Жас отбасыларға - жеңілдікпен баспана!

Карантиндік мерзімінде некелескен жастар той шығынын болашақ пәтерлерінің бастапқы жарнасы етіп салуларына болады.

Еліміздің "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жуырда тағы бір жаңа бағдарламаның тұсауын кесті. Бұл жолы банктің барлық жеңілдіктері жаңа отау құрған «Жас отбасыларға» арналады. Бір жылға небары 6 пайыз мөлшермен тиімді шарттарын, 90 000 000 млн теңгеге дейінгі соманы несиеге беруді ұсынып отырған банктің бұл бағдарламаны отауға құрғанына 3 жылдан аспаған жас отбасыларға арнауының да өзіндік себептері болса керек.

Мәселенің бәрі сонда

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстандағы жастар санының азаю тенденциясы 2020 жылдың орта шеніне дейін жалғаспақ. Болжамға сәйкес, 2021 жылы 15-29 жас аралығындағы жастардың саны 3,8-4 млн адамды құрайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректерінен қазірдің өзінде Қазақстанда 3,8 млн жас барын аңғаруға болады. Олардың 2,2 миллионы – қалада, ал 1,6 миллионы ауылда тұрады. Үкімет жастар арасындағы ажырасу, елден көшіп кету секілді мәселелердің алдың алу үшін баспана проблемасына ерекше көңіл бөліп, оларға барынша қолдау көрсету үшін тиісті іс-шараларды қолға алып жатыр. Естеріңізде болса, 2012-2017 жылдары елімізде жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынды. 29 жасқа толмаған, заңды некеде тұрғанына 2 жыл болған отбасылық жұптар бастапқы жарнасыз арендалық баспанаға ие болып келді. Алайда, 2017 жылы аталған бағдарлама жұмысын да тоқтатты. Сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігі: (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) «Арендалық төлемдер аз ғана траншпен және ұзақ уақыт бойы қайтарылады. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысының өсімін тежейді», – деген еді. Бұдан шығатын қисын – көп үй салу үшін көбірек сату керек. Ал үйді ұзақ мерзімге сатып алу құқығымен беру – тиімсіз.

Жас отбасыларға жеңілдік жасалмады

2018 жылдың жазында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша «үйді тек бастапқы нарықтан алу керек» деген шарт та қойылды. Бұл бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау салаларының, полиция қызметінің өкілдеріне баспана алуға арналған арнайы сертификаттар беріліп, оны әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде немесе ұзақ мерзімді пайызсыз несие ретінде алуға мүмкіндік жасалды. Өкінішке қарай, мұндай жеңілдіктер тағы да жас отбасыларға қарастырылмады.

j

Елімізде жас отбасыларға, жастарға баспана алуға қажетті өнім ұсынатын коммерциялық банктер өте сирек. Десе де, ЦентрКредит Банкі жас отбасыларға арнап ипотекалық құрал ұсынды. Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі – 16,5 пайыз. Ал жалақыны ЦентрКредит Банкінен алатындар үшін 16 пайыз болып бекітілген. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 17,4 пайыз. Жұбайлардың бірі гарант бола алады. Әрине, банктің бұл шарттар енді ғана еңсесін көтеріп келе жатырған жас отбасылар үшін қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсете жатар.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» - ең тиімді таңдау

Баспаналы болу үшін ақшаны қалай жинау керек? Бұл сұрақ жастардың арасындағы актуальді тақырып. Мамандардың пікірінше, баспана алуға қажетті ақшаны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылдам жинауға болады. Аталған банк арқылы бірнеше жылда қаржы жинап, жеңілдетілген несие алып, пәтерге қол жеткізуге мүмкіндік бар. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Өз үйімді» айтпағанда, күні кеше ғана іске қосылған «Жас отбасы» бағдарламасы баспана үшін қаржы жинаудың ең оңай әрі тиімді тәсілі болмақ. Қажетті қаржыға жылдам қол жеткізу үшін ақшаны екі бірдей салымшы (ері мен әйелі) қатар жинаған жөн. Яғни, банктің «Отбасылық пакет» өнімін тиімді пайдаланған абзал.

j

Бағдарламаға қалай қатысамыз?

ТҚЖБ-ның Атырау облыстық филиалының көшбасшы-консультанты Шынар Мубаракқызы бағдарламаға қатысты барлық сұрақтарға жауап беріп, егжей-тегжейін былай түсіндірді: Мөлшерлеме: жылдық 6% (ЖТСМ 6,3%-дан бастап); Несие мерзімі: 6 жылдан 9 жылға дейін; Кепілзат: сатып алынғалы жатқан жылжымайтын мүлік

Заемның мақсатын сіз таңдайсыз

• Жаңа үйден пәтер немесе жер үйді сатып алу, соның ішінде, үлестік қатысу арқылы үй сатып алу. Қолданыстағы үйден пәтер немесе үй сатып алу

• Тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу

• Жер үйдің құрылысы. Жер телімін сатып алу

МАҢЫЗДЫ ШАРТТАРЫ МЫНАДАЙ

• «Жас отбасы» заемын рәсімдеу үшін ерлі-зайыптылардың біреуіне (немесе екеуіне де) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ЖАҢА депозит ашып, кемінде 1 жыл бойы қаражат жинау керек. Яғни, басқа бағдарламалар секілді 1 жылда ақша салып ала алмайсыз. Бір жыл бойы депозитіңізді толтырып, содан кейін 3-6 жыл аралығында қажетті сомаңыздың 50 пайызын жинап немесе бірден салып, алайда 1 жыл уақыт өткізіп барып, мақсатыңызға қол жеткізесіз.

• Жинақтау мерзімі өткенде бағалау көрсеткіші (ОП) 5 ұпайдан кем болмауы тиіс. ОП-тың не екенін ТҚЖБ салымшылары жақсы білуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда бұл сіздің ай сайынғы төлеміңізден шығатын бағалау көрсеткіші. ОП-тың 5 ұпайы ең төменгісі болып саналады. Демек, Жас отбасымен үй алатын салымшылар оны кем дегенде 5-тен асырып, 6-ға жеткізуі тиіс. ОП-ты тиімді пайдаланудың өзі де үлкен шеберлік. Сол себепті ОП-ты көбейту үшін төлемді әр айдың басында жасап отырған жөн-, дейді білікті маманның өзі.

• Депозитті некеге тұрған сәттен бастап үш жылдың ішінде ашуға болады (неке қию туралы куәлігіңізге сәйкес). Бұл тарапқа некеге тұрғанына 1 ай болған немесе 2 жыл 9 ай болған жас отбасылар да бара алады. Бастысы депозит ашылған уақытта некеңіз 3 жылдан аспаған болуы керек. Оның үстіне қазіргідей карантиндік режим уақытында тойдан бас тартып жатырған жастар некелесіп, той шығынын болашақ пәтерлерінің бастапқы жарнасы етіп салуларына болады.

• «Жас отбасының» салымшысы ретінде сіз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқа бағдарламаларына ауыса аласыз. Сонда депозитіңіз сақталады, ал оның шарттары өз күшін жояды. Ал,сіздің бұрыннан ашылған депозитіңізде қаржы болса, оны «Жас отбасыға» біріктіре алмайсыз. Бұл бағдарлама үшін арнайы депозит ашу міндетті. Тек ерлі-зайыпты адамдар ғана «Жас отбасына» арнап ашқан депозиттерін біріктіре алады.

j

Жалпы депозитті екі адам да ашып, қаржыны екіжақты жинаған тиімді. Бірақ, «Жас Отбасы» өнімі бойынша төмендегі екі жағдайда ғана салымдарды бөлуге болады:

• мұрагерлік тәртібінде меншік құқығы туындаған кезде

• күшіне енген сот шешімі бойынша. Сонымен қатар, қабылдаушы «Жас Отбасы» депозитінің жеңілдіктерін қолдана алмайды.

Бүгінгідей нарықтық қоғамда пәтер жалдай жүріп, жеке баспана үшін қаржы жинау өте қиын. Сондықтан мамандар жастар үшін тиімді жол ретінде үш жылдай ата-анасымен бірге тұруды ұсынады. Бұл қадамның нәтижесінде діттеген мақсатқа ертерек қол жеткізуге болады екен. Әйтсе, де сол үш жылдың өзін текке кетірмей, шығындарды шегеріп, банктің көмегімен қаржы жинап, ата-анаңыз бен бала-шағаңызды жанға жайлы қонысқа көшіру сіздің де қолыңыздан келеді.

А.САТАЕВА

Суреттер: дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT