Жемқор адам "жырып" қалуды ойлап тұрады

Қазір барлық дамыған елдер замана алға тартқан сыбағаларға сәйкес сыбайлас жемқорлықтың бұрынғы үлгілерін жетілдіруге барынша тырысып жатыр.

Бұл турасында біздің елімізде де жүргізіліп жатырған жұмыстар баршылық. Соған қарамастан жемқорлық фактілері әр жерде қылаң беріп жатады, жазаланушылар да азаймай келеді.

Жемқорлықтың түбі-жаза, ұрлықтың түбі-қорлық екендігін ата-бабаларымыз о бастан ұрпақ бойына сіңірген ғой. Тіпті жас баланың тұсауын ешкімнің ала жібін аттамасын деген ырыммен ерсілі-қарсылы есілген ала жіппен кеспеп пе еді. Ешкімге қиянат жасамау, кісі ақысын жемеу керектігін мұсылман діні де құптайды. Бірде Мұхаммед пайғамбарымыз базар аралап келе жатырса, бір саудагерге кезігеді. Саудагер ылғал тиіп, әбден салмақтанған бидай сатып тұрса керек.Сонда пайғамбарымыз: «Саудагерім, мына қаптағы бидайды күн көзіне қаратып әбден кептіріңіз, сонан соң ғана барып сатуыңызға болмай ма? Басқаларға обал емес пе?» деген сөз айтыпты. Мінеки, бұл жерде бір жағынан әділ кесім айту бар да екінші жағынан басқаларды алдап күнкөруге болмайтынын айту бар. Мұндай мысалдар мұсылман діні төңірегінде көп айтылады және де көп хадистерде кездеседі. Бірақ ата бабадан бері келе жатырған тәрбие мен өнеге тіні бұзылды. Неден болса да қақшып қалсам екен,жырып қалсам екен деген пиғылдан әлі арыла алмай келеміз.Кешегі кеңестік кезеңде меншік мемлекеттік болған соң ба әйтеуір материал дейсіз бе, мал дейсіз бе оңды-солды кетіп жататын. Лауазымы,азды-кемді беделі барлар билікті белден басып, керектерін алуға ұмтылып тұрушы еді. Мүмкін қазіргі сыбайластық дерті сол кезеңнен де қалыптасып қалды ма екен деп те ойлайсың. Бірақ жемқорлық пен сыбайластықтың арты опық жегізетінін әркім білуі тиіс.Талайлар сотталып жатыр,тұтылып жатыр,түрмелерге тоғытылып жатыр. Дегенмен сыбайластық дерті соңғы кезеңдерде сәл-пәл болса да саябырлаған секілді. Ол сөз жоқ елімізде осы жемқорлыққа қарсы күрес шараларының күшейтілуінің де арқасы шығар. Мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын жетілдіру де өз септігін тигізуде. Елбасымыз мемлекет басқарушыларының жаңа генерациясын жасау керектігін стратегиялық міндет етіп қойған еді. Яғни кәсіби дайындығы мықты,білімді,жаңаша ойлайтын және елдің мүддесі үшін адал еңбек ететін,ешқандай мүдделермен байланыспаған таза адамдардың басқару ісіне келуі деген сөз бұл. Сондықтан да болар қазір мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеру де күн тәртібінде тұрған мәселе.

Жемқорлық пен сыбайластық фактілері кездесіп жатса, көзжұмбайлықпен қарамауымыз қажет. Осы жерде айта кетуіміз қажет көбіне көп қай қайсымыздың да сауат жағынан кемшін түсіп жататынымыз бар. Егер бір жерде жөндеу жұмыстары, болмаса, құрылыс жүріп жатырса, оған қандай материал кететіні, әр материалдың сапасы туралы біле бермейміз. Әйтеуір қалқиып тұрып қалса салынып жатыр дейміз. Ал ол құрылысымыз ертеңгі күні сыр бергенде барып сан соғып қаламыз.Бізде «Нұр Отан» партиясының бақылау бекеттері деген бар. Кеңестік кезеңде халықтық бақылау топтары дейтін болған, бұ да соған ұқсайды. Сонымен қатар еліміздегі 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі біздің аудан бойынша мониторингтік топ құрылды. Бұл топ аудан әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімі осы мониторингтік топтың жұмысшы органы болып табылады. Мен де аудандық мониторингтік топтың мүшесі болып табыламын. Таңдай мәдениет үйінің басшысы ретінде мен де «Қоғамдық бақылау картасы» арқылы тұрғындармен бойлай кездесіп, осы жобаның мәні-мақсаты туралы айтып келемін.Және де кездескен адамдарыммен бірге суретке түсіп,әлеуметтік желілерге жолдап отырамын. Бұл да біздің жұмысымыздың бір саласы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті насихаттайтын плакаттар мен басқа да көрнекі құралдарды мекемелерге апарып ілудеміз. Осындай істеріміздің өзі жақсы нәтиже береді ғой деп ойлаймын.Қысқасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қай қайсымыз да жүргізе білуіміз қажет. Бір ғана мысал, өткен жылы Атырау-Орал трассасынан Таңдай аулына қарайғы жеті шақырымдық асфальт жол күрделі жөндеуден өтіп жатты. Бірақ техникаларында кідіріс көп болды. Тіпті екі-үш күндеп тоқтап тұрған жайлары кездесетін. Міне, осы кезде біз әлеуметтік желіні пайдалана отырып, дәлелді түрде мәселе көтергенбіз.Артынша жөндеу жұмыстары жөнге түсті. Негізінен әр адам айналаға сергек қарап жүргендері жөн. Бізде көзжұмбайлықпен қарау, құрсыншы деп өтіп кету басымдау ғой. Кейде көріп тұрып көрмей кететініміз бар. Қоғамдағы атқарылып жатырған барлық іс - ол сол өзің өмір сүріп отырған қоғамыңның байлығы. Ал оны біреу талан-тараждыққа түсіріп, тонап жатырса, босқа қарап тұруға болмайды. Қоғамның байлығы-сенің байлығың. Қорыта айтарым, сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамауы тиіс. Бұл әсіресе, қазіргі мектеп партасынан бастап насихатталатын мәселе. Бүгінгі жас ұрпақ бұл мәселенің не екенін жас кезінен біліп өсуі де керек. Бүгінгі күрес-жалпы бәріміз үшін ортақ. Сыбайластық пен жемқорлық бұл қоғамның дерті. Ал дерт асқынса, сылып тастау керек.

Қ.ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,

Бақсай ауылдық мәдениет үйінің директоры.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521