Ә.АЙШУАҚОВА: «Мақсат – спортшыларды әлемдік додаға дайындау»

 Спортшының бойында ең алдымен жауапкершілік болуы керек

Каратэ-до кекушинкайдан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы Айгерім Айшуақованың еңбегі зор.

Ол 2015 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Махамбет ауданына келіп, жұмысқа кірісті. Содан бері ол баптаған балғындар жан-жақты, тыңғылықты дайындықтың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Біліктілігі жоғары деңгейдегі ІІ санатты жаттықтырушымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

- Әйгерім Қадірбекқызы,жаттықтырушылыққа бет бұрғаныңызға қанша жыл болды? Каратэ спортына деген қызығушылық қашан пайда болды? Алғашқы жарысқа шыққан сәтіңіз бен жеңісіңіз туралы айта кетсеңіз. Жалпы қайда оқып, білім алдыңыз?

- Жаттықтырушым каратэге келгеніме 2 апта болғанда мектепішілік жарысқа қосты. Алғашқы жарысым болса да бірінші орынды жеңіп алғаным есімде, содан қызығушылығым оянды. Жаттықтырушым – ҚР каратэ-до кекушинкай федерациясының президенті, 5-дан иегері Мұхтар Жолдасов. Содан Ақтау қалалық негізгі орта мектептің 9-сыныбын аяқтап,Маңғыстау гуманитарлық колледжіне оқуға түстім, ол жерде 4 жыл білім алып,кейін Алматы қаласындағы Қазақтың спорт және туризм академиясының бакалавр дәрежесін 2 жыл оқып бітіріп, тағы екі жылға магистратураға оқуға түсіп, аяқтадым. 2012 жылы Алматы қаласында 3- курс студенті болып жүргенімде мектеп жасына дейінгі балаларды жаттықтыра бастадым. Содан бері осы салада қызмет атқарып келемін.

- Шәкірттеріңіздің жетістіктерін атап кетсеңіз.Жалпы қанша жас каратэші қол астыңызда жаттығады? Мектепті бітіргеннен кейін спортты жалғастырғандар бар ма?

- Қазіргі таңда шәкірттеріммен қуанамын. Үш І дәрежелі спортшы,алты «спорт шеберлігіне үміткер» және бір «спорт шебері» бар. Әрине,бұл нәтиженің артында үлкен еңбек жатыр. Шәкірттерімнің саны – 35.Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскеннен кейін де айналысып жүрген шәкірттерім бар, оның бірден-бір дәлелі – ҚР чемпионы Зульфия Жайдарқызы! Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті. Басқа қалада оқитындар да демалыста келіп, жаттығып тұрады.

- Балаларды каратэмен айналысуға шақырып,үгіт-насихат жұмыстарын жүргізесіз бе? Әлде өздері келеді ме? «Каратэші болам» деген балаға қандай талап қоясыз?

- Ешқандай үгіт-насихат жүргізбеймін, өздері қызығушылықпен келеді. Ең басты талабым – тәртіп. Яғни, бұл тәртіпке барлығы кіреді, сыйластық,қамқорлық, сабырлық, тазалық және басқалар. «Чемпион бол, не мықты бол, бірақ тәртіп болмаса, тәртіпке бағынбасаң, кірген есікпен кері жүре бер» деймін.

- Қазіргі күні шәкірттеріңіздің көп бөлігі қыздар екен. Ұлдар қызықпай ма, әлде спортпен айналысуға құлықсыз ба?

- Ата-аналар тарапынан деп ойлаймын. «Әйел жаттықтырушыға қыз балалар, ер жаттықтырушыға ер балалар барады» деген ой қалыптасқан. Бірақ облыс деңгейінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген ер балаларым бар.

- Жаттығуға арналған жеке зал жоғын естідік. Бұл мәселе қалай шешімін табуда? Әкімдік тарапынан қолдау бар ма?

- Иә, жеке залымыз жоқ. Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатына дайындықты кеш бастауымыздың да себебі осы болды. Облыстан каратэ-кекушинкай федерациясының директоры келіп, мәселені көтеріп, ауданымыздағы спорт мектебінің залын кешкілік уақытқа сұрап берді. Содан чемпионатқа екі ай қалғанда дайындала бастадық. Осы уақытқа дейін аудан басындағы барлық кең залдары бар мекемелердің табалдырығын тоздырдық, тіпті далада да айналысып жүрдік. Әзірге қолдау көріп жатқанымыз жоқ, алдағы уақытта құрылысы жүріп жатқан жаңа спорт мектебінен орын береміз делінді.

- Жетістікке жету үшін спортшының бойында қандай қасиеттер болу керек? Шәкірттеріңізді жарыстың алдында қалай дайындайсыз?

- Спортшының бойында ең алдымен жауапкершілік болуы керек. Жарыс алдында шәкірттеріме психологиялық көмек беремін, одан кейін қобалжуды ұмыттыруға тырысамын. Олармен көбірек әңгіме айтып, көңілдерін көтеремін. Таза ауада көбірек тынығамыз, барынша жарысқа сенімділікпен шығарамын.

- Каратэ спортымен қанша жастан бастап айналысып бастау керек? Әлде жас шектеуі жоқ па?

- Бұл спортқа баланы 4 жастан бастап тәрбиелейді, себебі бала көп қимылдайды, былайша айтқанда, энергия тасып тұрады ғой.Сол күшті спортқа жұмсауға және де тәртіпке үйретеді. Жаттығу көбінесе кішкентай жастағы балалармен ойын түрінде жүргізіледі. Бұл баланың физикалық тұрғыда дамуына және ойдың қалыптасуына өте пайдалы Тағы бір айта кетсем, кішкентайынан спортқа қатысқан балалар кез келген спорт түрін жақсы меңгеріп кете алады.

- Бапкер үшін ең үлкен жетістік қандай? Алдағы уақытқа қандай жоспар,мақсаттарыңыз бар?

- Жетістік тек оза шауып,бәйге алуда емес, адамдық қасиетті жоғалтпауында. Жетістікке жетіп,шалқаю – жақсы адамның ісі емес. Сол үшін ең алдымен мен алдыма келген шәкірттерімді «Адам» деген атқа лайықты болғанын қалаймын.Мақсатым – ауыл балаларының арасынан әлемдік деңгейдегі додаларда оза шабатын мықты спортшылар дайындап шығару.

- Сұхбатыңызға рахмет! Мақсатыңыз орындалып, шәкірттеріңіз биіктерден көріне берсін!

Сұхбаттасқан: Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521