"Жеп қойыпты" деген сөзді жиі естиміз

Еңбектену, тіршілік ету – адамның нәпақасы мен нәсібін өзі табудың өзгермейтін қағидасы.

Бұл туралы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде былай деген: «Ешбір пенде өз еңбегімен тапқан нәрсесінен қайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуід (ғ.с) пайғамбар да еңбектеніп, маңдай термен тапқанын жеген». Алайда қазіргі қоғамда көпшілік маңдай термен тапқаннан гөрі, жеңіл жолмен келетін табысқа құмартып кеткені жасырын емес. Жаңалықтардан «жоғары қызметте отырған пәленше пәленбай миллион жеп қойыпты» деген хабарларды жиі еститін болдық. Бірін-бірі алдап-арбауға дайын тұратын, қайткен күнде де қандай жолмен болса да пайда көріп қалуға тырысатын ұрпақ қалыптасып келе жатқаны ойландырады. Соның ішінде сауда жасап, күнін көріп жүрген саудагерлер де бар. Арзанға алған тауарына екі-үш есе қосып сатады. Ислам діні мұсылмандарды тапқан табыс пен нәпақаның тек қана адал болуын талап етеді. Харам табыс пен күнкөріс пендені тозаққа жетелейтін амал деп қатаң ескертеді. Ықылым заманнан бері күнкөрістің негізгі көзі болып келгендіктен Ислам сауданы бізге халал етті. Бірақ ол адал, өсім араласпаған сауда болуы шарт. Бұған қоса қалалық жерлерде алақан жайып, қайыр сұрайтын қаракөздер де жиі кездесіп қалып жүр. Біздің асыл дініміз қайыр сұрауға да тыйым салады. Пайғамбарымыз сахабаларына қол жайып тіленудің орнына еңбек етіп, табыс табуды бұйырған. Кейбір азық-түлік дүкендерінде сатушылар таразыдан жеп қалуға тырысып жатады. Бұл жайында құранда былай дейді: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер. Кем өлшеушілерді қарғыс атсын. Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Ондайлар таразыдан жегенін қойсын». Алушыны алдағанымен, бүкіл әлемнің жаратушысы Ұлы Алланы қалай алдамақ? Бұл өмірдің уақытша екенін, ақыреттің сынағы екенін біле тұра, бес – он теңгеге бола қалайша ұятын ойламайды. Адал болып, аз да болса, тапқан нәпақасының берекесін Алладан тілеу – шынайы мұсылманның сипаты. Сатушы сатқан затының сапасы жайында өтірік айтып, тұтынушыны алдаса, әрі күнәға батады, әрі ризығына харам араластырады. Кейде саудагерлермен дидарласа қалсаң «бәрі солай жасайды, олай жасамасаң, тауарың өтпейді, пайда түспейді» деп ақталуға тырысады. Алайда өтірік ант-су ішіп, Алланың алдында күнәһар болғанша, айтып тапқан адал нәпақасының берекесін тілегені абзал.

Айтолқын ЖҰМАҒАЛИЕВА,

ауыл тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521