220 теңгеге оқушы не ішеді?

«Бірыңғай партия күндеріне» орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық партия филиалының активімен кездесу жиынын төрағаның бірінші орынбасары Р.Әженов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Жиынның күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе-«Нұр Отан» партиясының жаңа жобалары жөнінде партияның Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Қарабаев қысқаша түсіндіріп өтті.

ЖЕМҚОР ЕКЕНСІҢ, ЖОЛЫМЫЗ БӨЛЕК

Партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Бұл індет экстремизмнен де қауіпті жау ретінде қарастырылып отыр. Сондықтан осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін кәсіпорын, ірі-ірі холдинг, мекемелер басшыларымен жемқорлыққа жол бермеу жөнінде меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда партия саннан-сапаға көшу саясатын ұстанып отыр. Өткен жылдарда партиямен мүлдем байланысын үзген бес мыңдай адам партия қатарынан шығарылды. Жалпы партия ортақшылдық, центризм саясатын ұстану арқылы Елбасы айтқандай, орта тап шығаруға жұмыстануда. Келесі кезекте сөз алған облыстық партия филиа- лы Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Данагүл Жайлаубаева партияның жиырма екі стратегиялық жобасына қысқаша тоқталды. Партия қызметін трансформациялау, шағын және орта бизнесті дамытудағы партияның ықпалы, жекеменшік серіктестікті дамыту, Елбасы тапсырмасына орай ауылдық жерлерде «ІТ» бағдарламасы бойынша тегін оқытатын ағылшын тілі сыныптарын ашу жұмыстары қолға алынып жатқандығын тілге тиек етті. Онда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде арнайы курстан өтіп, сертификат алған ұстаздар дәріс береді. Бұл «ІТ» сыныптарында британдық озық үлгілер, СТЭМ академиясының бағдарламалары бойынша білім алатын болады. Бұл сандық жүйені меңгерудің алғышарттары, яғни қажеттілік. Тағы бір айта кетер жайт, мектеп асханалары талапқа сай емес. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтитын кәсіпкерлер мектеп директорымен тек бір жылға ғана келісім-шартқа отырады. Үш ай каникул кезінде мектеппен байланыс үзіледі. Сондықтан жұмысты үйлестіру үшін кәсіпкермен бес жылға келісімшартқа отыру көзделуде. Сонда кәсіпкер асхананың материалдық-техникалық жағына да көңіл бөліп, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарымен айналысатын болады.

Данагүл Бағытжанқызының айтуынша, облыс бойынша 193 спорт алаңдары бар. Соларды жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтіндей етіп қайта жабдықтау қолға алынып жатқан көрінеді. Жұмыстан тыс уақытта спорт алаңын жалға беріп, пайда табу жағы да ойластырылған. «Медикер» МО-ының директоры, облыстық мәслихат депутаты Айбек Ғабдуллин Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі бойынша Атырау өңірінде жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Оның айтуынша «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыс- та 3892 пәтерлік 44 көп қабатты үй салынбақ. Елбасының 7-20-25 бағдарламасына сәйкес қаржылай қолдау көрсетіліп, нақты жұмыстар қолға алынған. Баспана жағдайларын жақсарту үшін 860 адам жеңілдетілген несие алған.Аз қамтылған азаматтардың салықтық төлемдерін жеңілдету арқылы 65 мыңдай адамның жалақысы өсетін болады. Облыс бойынша 1600 студент мемлекеттік грант есебінен оқытылып отырса, бұл көрсеткіш биылдан бастап екі еселеп өскен.Сонымен қатар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттеріне арнап жаңадан жатақхана бой көтереді. Колледж студенттері үшін 200 орындық екі жатақхана құрылысы басталады. Төртінші әлеуметтік бастама бойынша шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау мақсатында соңғы алты жылда жергілікті бюджеттен 1,7 млрд. теңге жеңілдетілген несие бөлінген. Бұдан басқа «Даму» қоры арқылы бір млрд. теңге бөлініп, 36 кәсіпкерлік нысан ашылып, бес жүздей адам жұмысқа тартылған. Ал, бесінші бастама-газдендіру бағытында да біршама жұмыстар қолға алынған. Облыс бойынша газдендіру көрсеткіші 97 пайызды құрайды. Өткен жылдан бастап, алыстағы Азғыр өңіріндегі он елді мекенді табиғи газбен қамту жұмысы қолға алынды.

САРАЙШЫҚ ТА КЕЗІНДЕ АСТАНА БОЛҒАН

Келесі кезекте сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы Саясаттанушылар орталығының мүшесі Лесқали Бердіғожин Астананың 20 жылдығына орай, сонау Керей, Жәнібек хандардан бастау алатын қазақ астаналарының тарихын тарқатып айтты. Ол Қасым хан мен Бұрындық, Қақназар, Тәуекел хан тұстарындағы қазақ елі астаналарының Шу бойынан Жайық бойына көшірілуі, одан кейінгі Түркістанға қоныс аудару, Орынбор, Ақмешіт, Алматы қалаларының қилы кезеңдерде қазақ елінің астанасы болғандығын нақты дәлелдермен айтып, қазіргі жиырма жылдығы тойланғалы жатқан Тәуелсіз ел-астанасы Астана қаласының мән-мағынасына кеңінен тоқталды. Қазақ астаналары жөнінде сұрақтар қойылып, бір кездері Сарайшық қаласының ноғайлының орталығы болғандығын алға тартқандар болды.

Ал, зейнеткер Т.Үмбеталиев жергілікті дәрігер жолдамасымен қаладағы «Олимп» емдеу орталығына барғанда өзінен қан тапсырғаны үшін 3900 теңге ақша алғандығын, тегін берілетін дәрілер уақытында келмейтінін, дәріханалардағы бағалар әртүрлі екенін айтты. Оған облыстық мәслихат депутаты А.Ғабдуллин барынша жауап беріп, болашақта міндетті әлеуметтік, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде, біртіндеп бұл проблемалар жойылатынын жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты, аудандық қауымдастық төрағасы С.Шотпақов жоғарыда айтылған мектеп асханалары жөніндегі партиялық жобаға өз пікірін білдірді. Біздің зерттеп білуімізше, күн сайын мектеп оқушылары 220 теңгенің ыстық тамағын ішеді. Кәсіппен айналысып отырғасын кәсіпкер де үстінен пайда көруі керек. Ал, бірінші сынып пен оныншы сынып оқушысына бірдей 220 теңгенің ыстық тамағын беру ақылға қонымсыз. Ол тамақтың азықтық құнарлылығы балалардың жас шамасына қарай ескерілуі керек деп есептеймін. Мектеп директорымен бірден бес жылға келісім-шартқа отырған кәсіпкер не ұтады, бара-бара жемқорлыққа бой алдырып жүрмей ме? Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамалар ұсынды. Елбасы ұсынған 5 әлеуметтік бастаманы іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады деп білеміз.

ТҰРҒЫН ҮЙ ОҢТАЙЛЫ ШЕШІЛЕДІ

Махамбет ауданында тұрғын үй кезегінде барлығы 715 азамат баспанаға мұқтаж ретінде тіркеуде тұр. Өткен жылы, аудан орталығында пайдалануға берілген көп пәтерлі үйден тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік жағынан әлсіз 20 тұрғынға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 11 жасқа, үйі апаттық жағдайдағы 1 тұрғынға және 22 мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жаңа пәтер берілді. Бұдан басқа полиция қызметкерлеріне 6 тұрғын үй сатып алынып берілсе, Сарытоғай ауылындағы 10 жанұяға тұрғын үй берілді. Биылғы жылы құрылысы басталған 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Құрылыс жұмыстарының сапасын партиялық бақылау комиссия жанынан құрылған жұмысшы тобы қадағалуда. 2019 жылы тағы бір 60 пәтерлік үйдің құрылысын жүргізу көзделуде. «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әженов рет-ретімен бес әлеуметтік бастамаға байланысты аудан бойынша атқарылған жұмыстарды нақты деректерге сүйеніп, баяндады.

Бұдан кейін әр сала бойынша партия белсенділері марапатталды. Олардың арасында аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев, аудандық мәслихат депутаты А.Қабенов, білім бөлімінің қызметкері Н.Ермекбаева, «Бақжайық» бастауыш партия ұйымының төрағасы С.Жұмағалиевтар бар. Сондай-ақ, партия қатарына қабылданған бір топ жастарға мүшелік билет табысталды. Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бірыңғай партия күні» аясында Е.Ағелеуов орта мектебі базасында жаңадан ашылған «ІТ» кабинетінің лентасын қию құрметіне «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа- лы төрағасының орынбасары Б.Қарабаев пен аудан әкімі Ж.Ахметов ие болды.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521