Алқа билер сотына жүгінген Дамира көршілес ауданның қызы. Болашақ жары Қалдыбаймен Атырау қаласындағы жолаушылар көлігі аялдамасында кездейсоқ жолығып, бір-бірімен телефон алмасқан.
Сезімдері шарпысып, бір-бірін көре алмаса тұра алмайтындай, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтындай жағдайда махаббаттары шарықтау шегіне жетіп, ақыры үйленіп тынады. Бірақ тез тұтанған махаббат тез сөнеді дегендей, арада жыл өтпей жатып, бұлардың арасында отбасылық кикілжің басталады.
Оған басты себеп: күйеуі Қалдыбайдың үйіне табысын әкелмейтіндігі, онымен қоймай көшеде жолыққан бөтелкелестерін үйіне шақырып, жиналып, арақ ішуі. Табыс деп ер азаматтың табысы да жартымсыз. Қаладағы мекемелердің бірінде күзетші қызметін атқарады, ауысыммен жұмыс істегенде қолына тиетіні-алпыс-ақ мың теңге. Жас отбасының ол қай жыртығына жамау болады.
-Өткен жылы жол апатына түсіп, бір ажалдан қалдым, қаралмаған жерім жоқ. Енді квота күтіп отырмын, Астана қаласына барып, ота жасатуым керек. Бәлкім, басқа ауданға барса, көп танысы жоқ болғасын ішуін қояр деп өзімнің төркініме көшіріп алдым. Екеуміз пәтер жалдап тұрдық, бірақ күйеуім қайтадан бұрынғы әніне басты,-дейді Дамира бұдан әрі әңгімені созудың қажеті қанша деген сыңай танытып. Әбден ширығып, әне-міне, үзілгелі тұрған үміт жібі де үзілген. Ол енді қайта жалғауға келмейді. Өйткені екеуінің махаббаттарының белгісіндей құрсақта бүлкілдеген сәби де шетінеп кеткен. Оның себебін айтып, уақыт алмай-ақ қоялық. Алқа билер кеңесінің сотына қара көзілдірік киіп келген Қалдыбай талдырмаш келген сүйкімді жұбайына жаутаң-жаутаң қарай береді. Тепсе темір үзетін дейтіндей балуан денелі жігіттің әзәзіл арақтың құлы болып, барынан айырылып жүргеніне іштей налисың, бір жағынан аяйсың. Алқа билер сотына да бәлкім отбасымды сақтап қаламын ба деген есекдәмемен келген сияқты. Домбығып ісіп кеткен бет-әлпетінен де улы заһардың сойқанды ізі анық байқалып тұрды. Сонда да «мен сені сүйемін ғой...» деген сөзді айтқанда дауысы құмығып шықты. Бір кездегі құлай сүйген жарына деген сезімі әлі суымағаны сезіліп тұрды, бірақ?..
Ал, Дамира болса, жанбай жатып сөнген махаббаттарын тұншықтырып, өз «үкімін» шығарып қойған. Күйеуіне ешқандай мүмкіндік қалдырмады. «Біздің ортақ баламыз жоқ, сондықтан сотсыз-ақ АХАЖ бөлімі арқылы ың-шыңсыз ажырасуға болады» деп табандап тұрып алды. Біз де көз алдымызда күйрегелі тұрған отбасын сақтап қалудың бар амалын ойластырып, айтудайын айтып бақтық. Тіпті жас отбасында алғашқы жылдары осындай шыныаяқ шылдырлау болып тұрады, ол уақыт өте келе түзеледі, жас жұбайлар бір-бірін түсіну үшін шамалы шыдамдылық қажеттігін айтып, «өз тәжірибемізбен» де бөлістік. Өкінішке қарай одан да түк шықпады. Сонда кімді кінәлаймыз? Бұл жерде екі жастың болашағына балта шапқан әзәзіл арақ екендігі айдан анық көрініп тұр. Әйтсе де, сүйіп қосылған қосағына қиын шақта қолдау көрсетіп, оны түзу жолға салу үшін күреспегені, тіпті талпынбағаны үшін Дамираны да жақтай алмаймыз. Ең бастысы: күйеуі өзін шын сүйеді, қимайды. Шайтан азғырып, адасып жүрген атпалдай азаматтың алдағы тағдыры енді не болмақ?
Н.Ерғалиев