Аудан спортшылары тамаша өнер көрсетті.
26-29 қаңтар күндері облыстық Мамандандырылған бокс клубында 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында Атырау облысының іріктеу чемпионаты өтті. 150-ден аса спортшы 20 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Карантин талаптарын сақтай отырып, көрермендерсіз өткізілген жарыста Махамбет ауданының құрамасы тамаша өнер көрсетіп, қоржынға 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде салды.
Атап айтар болсақ, 48 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің оқушысы Исламбек Русланов пен 80 кг салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің оқушысы Жарас Ибатолла чемпионаттың жеңімпаздары қатарына қосылды.
Сондай-ақ, Айболат Меңдібаев пен Ерасыл Жомартұлы екінші орын алса, қола жүлде Айбек Ибатолла, Сұлтан Жолдас, Ерқанат Қуанышевтарға бұйырды. Жүлдеден қағылған Расул Марленұлы пен Бекет Әйіп те бар күш-жігерлерін салып, намысқа тырысып бақты.
- Облыстық чемпионатқа қатысқан барлық шәкірттеріміз жақсы өнер көрсетті. Аталған жарыста бірінші, екінші орын алған спортшылар облыс құрамасын толықтыруға мүмкіндік алды. Біздің боксшыларымыз да оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, ел чемпионаттарына қатысып, облыс намысын қорғамақ. Спортшыларды дайындауда Қалмұрат Торбаев, Жәнібек Қапуановтардың еңбегі зор. Мұнымен тоқтап қалмай, Қазақстан чемпионаттарында боксшыларымыздың өнер көрсетуі үшін жұмыс жасайтын боламыз, - дейді аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімінің жаттықтырушысы Мирлан Қайрош.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ