Жеңіс оңайлықпен келмейді.
«Чемпиондар ауылдан шығады» дегенді жиі естиміз. Махамбет ауданында шетел асып, әлемді мойындатқан спортшы кім дейтін болсақ, бірден ойға Әлібек Қажи оралары анық. Ол чемпион болғалы да он бес жылға жуық уақыт өтті. Бүгінгі күні 600-ден аса тәрбиеленушісі бар Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо, бокс, қазақ күресі, футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика сынды 8 үйірме жұмыс жасайды. Мектептің қайта жаңғыртуынан кейін үйірмелерге жеке-жеке бөлмелер жасақталып, қажетті құралдармен толық қамтылып отыр. Бұрын жалғыз залда ғана жаттығып келген спортшылар үшін қазір барлық жағдай жасалған. Ендеше неге әлем чемпионының ізін басып, жолын қуатын, әлемдік додада ауданның атын асқақтататын спортшы шықпай тұр?
СЫЛТАУДЫ ҚОЙЫП, ЖҰМЫС ЖАСАУ – МАҢЫЗДЫ
Талай қыранды түлетіп ұшырған бірден-бір спорт нысанына 2017-18 жылдары реконструкциялық жұмыстар жасалып, енді-енді жұмысқа кірісе бергенде жаһанды жаулаған індет келіп,баршамызды үйде отырғызды. Бұл уақытта да жаттығуды сағынғандар үй жағдайында жаттықтырушының нұсқауымен жаттығу жұмыстарын жалғастырды.
- Жаттығуға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Жарыстарға қатысуға қажетті қаражат та жеткілікті деңгейде қарастырылған. Жаттықтырушылардың да, біздің де басты мақсатымыз – шәкірттердің әлемдік деңгейге көтерілуіне бар жағдайды жасау. Мектеп оқушыларынан бөлек, ауданның футбол, волейболдан ересектер құрамасы келіп, жаттығу жасағысы келеді. Каратэшілерге де мүмкіндік қарастырып отырмыз. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан спорт кешенінің құрылысы тезірек аяқталса, біздерге көп жеңілдік болар еді. Қазіргі ғимаратта спорт құралдарын қоятын қойма, жаттығуға арналған тренажер залдары жоқ,-дейді спорт мектебінің директоры Абат Қабенов.
Келгендегі мақсатымызды айтқанымызда, спорт мектебінің басшысы ауданда Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Әлібек Қажидің әлемдік деңгейде жеткен жетістігінен бөлек, Кеңес үкіметі заманында еркін күрестен «КСРО Спорт шебері» атағы Мұрат Ибрашевқа берілгенін, Есенжан Маменов, Болат Орақов, Нұрлыбек Ожаев, Жолдас Гумаров пен өзінің 80-жылдары қазақ күресінен «Қазақстанның спорт шебері» атағын алғанын атап өтті. Абат Қабеновтің сөзінше, көршілес Исатай, Индер секілді аудандардан әлемдік додаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген спортшылар көп жағдайда спорт интернаттарында тәрбие алады.
- Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында орналасқан спорт интернаттарына балаларды біз де жібергіміз келеді. Бірақ атааналар тарапынан келісім болмағаннан кейін баланың әрі қарай өсуіне кедергі болады. Бір жағынан қаражат та керек. Көп жағдайда демеуші арқылы жүзеге асып жатады. Біздің ауданда демеушілік танытып, спортшыларға қолдау білдіру жағы да кемшін түсіп тұр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда маман тапшылығы сезіле бастады. Бокстан екі-ақ жаттықтырушы болса, колледжде немесе жоғары оқу орнында оқып жатқан студенттер жоқ. Бұл келешекте қиындық туғызуы мүмкін. Себебі, қазір «дене шынықтыру және спорт» факультетін бітіргендерді ғана жұмысқа алып отырмыз. Сылтауды қойып, жұмыс жасау керек. Жаттықтырушылар жұмыс жасап жатқан жоқ деуден аулақпын, демалыс күндеріне де қарамастан келіп, балаларды дайындап жатады. Баланың өзінің де талпынысы болғаны маңызды. Күресі болмаған шалғай Қызылқоға ауданына аталған спортты әкелген ел чемпионы Мәлік Сүлейменовтің артынан талай дүлдүлдер шығып келеді. Біздің де жолымызды қуып, орнымызды басар спортшылар шығады деп үміттенеміз,-дейді А.Құмарұлы.
ӘЛІБЕК ҚАЖИ: «ЖЕҢІС ОҢАЙЛЫҚПЕН КЕЛМЕЙДІ»
- Әлі есімде, Абат ағай мектебімізге келіп, күреске балаларды шақырып жүрді. Содан ағайдың айтқан сөздері өтті ме, әйтеуір күреске барамын деп шештім. Ол кезде жасым – 10-да. Бір-екі жыл өткеннен кейін күресті қойып, боксқа кеттім. Себебі отбасымда бокспен шұғылданушылар көп болды. Күрес пен бокс үйірмесіне қатысушылар қатар жаттығатын, сол кезде Абат ағайды көргенде қысылып, бала болсам да бетіне қарауға намысым жібермейтін, ұйқым да бұзылды. Содан үйге келіп, күреске қайта баратынымды айттым. Абат ағай да ренжіместен қабылдады. Сол кезде арқамнан ауыр жүк түскендей болды,-деп бастады Әлібек Қажи әңгімесін. Өзінің ең алғаш жеңіп алған марапатын да көздің қарашығындай сақтап жүр. Ол – 1999 жылы ел Тәуелсіздігіне арнап самбо күресінен өткізілген аудандық біріншілікте 29 кг салмақта ІІІ орынды алған дипломы. Әлібек Қажи небәрі он төрт жасында дзюдодан облыс құрама командасына қабылданады. Содан 2005 жылы Атырау қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өз жалауын желбіретіп, 500-ден аса спортшының басы қосылады. Аталған жарыста үкілеп қосқан облыс құрамасының балуандары бір алтын, бір күміс және бес қола медальға қол жеткізеді. Махамбеттік Әлібек те қола жүлдеге ие болып, халықаралық жарысқа жолдама алады. Сол жылы Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирге қатысады. Боз кілемнің үстінде 55 кг салмақ дәрежесінде белдескен ол ең алғашқы кездесуінде ағылшын палуанымен кездесіп, ваза-ари әдісімен ұтады. Кейін норвегиялық және неміс дзюдошыларын жеңіп, финалда татами қожайыны – ағылшыннан ұтылып, күміс жүлдеге қол жеткізеді. Әлібектің Еуропаға сапары мұнымен тоқтамайды. 2006 жылы Германияның Бремен қаласындағы турнирге қатысып, жүлдесіз қалады. Қайсарлығы мен қажыр-қайратының арқасында намысқа тырысып, бабы келісіп тұрса да, бағының жанбай тұрғанын сезініп, сабырлық танытады. Осы салқынқандылығының арқасында тура бір жылдан кейін немістің Зиндельфинген қаласында әлемнің 16 елінің 1500-ге жуық спортшысының басын қосқан дзюдо күресінен өткен халықаралық жарыста боз кілемде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынады. 60 кг салмақ дәрежесінде жастар және ересектер арасында да белдесіп, қос сайыста да қарсыластарының баршасының жауырынын жер иіскетеді. Бірақ жеңістің оңай келмейтіні де рас. Аңдысып жүріп алып, қарсыласты қапы қалдыруда асқан шапшаңдық пен мықтылық қажет-ақ.
«ЖҰЛДЫЗ АУРУЫНА» ШАЛДЫҒУҒА ШАҚ ҚАЛДЫМ
- Қазіргі күреске қатысып жүрген балаларды бақылап жүремін. Дайындықтары да жақсы. Жаттықтырушылар жалақысына қарамай баланы дайындап, жүлдегерлер қатарына қосамын деп жұмыстанып жатады. Олардың жұмысы қиын. Бір баланы дайындап, баптап келе жатады да, кейін ол бала дайындыққа келмей қояды, ата-анасы жібермей қалады. Бұл жерде ата-ана өзінің баласының үлкен биікті бағындырғанын қаласа, «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп жаттықтырушысына тапсыру керек. Яғни, баланы аямау қажет. Ал егер ол балаға аяушылық танытып, аздаған жарақатын көріп, жаттығуға жібермей қойса, ол бала алдағы өмірде де алдынан кездескен қиындығына қарсылық таныта алмай өседі,- дейді спорт шебері. 2009 жылы Әлібекке дзюдо - дан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріледі. Бірақ біріншілікке іріктеу барысында жарақат алып, ота жасатуға тура келеді. Содан дәрігерлер спортпен қош айтысу керектігін, күрестің өзінің болашағына залалын келтіретіндігін айтып, үзілдікесілді қарсы болады. Енді-енді ересектер сапына қосылып, жетістікке жете бергенде дәрігерлердің пышағына ілініп, спортты біржолата тастап кетеді. Олимпиада жеңімпазы атануды мақсат еткен Әлібектің болашағынан жасынан күреске баулыған жаттықтырушылары Абат Қабенов, Аманбай Қыздарбаев, Жандос Қияновтардан бөлек, бүкіл ел үміт күтіп еді. Әлібек кейін туған ауылында аздаған уақыт дзюдо күресінен жаттықтырушы болып та қызмет етіп көрді. Кейін мұнай-газ саласына мамандығына сәйкес қызметке ауысады.
- «Жұлдыз ауруы» деген бар. Барлық жарыста жүлде алып, жеңімпаз болып жүргенде болатын жайт. Спортшы жақсы жетістіктерге жете бастағанда алғашқы жатты қтырушысын тыңдамай, қарсыластарын менсінбей, тәкаппарлығы ұстап, іріктеулерде, оқу-жаттығу жиындарында көргенін жасайды. Содан жаттығуға дұрыс келмей, жалқаулығы ұстап қалып, кейін бармағын тістеп қалып жататын жағдайлар көп. Менде де соған жақын бір сезім болды, бірақ өз-өзімді уақытында қолға алдым. Мықты спортшылар ішкілікке, темекіге үйір болып кетеді. Кей жағдайда, шыны керек, имандылық та жетіспей жататын кездер болады. Бойда күш болғанмен де, жүректе иман болмаса, көше кезіп, қарақшылық жолға түсіп, күресті қойып кетіп жатады. Сондықтан, спортта ең бастысы шыдамдылық пен имандылық маңызды деп білемін,- дейді Ә.Қажи.
Бір қызығы, ауданымызда халықаралық жарыстардың алтынын тағынған да, «ҚР спорт шебері» атағын алған да жалғыз Әлібек қана. Ауылдың шағын ғана залында жаттығып жүріп, облыс құрамына ілігіп, сайыпқырандар сапына қосылған Әлібектің жеткен жетістіктері қазіргі жеткіншектерге үлгі боларлықтай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында:
- Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалытөкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды,- деген болатын.
Ендеше, ауданда спорт нысандарының саны артып, алаңдар бой көтеріп, ауыл балаларын қолдау бағытында жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беретін күннің ауылы алыс емес секілді. Тек жасындай жарқылдаған Әлібектің жолын қуған жерлестерімізге халықаралық додада қолдау білдіріп, тақым қысып отыратын күн махамбеттіктер үшін арман болып қалмаса болғаны.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ