық, динамикалық және белсенді шабуыл стилі.
Жуырда Атырау қаласында каратэ шинкиокушинкайдан балалар мен жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир өтті. Аталған жарысқа Махамбет ауданынан 15 спортшы қатысып, 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальға ие болды. Атап айтқанда, Хадиша Ринатқызы турнир жеңімпазы атанса, Захида Сағынбай екінші орынға ие болды. Ілтипат Асхатқызы мен Аршат Бауыржан қола жүлдені қанжығасына байлады.