Әрқашан ізденісте жүретін жаттықтырушыларымыз көп болсын.
Әлемдік доп додаларында өнер көрсететін футболшылардың ойындарын сүйсіне қарауға болады. Қарап отырып, «Осы неге біздің ойыншылар жоғары деңгейде өнер көрсетпейді, ауылдың балаларын неге алмайды?» деп, өз-өзімізге, жоғары жаққа ренжитініміз рас. Ал ауыл балаларының спорттық бабы қандай деңгейде екенін Махамбет ауданының футболшыларының жеткен жетістіктері арқылы көруге болады. Балғын спортшылар аудан, облыс намысын қорғап, талай додада топ жарып, қуантып жүр. «Дарынды шәкірт – білікті ұстаздан» демекші, бұл балғын аяқдоп шеберлерінің артында әрине, олардың бапкерлері тұрғаны анық. Жаттықтырушылар Асқар Алдешов, Әділет Идрисов және Шыңғыс Мұханғалиевтардың жұмысы қашан, қалай басталып еді?
ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖҰМЫСЫМЫЗҒА ТҰСАУ САЛДЫ
Көшенің шаңын шығарып, доп қуалаған бала Асқар аудан орталығындағы О.Шонаев атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде дене тәрбиесі мамандығы бойынша білім алады. Аталған оқу орнын 1999 жылы аяқтап,сол жылы жас маман ретінде Махамбет ауданына келіп, Е.Ағелеуов атындағы орта мектепке бастауыш сыныптардағы дене тәрбиесі пәні мұғалімі атанады.Жайық жағасындағы шағын ғана Лесхоз (қазіргі «Өткел») елді мекенінде өмірге келіп, арманына ұмтылған қара домалаққа «бұл не бітірер дейсің?» деп, күле қарағандар да болды. Бірақ ол өзінің мықтылығын талпынысы, ізденісі арқылы көрсете білді. Ол жаттықтырған оқушылар аудандық, облыстық жарыстардан жүлдесіз қайтпайтын-ды, чемпион да атанды. Мектептің қара топырақ алаңына талай облыс деңгейіндегі жарыстарды ұйымдастыруға сол кездегі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Н.Аятов, Қ.Шүйінішқалиев, Ә.Бекешов,М.Ибрашев, Э.Ұзаққалиева және пән мұғалімдері Ж.Ожаев, Х.Мұқашевтар болып атсалысады. Мектеп директорлары Х.Тәжмағамбетов, А.Бисенғалиев және Г.Неталиевалар басқарған мектептің табалдырығынан тәлім-тәрбие алып, артынан көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұстаз атанады.
Махамбет бабамыздың 200 жылдығы қарсаңында дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Андашевтың шақыруымен екі жылдай бөлімде бас маман қызметін атқарады. Талай спорттық шараларды ұйымдастыра жүріп, жауапты қызметте әбден ысылған Асқар ағай 2007 жылдың 16 шілдесінде Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры А.Қабеновтың облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына берген ұсынысы негізінде аталған мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Сол жылдан күні бүгінге дейін аталған лауазыммен қоса футболдан жаттықтырушылық қызметті атқарып келеді.
– Спорт мектебіне келген жылдары «футбол» бөлімі болмағандықтан «баскетбол» бөлімінде оқыту-жаттығу жұмыстарын жүргіздім. Облыстық жарыстарда баскетболдан қыздар командасының жүлдегерлер қатарынан көрінуіне атсалыстық. Ал 2011 жылы мектеп директоры А.Қабеновтың бастамасымен және сол кездегі дене тәрбиесі, спорт басқармасы басшысының орынбасары Г. Қаленованың қолдауымен ауданымызда тұңғыш рет «футбол» бөлімі ашылды. Бұл бөлімнің алғашқы жаттықтырушылары Қайрат Идрисов екеуміз болдық. Бүкіл қажетті құжаттарды өзім аяқтай жүріп, басқармаға тапсырғаннан кейін жұмыс та басталды.
Мектеп директоры А.Қабеновтың қолдауымен ауданымызда «31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай өтетін облыстық дәстүрлі турнир ересектер арасында ғана емес, балалар арасында да өтетін болып белгіленді. Бұл турнирді Қ.Идрисов екеуміздің шәкірттеріміз үш жыл қатарынан, яғни 2012, 2013, 2014 жылдары жеңіп, ауыспалы Кубокті ауданда қалдырды. Сол жылдары Қ.Тұрғарин атындағы турнирде және аудан әкімнің Кубогінде чемпион атанып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Ал 2012 жылы спорт мектебінің қыздар командасы мектеп оқушыларының спартакиадасында тұңғыш рет чемпиондық атаққа қол жеткізіп, Кубокті иелендік. Аталған жылдар ішінде Есбол ауылдық округіне қарасты Қосарал орта мектебінен «футбол» бөлімшесі ашылады. Мектебімізде Ә.Идрисов, Ш.Сұлташев, Ж.Бақтығали сынды жас мамандар өз жұмыстарын бастады.
Қосаралдағы жаңадан ашылған бөлімше де жақсы жетістіктермен бастап, облыстық ойындарда үздіктер қатарын көрініп жүрді. Бірақ бөлімшедегі мамандардың дипломдары сәйкес болмағандықтан жабылып тынды. Аудан басында Ә.Идрисов екеуміз өз жұмысымызды жалғастыра бердік. Тынымсыз әрі тыңғылықты жұмыстың арқасында 2013 жылы шәкіртіміз Әліби Бекжанұлы «Атырау-1999» құрама командасы қатарында өнер көрсетіп, Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Дайындаған шәкіртіміз сол кездегі өңір басшысы Б.Ізмұхамбетовтың қабылдауында болып, марапатталды. Сол жылы тағы бір шәкіртіміз Б.Қошқарбаев «Атырау-2001» құрама командасында өнер көрсетті. 2015 жылы Әділет екеуміздің бастап баруымызбен шәкірттеріміз Орал қаласында өткен А.Ионкин атындағы халықаралық турнирге қатынасса, кейін көп кешікпей ата-аналардың демеушілігімен Ақтау қаласында өткен А.Келжанов атындағы республикалық турнирден жүлдемен оралды. Қаржы тапшылығына байланысты көптеген жарыстарға қатыса алмаған кездер де болғанын жасырмаймын, - дейді Асқар Бақтығалиұлы.
АТА-АНАЛАРДЫҢ СЕПТІГІ КӨП ТИДІ
– Футбол - ол командалық ойын, алаңдағы ойыншылардың барлығы бір адамдай болып ойнауы керек. Сондықтан да барлығын бірдей жұмылдырып ойнату үшін уақыт керек және бәрі еткен еңбекке байланысты. Еңбек етпесең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу екіталай. 2017 жылы ауданымызға «Атырау» футбол клубының негізгі ойыншыларын шақырту арқылы ауылдың қара домалақ балаларына «шеберлік сағатын» ұйымдастырдық. Сербия, Ресей футболшыларымен кездескен біздің шәкірттеріміз үлкен әсер алып, жеңіске жетуге деген талпыныстары одан әрі күшейді. Атырау қаласының футбол орталығының жаттықтырушылары да мектеп футболшыларымен ашық сабақтар, жолдастық кездесулер өткізіп тұрады. Осы уақытқа дейін жазғы мезгілде футболшыларымыз жаттығу жұмыстарын топырақтың үстінде жүргізсе, қысқы мезгілде зал болмағандықтан алақандай ғана татамидің үстінде жаттығып жүріп те облыстық жарыстардан құр қол қайтпады,- дейді бапкер.
Спорт мектебінің футболшылары 2017 жылы тұңғыш рет «Жеңіс кубогін» иеленіп, чемпион атанса, араға екі апта салып 2005-06 жылы туған жасөспірімдер «Былғары доп – 2017» облыс біріншілігінде жеңімпаз атанып, Семей қаласында өтетін республикалық додаға жолдама ұтып алады. Көп кешікпей, Шығыс Қазақстан өлкесінен қуанышты хабар жетеді. Араға 48 жыл салып мектеп футболшылары тұңғыш рет күміс жүлдені қанжығаларына байлап, аудан, облыс намысын абыроймен қорғайды.
- 2016-2017 жылдары ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, көптеген облыстық жарыстарға қатысуға демеушілік көрсетті. ШҚО-дағы жарысқа қатысуға, күміс жүлдеге қол жеткізген Ақтау қаласындағы турнирге қатысуға атааналардың көп септігі тиді. Осы жылдар ішінде Бейбарыс, Сарытоғай ауылдарынан қайтадан «футбол» бөлімшелері ашылды. Ол бөлімшелерге Ш.Мұханғалиев,М.Қартқожақовтар жаттығу жұмыстарын жүргізді. Мектептен қаражат бөлініп,балғын спортшыларымыз әр облыстағы жарыстарға қатыса бастады. Футболшылар 2018-19 жылдары талай облыстық Лига ойындары мен турнирлерге және «Былғары доп» мектеп оқушыларының біріншіліктерінде топ жарып, чемпион атанды. Атырау қаласында Конституция күніне орай өткен облыстық турнирдің финалдық бәсекесінде спорт мектебінің балғын футболшылары «Бейбарыс» ауылындағы бөлімшенің командамен кездесіп, мектептің қос бірдей командасы І, ІІ орындарды иеленді. Футболшыларымыз облыстық деңгейде өткен жарыстарда 8 мәрте чемпион атанды,-дейді бапкер.
2018 жылы аудандық балаларжасөспірімдер спорт мектебіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп,қосымша күрес, бокс залдары және футбол алаңы салынып, мектептің игілігіне берілді. Аяқ допшылар жазғы мезгілде жасанды алаңда болса, қысқы мезгілде футзалды серік етеді. Мектептің қолдауымен жаттықтырушылар Алматы қаласында біліктіліктерін шыңдап, баламен жұмысты жандандыру үшін «С» категориясын иеленген.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫС ӨТКІЗУГЕ ҚАБІЛЕТ БАР
Мектеп тәрбиеленушілері Жамбыл облысында өткен республикалық турнирде чемпион атанды, ал Қаратау қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде 5-орынды иеленсе, Ресей Федерациясының Астрахан қаласында өткен «Каспий кубогінде» де бесінші сатыға табан тіреді. Сол жылы жаттықтырушылар А.Идрисов, Ш.Мұханғалиев өз қаражаттарымен шеберліктерін шыңдау мақсатында Алматы қаласында ұйымдастырылған футзалдан Чемпиондар лигасының финалын тамашалауға мүмкіндік алады. Мамыр айында мектептің жасыл алаңында саяси қуғын-сүргін құрбаны Өтеміс Есболұлы атындағы облыстық турнир өтіп, аудан футболшылары тағы да чемпион атанады. – Ауданымызда асхана және жатақхана қолжетімді болса, республикалық жарыс өткізуге болатынына көзіміз жетті. Қазан айында Ақтау қаласында «NS CLUB» турнирінде ІІІ орынды иелендік. Былтырғы 2020 жылы мектептің атынан қатынасқан қос бірдей команда Жамбыл облысының Қаратау қаласында өткен республикалық турнирде чемпион атанып, ауданымызға алтын медальмен оралдық. Чемпиондарды сол кездегі аудан әкімі Ж.Ахметов қабылдап, арнайы «Алғыс хат» табыстады. Аталған турнирге Ә.Идрисов, Ш.Мұханғалиевтермен бірге дайындаған шәкірттеріміз көп кешікпей облыс біріншілігінде чемпион атанды. Былтырғы жылы Ақжайық ауылында су жаңа спорт кешені бой көтеріп, «футбол» бөлімі ашылды. Бұл бөлімде қазіргі уақытта А.Мүтиев жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Футбол бөліміне негізі 8-10 жастан бастап қабылдаймыз. Ал футбол орталықтарында одан да төмен жастан қабылдай береді.
Өткен жылдың көктемінде карантинге байланысты жаттығуларға тыйым салынды. Тек жаңа оқу жылының қыркүйек айынан бастап жұмысымыз қайта жанданды. Мектебімізде көптеген жарыстарды ұйымдастырдық. Карантиндік талаптарды орындай отырып, биылғы жылы Атырау қаласындағы жарыстарға қатынасып, чемпион атанып, «Арсенал кубогін» иелендік. ҚР Тәуелсіздік күніне орай өткен республикалық жарыста Маңғыстаудан 12 команданың арасынан жүлдемен оралсақ, Жаңаөзен қаласынан «JF ACADEMY» кубогін иелендік. Күні кеше ғана «NS CLUB» кубогінде топ жарып, чемпион атанса, кіші жасөспірімдер де Ақтаудан «Аманат» кубогін жеңіп алды.Жалпы футбол үлкен ізденістен тұрады,ізденсең биікке жетесің, ізденіс болмаса тасада жүре бересің. Күні кеше кәсіпкер Н.Ахановтың қолдауымен мектеп жаттықтырушысы Ә.Идрисов білімін жетілдіріп, шыңдау үшін «Атырау» футзал командасымен Алматы қаласында оқытужиынында болды. Қазіргі таңда сол алған білімін ауыл балалары мен жастарына үйрету үстінде. Өзімізден түлеп ұшқан шәкірттеріміз аудан құрамасы сапында жоғарғы лигада өнер көрсетуде.
Әріптестерім Ә.Идрисовпен Ш.Мұханғалиев – ізденісте жүретін ұстаздар. Жас болса да арттарынан көптеген шәкірттер тәрбиелеп келеді.Кей шәкірттеріміз дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, «футбол» үйірмесін мектептерде жүргізуде. Жалпы «спорт мамандығына барамын» деп отырған шәкірттеріміз баршылық. Алла сәтін салсын, оны алға қарай уақыт көрсетеді. Ендігі мақсат – алдағы жарыстарға дайындалып, мүмкіндігіне қарай жақсы көрсеткіштер көрсету. Осы жеткен жетістіктеріміз ізденістің, тәртіптің, жаттықтырушылардың тығыз байланыста болып, ұйымшылдықпен жасаған әрекеттерінің арқасы деп ойлаймын. Әрқашан ізденісте жүретін жаттықтырушыларымыз көп болсын,- дейді аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Асқар Алдешов.
Қазақстан ұлттық құрамасының 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Франция, Украина құрамаларымен ойындарын көріп, аз да болса, ілгерілеу бар екенін байқадық. Тіпті, бұрын атын да, тегін де естімейтін ұлттық құрама сапында қазақ ұлтының өрендері өнер көрсетуі көңілге қуаныш ұялатты. Қай-қай жарыста да жүлдесіз қайтпайтын махамбеттік балғындар да А.Алдешов, Ә.Идрисов, Ш.Мұханғалиевтың берген білім мен шеберлікті келешекте іске асырып, ұлттық құрама немесе атақты футбол клубтарының сапынан көруге жазсын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына толайым табыстармен жеткен спорт мектебінің жас футболшыларының алар асуы әлі алда екені анық.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Сурет: А.Алдешовтың жеке мұрағатынан алынды